ҒЫЛЫМҒА АРНАЛҒАН БІР ҒҰМЫР

0
615

1

Бөгембай Әлмаханұлы 80 жаста.

Өмір атты ұлы көште, әр адам өзінше із тастап, керуен тартады. Әуелі ата-ана, бала-шаға деп басталатын адами ғұмыр – ауылым, туған жерім, елім деп өрбіген азаматтық рухта жалғасын табады. Міне осындай өнегелі ғұмыр иесінің бірі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Бөгембай Әлмаханұлының биыл 80 жылдық мерей тойы.
Ақын інісі Темірше Сарыбайев ағасының 75 жылдық мерей тойына мынадай өлең арнаған еді.
Бойыңда туа бітті ар, қанағат.
Келесің жоғыңды да барға балап.
Көсемсіп, кеуде керіп көрген жоқсың,
Төске ұрып, өзіңді – өзің жарнамалап.

Түбі жоқ тұңғиықта тереңімсің,
Елге үлгі – ғылымдағы өрелі ісің.
Аброй биігіне асқақтай бер,
Алланың адалдыққа берері – шін.
Осы өлең жолдары ағамыздың ішкі жан сарайын дәп басып, өмір жолын көз алдымызға елестеткендей болады. Ғибыратты 80 жыл, Ізгілікпен өткен 80 жыл, адалдықпен өткен 80 жыл, үлгі боларлық, үлгі етерлік 80 жыл. Ғылымға арналған бір ғұмыр.

DSC_0273
Бөгембай Әлмаханұлы 1935 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1955 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына түсіп, оны 1960 жылы ойдағыдай аяқтап, агроном-ғалым мамандығын игеріп шығады. Еңбек жолын 1960 жылы Қызылорда облыстық ауылшаруашылық тәжірибе станциясында бастайды. Аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі тб. жауапты жұмыстарды атқарды. 1965 жылы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтына «Мелиорация және суармалы егіншілік» мамандығы бойынша аспирантураға түсіп, 1970 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Жас ғалым институтта жұмысқа қалдырылады. 1968-1977 ж.ж. суармалы егіншілік бөлімінде, ал, одан кейін 2014 жылға дейін жүгері және құмай бөлімінде жемісті еңбек етеді. Кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі сяқты жауапты қызметтер атқарады.
Б. Әлмаханов 50-ден астам жүгерінің келешек будандарын шығарған. Оның ішінде ҚР мемлекеттік реестріне жүгерінің 19 жоғары өнімді будандары енгізілген. Атап айтсақ, Казахстанский 587 СВ, Казахстанский 700 СВ, Казахстанский 705 СВ, Казахстанский 420 СВ, Тұран 559 СВ, Тұран 480 СВ, Тұран 680 СВ, Казахстанский 5 ТВ, Сарыарқа 150 СВ, Целинный160 СВ, Будан 237 МВ, Алтай 250 МВ, Казахстанский 162 СВ, Тұран 150 СВ, Тұран 170 СВ, Казахстанский 435 СВ, Дала аруы 446П және қантты жүгерінің Балшекер 375 сорты бар. Бұл кісінің будандары мен сорттары еліміздің жүгеріге аса қолайлы суармалы оңтүстік аумағынан бастап, суарылмайтын, ауа райы өте қолайсыз солтүстік аумағына да егуге арналған.
Ғылыми жұмыстарын республикамыздың және бұрынғы одақ көлеміндегі ғылыми-зерттеу мекемелерімен қатар, Югославия, Болгария, Қытай ғалымдарымен тығыз байланыста жүргізді.

DSC_0267

Осы мемлекеттерге ғылыми-зерттеу жұмыстарымен арнаулы барып, тәжірибе алмасып, олардың зерттеу әдістерін және жаңа сорттары мен будандарын елімізге әкеліп, Қазақстанның ауа-райы, топырағына жерсіндірді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы ғылымының «қара шаңырағы» саналатын ҚазЕжӨШҒЗИ қабырғасында да Бөгембай Әлмаханұлы әртүрлі қоғамдық жұмыстарға да белсене ат салысты. Әсіресе мемлекеттік тілдің, ана тіліміздің қолдану аясын кеңеитуде, өзінің зерттеу тақырыптары туралы мақалаларды қазақ тілінде жазып жариялап, «қазақ тілі ғылымның тілі емес» дегендерге практикалық тұрғыдан жауап берді. Ағамыздың қазақ тілінде жазған мақалалары расында қазақша ойлап, қазақ тілінде болмыс пен құбылысты түсіндіретін еді. Сонымен қатар еліміздегі ауыл шаруашылығы туралы қордаланған мәселелер жәйлі қомақты ойларды ортаға салып, қоғамдық тақырыптар туралыда белсене қалам тербеген мақалалары БАҚ да жариаланып тұратын. Ол жүгері селекциясы, суару тәсілдері туралы 50-ден астам ғылыми мақала жазып, оларды ғылыми басылымдарға, баспа сөз беттерінде жариялады. Жүгері мен құмайдың 15 буданының патентіне ие. Жарты ғасырға жуық уақыт институтта қызымет еткен ғалым білімділігімен, жайдары мінезімен, қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленіп, үлкен беделге ие болды. Отбасына адал жар, ардақты әке, абыз ата атанған ол жан жарымен бірге 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірді, 9 немере, 4 шөбере сүйіп отыр.
Адамгершілік пен абырой туын әр кез биік ұстаған, құрметке шын мәнінде лайықты Бөгембай Әлмаханұлына мерей тойыңыз құтты болсын дей отырып, бейнетсіз қарттық, мықты денсаулық және әулет қызығына риасыз бөлене берсін деген тілегіміз бар.
С. КЕНЕНБАЕВ
ҚазЕжӨШҒЗИ бас директоры, а.ш.ғылымының докторы, профессор,
ҚР АШҒА және МАҒА академигі, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз