Алматыда көлік өртегіштер қайтадан пайда болды

0
430

 

Алматыда көлік өртегіштер қайтадан пайда болды. Бұл жолы қаскөйлер екі машинаға от қойған деп хабарлайды КТК арнасы.

колик ортегищштер 1

Түгі қалмай өртенген көліктер ешкімге де кедергісін тигізбей, көше бойында қаңтарылып тұрған. Бұзақылар бұған дейін де жүргізушілерді зар қақсатқан болатын. Былтыр 5 бірдей машинаны өртеп қашқан. Көптен бері ұстатпай жүрген күдікті ақыры қолға түсті. Жұрттың көлігіне қырғидай тиіп жүрген жүгермек жас қыз боп шықты.

Жүргізушілердің үрейін туғызған, қара киінген белгісіз біреу көліктерді бірінен соң бірін өртеген. Ал ең соңғы өртенген көлікті, қаскөй ендігі жарамастай етіп жанармай құйып жандырып жіберіпті.

Қатты жарылыстан шошып оянған жұрт далаға қарай тұра қашқан. Алаулап жанған көлікті көріп, су шашып сөндірмек болыпты. Бірақ өшірмек түгілі, жанына да жолай алмады. Жан-жақты шарпыған алапат өрт қасындағы көлікті де күл-талқан еткен.

Евгений Махониннің осымен екінші көлігі өртеніп кетті. Өткен жылы жазда ол су жаңа “Тойотасынан” айырылған. Ал түнде алаулап жанған “Матизды” Евгений әлі айдап та үлгермепті.

“Тарс еткен дыбысты естіп жүгіріп шықтым. Бірақ, бәрі кеш еді. Көлікті құтқара алмадым. Жақында ғана сатып алған едім. Енді жаяу қалдым”, – дейді жәбірленуші Евгений Махонин.

Жайымен тұрған көлікті өртегіштер қалада былтыр жазда пайда болған. Ол кезде қара киінген әлдебіреу бейнебақылау камерасына түсіп те қалған. Оның жанармай толы ыдысын автотұраққа сүйретіп әкеліп, артынша қаңтарылып тұрған көлікке шашып жүргені анық көрініп тұр.

Осылайша өткен жылы бес көлік өртенді. Полиция биылғы оқиғаға байланысты ұсталған 20 жасар қыздың былтырғыға да қатысы болуы мүмкін дейді.

“Бөтен адамның мүлкін қасақана жою ісіне қатысы бар азаматшаны құрықталды. Ол сол Алмалы ауданының тұрғыны болып шықты. Былтыр төрт бөтеннің автокөліктерін қасқана жандыру фактісі орын алған. Бұл кісі алдын ала болжамымыз бойынша осы фактілерге қатысы бар”, – дейді Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Көшедегі көліктерге қырғидай тиген бойжеткен жанармайдан бөлек газ баллондарын да өзімен алып жүріпті. Қауіпті жарылғышты ол жүк салғышқа қыстырып барып, от қойған. Қыруар шығынның орны толтырыла ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Өйткені алауға жақын арудың есі ауысқан болуы мүмкін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз