1 мамыр елімізде Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтеді. Бұл мейрам бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде тұрып жатқан 130-ға жуық ұлтты бұрынғыдан да жақындастыра түседі.
Қазақстан – 130-ға тарта этностың қара шаңырағына айналған көпұлтты мемлекет. 1 мамыр мерекесі елімізде 1996 жылдан бері аталып өтеді.
1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы» Жарлыққа қойған болатын.
Сондай-ақ 2001 жылғы 13 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңда елде мерекеленетін мейрамдардың құқықтық мәртебесі белгіленді.
Оған сәйкес елімізде ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелер аталып өтеді. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мемлекеттік мереке болып табылады.
Айта кетсек, биыл қазақстандықтар Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтуде. ҚХА 1995 жылдың 1 наурызында Елбасының бастамасымен құрылған болатын.
Ассамблея қызметі мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыруға, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға және этносаралық қарым-қатынастар саласында мемлекеттік және азаматтық институттардың өзара әрекеттестігінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Дереккөз: BNews. Бизнес сейчас