Өзбекстанның халықаралық мәдениет орталығының шақыруымен халықаралық жиынға қатысып едік. Шет елдермен байланысты шараның бәрі жоғары деңгейде өтеді ғой. Бірақ ең бастысы өзбек елінің өзбектігін сақтап, ұлттық болмысын жоғалтпағандығына куә болдық. Кеңес Одағынан бөлінген халықтардың бәрі бір кезеңде тәуелсіздігін алғанымен, батыстың рухани құрсауында қалып, моральдық жағынан тәуелді боп қалған елдер бар. Соның бірі — біздің ел. Аталған шара алдыңғы жылы Алматыда өткен болатын. Сонда біздің жастар батыстың әнін айтып, соның әуеніне билеген болатын. Шет елдік бір өнерпаздың қазақша домбырамен ән айтқаны болмаса, жиын қазақ жерінде емес, Еуропада өтіп жатқандай әсер қалдырып еді. Ал өзбектер ұлттық киімін киіп, өзбек биін биледі, дутармен халық әнін шырқады. Орысша сөйлеген өзбек кездеспеді. Бізбен ғана орысша тілдескені болмаса, өзара өзбек тілінде сөйлесті. Бүкіл Ташкенттен өзбектің рухын сездім. Мекемеде, көшеде, тіпті базарда да өзбек тілінде сөйлеген халық. Қонақүйдің теледидарын қосып едік, канал тек өзбекше хабар таратты. Шет елдің, тіпті Ресейдің каналдары мүлдем көрсетілмейді екен.
Бүкіл Ташкенттен бірде-бір орыс сөзін естімейсіз. Тап-таза, кең көшелердің жағасы жасыл құрақ, сылдыраған бұлақ. Көшеде шет ел тауарын жарнамалайтын қаптаған жарнама да жоқ. Кірпік бояғыш, кофе, мотор майы, не болса соны жарнамалайтын Алматының көшелері есіме түсті. Алматыда қоғамдық көліктің сыртына суретін салмаса, ешкім алмай қоятындай, тіпті келіншектердің қастауыш пен шаш бояуына дейін автобус, троллейбустардың сыртында ғой. Ташкенттен әлем-жәлем көлік көрмедік. Қала тұрғындары көрінген жерге қақырып-түкіріп, қоқыс тастап жатқан емес. Көшелер мұнтаздай.
Өзбек астанасының сәнін келтіріп тұрған тек бұл ғана емес, жастардың киім киісі мен жүріс-тұрысы да әсем шаһарға лайық екен. Ташкент көшелерінде құшақтасып тұрған қыз-жігітті де көрмедік. Белін ашып жүрген бойжеткен жоқ. Бұның бір себебі, АҚШ, Еуропа бұқаралық ақпарат құралдарының елге енгізілмеуінде. Бар пәле солардан ғой. Талай жылдан бері біздің арналардан тәнінің әр жерін көрсетіп, шашын жайған, ұсқынсыз шет ел әншілері тынымсыз көрсетілуде. Олардың үнтаспалары, видеоклиптері Қазақстанға нөпір боп тасылды. Мәселен, Бритни Спирс деген кіндігіне темір тағып алып, аяғын көтеріп, талтайып, неше түрлі сорақы қимылдармен билейтін әншісымаққа қазақтың қаншама жас қызы есі кетіп еліктеді? Бритни сияқты болғысы кеп, қарнын ашып, көшеге шықты.
Белді көрсетіп жүру ауруы қала жастарына мода болғаны сонша, наурыз туып, күн жылына сала көшеге кіндіктерін көрсетіп шыққан қыз-келіншектер қараша түсіп, күн суытқанша белін жаппауды әдетке айналдырған. Батыс каналдарының тәрбиесі нәтижесінде неше түрлі сорақы көріністердің орын алып жатқанын әркім біледі. Тіпті, кілең жасы 40-50-ден асқан ағалар істейтін білдей мекеменің қызметкер қыздарының жылтыратып белін ашып жүрулері тіпті масқара емес пе?
Ташкенттің жастарымен кездескенде нағыз таза ортаға тап болдық. Шетінен ибалы, ұлдары әдепті. Сәлима есімді қыз Жоғары оқу орнында мұғалім екен, Ташкентті аралағанда қасымызда гид боп жүрді. Ташкент мұнарасын тамашалауға бара жатқанбыз. «Мынау қай көше?» деп сұрағанымда, «Бұл — Абай көшесі» деді Сәлима. Сонымен Ташкенттегі Абай көшесімен жүріп келеміз. Мен Сәлимамен әңгімелесе келе, оның атасының жазушы болғандығын білдім. Атақты «Науаи» романын жазған Қадыровтың немересі екен. «Атам қазақ жазушыларымен жақсы араласатын. Қазір халықтарымыз арасындағы рухани байланысбәсеңдеп қалды ғой» деді Сәлима.
Мен өзбек зиялыларының қазіргісі туралы сұрадым. «Жазушыларға Кеңес одағы кезіндегідей жағдайды қазір ешкім жасамайды. Бірақ жастар кітап оқиды, талапты» деді жазушының немересі. Өзбек елінде тәртіп барлық салада орнаған. Мысалы, ЖОО-да тек білімге құмар, еңбектенетін, ізденгіш жастар ғана оқиды. Емтиханнан жеткілікті балын жинай алмаса, оқудан шығарылады екен. Сабақтан қалу, кешігу деген атымен жоқ. Оқымайтын жалқаулар зачет-емтиханды таныс арқылы немесе ақшамен сатып алу деген бейшара күйге өзбек жастары түспепті. Кадр сапасыздығы деген мүлдем айтылмайды. Әрбір өзбек жасы бірнеше шет тілін меңгерген, ең бастысы өз тілінің мәртебесін биікте ұстайды. Шет елде оқимын деген жасқа жол ашық.
Сөйтіп, кеше ғана Кеңестік бір шаңырақтың астында бірге болған өзбек елінің бүгінгі келбетін көзбен көрдік. Көрдік те, «Ташкенттегі Абай көшесі данышпан атын ақтап тұр екен» деген ой түйдік. Өйткені, ол көшемен иманын бойына сақтаған жастар жүреді.