Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылының тұрғындары жанармай құю бекетіне жасалған шабуылдан көз жұмған Үмітжан Мырзабековті соңғы сапарға шығарып салды.
Бұл туралы ТВК арнасы хабарлайды.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын Қараспан ауылындағы жанармай құю бекетіне қарулы шабуыл жасалып, белгісіз біреулер үш адамға оқ атқан болатын.
Оқ тиген үш қызметкердің екеуі көз жұмды. Алдымен 26 жастағы кассир Үмітжан Мырзабеков ауруханада жан тапсырса, 40 жастағы күзетші де басына тиген оқ салдарынан қайтыс болды. Дәрігерлер екі күн бойы күзетшінің өмірі үшін күрескенімен, басынан алған жарақат оның да өмірін қиған.
Қанды оқиғадан көз жұмған Үмітжан Мырзабековтің артында екі кішкентай баласы мен әйелі қалды. Марқұмның жұбайы екі айлық Балнұр есімді қызы мен 4 жасар ұлына енді кімнің пана боларын білмейді.
«Бізге «ГазПромНефть» компаниясының өкілдері келіп, жерлеу рәсімінің шығындарын көтеретінін мәлімдеді. Алайда, өтемақы төлеу туралы әңгіме болған жоқ, көмектесеміз де те уәде бермеді», – дейді Үмітжанның әкесі.
Сол күні түнгі ауысымға Үмітжан емес, аяғы ауыр Ұлданай Ибрагимова шығуы тиіс болған. Бүгінде жүкті келіншек әріптесінің қазасын естіп, өз-өзіне келе алар емес. Егер сол күні Ұлданай кезекке шыққанда, өзімен бірге ішіндегі нәресте де көз жұматын еді.
«Мен соңғы рет ауысымға шығып, кейін декреттік демалысқа кетемін деп жоспарлап отырғанмын. Сол күні Үмітжан мені алмастыратынын, орныма өзі шығатынын айтты», – дейді Ұлданай.
Соңғы деректер бойынша, 2 адам өмірін қиған қарақшылар кассадан 440 мың теңге ұрлаған болуы мүмкін.
Ал оқ тиген тағы бір жұмыскер, 23 жастағы май құюшы жігіт ауруханада әлі есін жиған жоқ.
Дереккөз: Nur.kz