Көне “шекпенін” қайта киген жаңа үкіметтің 10 кемшілігі

0
354

image005

Иә, күні кеше ғана Президент Назарбаев ҚР Үкіметін отставкаға жіберу туралы шешім шығарғанда бүкіл қазақстандықтар (саясаткерлер, саясаттанушылар, қоғамдық ұйым өкілдері, жалпы қоғам болып) Үкімет құрамында өзгеріс болады деп күткені рас. Алайда, айналасы 2 сағаттың ішінде Елбасы толықтай ескі құрамдағы жаңа Үкіметті қайта жасақтап, преьмер-министрі креслосына Мәсімов мырзаны қайта отырғызғанда, ел не болғанын түсінбей қалғаны да жасырын емес. Құдды түскі асқа, үзіліске шығып, түстен кейін жұмысына қайта кіріскен қызметкердей болды. Не асығыстық? Президенттің бұл ұсынысын әдеттегідей Мәжілістегілер де мақұлдай жөнелді. Бұл шешімдерін олар «қазіргідей кризис (дағдарыс) кезеңінде Үкіметті ауыстырудың еш қажеттілігі жоқ», деп түсіндірді. Мүмкін солай да шығар?!

Алайда біздің жаңа-ескі Үкіметті еш кемшіліксіз, мұнтаздай деп айтуға келмес, сірә. Сонымен 30 сәуір күнгі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысы бойынша қайта жасақталған,  тозығы жеткен шапанын қайта киген жаңа Үкіметтің он кемшілігін тізбелеп көрелік.

  1. 2015 жылдың наурызынан бері Қазақстанның 5 бірдей облысында, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, ШҚО және Солтүстік Қазақстан облыстарында тасқын жүріп, жүздеген ауыл, қала, мыңдаған үй судың астында қалғанда біздің ІІМ-ТЖМ не бітірді?

Осы ретте Елбасы: «Көктем кезіндегі төтенше жағдайларды жоюға жұмылдырылған барлық мемлекеттік құрылымдардың жұмысы ерекше бақылауға алынды. Бірде-бір адамды мемлекет көмексіз қалдырмайды», – деген болатын. Соған байланысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев және Ішкі істер министрінің орынбасары В.Божко, Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурс­тары комитетінің төрағасы И.Әбішев мырзалардың назарына!

Жалпы, су басқан облыстардағы қазіргі жағдайды сараласақ, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 186 үйді су басты, қазіргі уақытта 179 үйден су сорып шығарылды. Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысында су басқан 82 үйдің 40-ынан су сорылды. Бір ғана Қарағанды облысында су басқан 2030 үйдің 1037-сінен су кеткенімен 56 үй қирады. Барлығы 2298 үйді су басып, оның 1256-сынан су шығарылды, ал 1042 үй су астында қалып отыр. Ал біздің ІІМ құрамына қосылған бұрынғы ТЖМ басшысы, ІІМ орынбасары Божко бастаған команда халыққа СМС жазумен шектелді. Түсінікті, климат! Алайда, қалың жауған қар еритін болғандықтан, алдын ала дабыл белгісі неге қағылмаған? Қарағанды облысынын бір ғана Теміртау қаласында дабыл белгісі қағылғанда, басқа аудандарда жоқ. Мұның алдын алу шаралары жоқ па?

  1. Түркістан, Алматы, Тараз қалаларында қара базарлар, сауда орталықтары арты-артынан өртке оранып жатқанда Төтенше жағдайлар департаменттері дәрменсіздік танытып жатады. Мысалы, Түркістандағы базар өртенгенде өрт сөндірушілердің 4 мәшинесі өртті 4 сағат жүріп әзер ауыздықтаған. Күне кеше ғана Алматыдағы «Адем» сауда орталығынің 25 мың шаршы метрі түгелдей өртеніп кеткенде өрт сөндірушілер таңға дейін алысқанымен, базардың күлі көкке ұшты ғой. Бір ғана Алматыда, жылына ондаған базарлар өртеніп жатыр. Осы базарларда нәпақасын тауып, отбасын асырап отырған қара халық қой. Олардың өтеуін кім төлейді? Осындайда ТЖД неге дәрменсіз?
  2. Минусы көп министрлік – ДСӘДМ (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму мнистрлігі). Маңғыстау облысында оқушылар қызылшаға қарсы екпеден кейін жаппай естерінен танып, сұлап түскенде оқушылардың барлығына бірдей «екпеден кейінгі реакция» деген диагноз қойылған. Жаңаөзенде 30 бала ауруханаға түсіп, 8 бала жансақтау бөлімінен бірақ шықты. Кейін белгілі болғандай, бұл екпе Үндістанда шығарылған болып шықты. Дәл осындай вакцинациялаудан кейін, ШҚО, Астана және Теміртау қалаларында да оқушылар мен студенттер ауруханаларға түскен болатын. Ал сіздің Үкімет – балалары ауруханаға түскен ата-аналарға қолдау білдірудің орнына, екпеден бас тартқандарды жазалау керек деп шықты.
  3. Ақмола облысынын Калачи ауылында «ұйқы ауруы» пайда болып, бүкіл ауыл ұйқыға кетті. Құзырлы мекемелер, экологтар, токсикологтар, вирусологтар зерттеу жүргізгенімен нәтиже жоқ. Ауыл тұрғындарын көшірді, басқалары өздері қашып кетті т.с.с. Ондаған тұрғын үздіксіз ұйқыға батқанда біздің қолдан келер шара не?
  4. Солтүстік Қазақстан облысында 550 миллион теңгенің астығы қар астында қалды. 93 мың гектар алқаптағы 144 мың тонна астық орылмай қалды. Дәл осындай жағдай Қостанай облысында орын алғанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі қадағалап, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мамытбеков мырзаға төте сұрақ қойғанда Асылжан Сарыбайұлы ләм-мим дей алмады. Сонымен қатар, Ресейге экспортталатын Қазақстандық ет өнімдері де тұралап тұр.
  5. Қазақстан Тәуелсіздігін алған жылдардан бері қарай ҚР Білім және ғылым министрлігін он бірдей министр тізгіндегенімен, шешілген түйін шамалы. Жаңа мнистр – жаңа реформа. Бұл министрліктің былығы мен шылығы жетерлік.

6.1. Орта мектептерде оқулық жетіспеушілігі.

6.2. Оқушыны шарасыздыққа итермелейтiн ҰБТ-ның қажетi бар ма? Оқушалар арасындағы суицид көрсеткішінің артуыне ҰБТ себепкер ме? Тест сұрақтарындағы сорақылықтар.

6.3. Қазақ мектептеріндегі орыс әдебиеті пәнінің бір ретке келтірілмеуі.

  1. Мектеп бітіруші түлектерге ЖОО гранттарының бөлінуі. Қазақ тілділерге 50 пайыз, орыс тілділерге 50 пайыз. Мектеп бітірушілердің ішінде орыс тілділердің саны аз болғандықтан, оқушылардың барлығы дерлік ЖОО гранттарына ие болады. Ал қазақ тілді мектеп бітірушілердің саны екі есе көп болғандықтан, абитуриенттердің тең жартысы ЖОО-на түсе алмай қалады.
  2. Студенттерге жатақханалардың жетіспеушілігі де әлі күнге шешімін таппай келе жатқан мәселе болып табылады.
  3. Соңғысы, күні кеше ғана Алматыда екі бірдей мемлекеттік театрдың директорлары ауысты. Алматыдағы М.Әуезов театры мен Ғ.Мүсірепов театрының директорлары. Әкемтеатрға жаңа басшы болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Ерлан Біләл тағайындалса, Ғ.Мүсірепов театрына белгілі продюсер, режиссер, актер Сәбит Әбдіхалықов басшылық қызметке келді. Әлеуметтік желі қолданушылары мен қоғам белсенділері бұл ауыс-түиісті түрліше бажайлауда. Қос бірдей азамат та театр саласында көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқанымен, бұл орындарға лайықты басқа да азаматтар бар емес пе еді?! Жә, Мұхамәдиұлы Үкімет отставкаға жіберілетіннен бір күн бұрын тетар басшыларын ауыстыруының себебін түсіндірмеді.
  4. Айтпақшы, желтоқсанның ащы шындықтарын суреттеген «Аллажар» фильмінің режиссері Қалдыбай Әбенов науқастанып жатып, халықтан көмек сұрағанда министр Мұхамәдиұлы «Қалдыбай екеуміз жақсы араласқанбыз. Мен оны жақса танимын»,-деп үй алып беруге уәде еткені әлі күнге дейін елдің есінде. Нәтижеде үй де жоқ. Басқа да жоқ.

Мәсімов мырза басқарып отырған ескі-жаңа Үкіметте бұдан да басқа кемшіліктер, түйіні шешілмей тұрған түйткілді мәселелер жеткілікті. Енді Елбасы сенім білдіріп, Мәжіліс мақұлдап, қайта орынтағына орытған Мәсімовшиналық Үкімет алдағы бес жылда осы мәселелерді қолға алса, халық үдесінен шығар еді. Бірақ…

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Сурет: primeminister.kz

“Қамшы” сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз