Қазақ және Ресей эстрадасының жұлдызы, әнші Батырхан Шөкенов 53 жасқа қараған шағында Мәскеудегі пәтерінде өмірден озды.
Қазақ өнері орны толмас қазаға душар болды. Батырхан Шөкеновті Мәскеуде соңғы сапарға шығарып салуға Ресей эстрадасының жұлдыздары, қазақстандықтар және қарапайым мәскеуліктер келді.
Батырхан Шөкенов сәуірдің 28-інен 29-ына қараған түні Мәскеудегі өз пәтерінде жүрек талмасынан қайтыс болған. Кешке қарай үйіне келген Батырханның кенеттен жүрегі ауыра бастаған. Өзін жайсыз сезінгені жайында ол көрші тұрған продюсері Руслан Магомедовке хабарлайды.
Руслан Магомедов, продюсер: – Сағат 21:45 шамасында ол маған телефонға хабарласып, кеудесін шаншып тұрғаны туралы айтты. Жедел жәрдем шақырайық деген де ол: «тоқтай тұр, мен дәрі ішіп көрейін», – деді. Бірақ бес минуттан қайта хабарласып, мен медициналық жедел жәрдем көмекті шақырдым. Дәрігерлер келіп көмектесті, өзі аяғын басып жүріп жүрген. Ауруханаға апарамыз деп жатқанда есінен танып түсті. Содан көзін ашқан жоқ.
Батырхан Шөкенов өнердегі алғашқы қадамын саксофон аспабында ойнаудан бастаған. 1988 жылы Мәскеуге «А-Студио» тобымен келіп алғашқы альбом шығарып, бірден аты әлемге белгілі болады. Жеке орындауындағы әндері де тыңдаушының жүрегінен орын алды.
Владимир Миклошич, «А-Студио» тобының мүшесі: – Біздің бауырымыз, әріптесіміз, үзеңгілес жолдасымыз дүниеден өтті. Ол өте дарынды музыкант болды. Өмірдегі көптеген қиындықты бірге кештік. Біз оны ұмытпаймыз. Соңғы сапарға шығарып тұрмыз. Жолы болсын!
Игорь Крутой, композитор:
– Керемет саксофонист, өте дарынды өнер иесі өмірден өтті. Ол өте жақсы адам болды.
«Батырхан Шөкенов бір нәрсені сезіп жүргендей болды, ол үнемі асығып тұрды», – дейді марқұмның жолдастары. Бір жылдың ішінде ол концерттерден өзге Ресейдің өзінде бірнеше тележобаларға қатысып, әрдайым жоғарғы белестерден көрініп жүрді. Соңғы рет Батырхан Шөкенов азаматтық парызын өтеу үшін Мәскеудегі дауыс беру учаскесіне де келген.
Дін Махаматдин, кинорежиссер: – Ол бізге жетіспейтін болады. Иманды болсын! Жаны жәннатта болсын! Аман болса 18 мамырда Батырхан Шөкенов 53 жасқа толар еді. Марқұм Қазақстанда жерленеді.
Авторлары: Руслан Оспан, Тимур Алтынбаев
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/61955-a-shy-aryp-saldy