Күллі әлем тағамды бір мөлшерде пайдалану керек. Италияның Милан қаласында өтетін ЕХРО-2015 көрмесінің басты қағидасы осындай.
Ұраны – «ғаламшарды асырау, өмір сүру энергиясы». Әлемдік азық-түлік түйткілдерін шешу үшінҚазақстан да барынша үлесін қосуда. Біздің еліміздің павильонында азық-түлік теңсіздігімен күресу идеялары кеңінен ұсынылған. Мамандардың айтуынша, халықаралық көрмеге 20 млн-ға жуық қонақ келмек. Олардың арасында тек саяхатшылар емес, мемлекет басшылары да бар.
Алдағы жарты жылда ЕХРО-2015 қатысушылары жаһандық азық-түлік мәселесін шешуге тырысатын әлемдік алаңға айналмақ. Миланда 5 жылға жуық дайындалған көрмеге 145 ел қатысады.
Маттео Ренци, Италияның премьер-министрі:
– Болашақ бүгіннен басталады. Біз ғаламшарды асырап, аштықтан көз жұмып немесе тамақты шамадан тыс пайдаланатын миллиардтаған адам арасында тамақ теңсіздігін жоюмыз керек.
Рим Папасы Франциск:
– Құрметті бауырлар, ЕХРО – ынтымақтастықты жаһандастыруға жол ашатын үлкен мүмкіндік. Сол себепті бұл маңызды іске аса мән берейік. Әсіресе ғаламшарды асырау қазір өте түйткіл мәселеге айналды.
ЕХРО-ның басты бөлігі – 50-ден астам мемлекет ашқан ұлттық павильондар. Қазақстандық павильон да қонақтарды қымызбен қарсы алады. 2 мың шаршы метр жердің басты ерекшілігі – Қазақстанның әсем табиғат көрінісі мен еліміздің ең маңызды азық-түлік көзі – бидай алқаптары.
Роберт Мюллер, EXPO-2015 көрмесінің қазақстандық нысанының құрылысы бойынша атқарушы директоры:
– Бұл павильонның құрылысына 1,5 жылдай уақыт кетті. Алайда қазақстандық павильон көрмедегі ең үздік жобалардың бірі. Заманауи технологиялар қазақ елінің күллі тарихын оның ауылшаруашылығы арқылы жеткізуге мүмкіндік берді.
ЕХРО-2015 1 мамырдан 31 қазанға дейін ашық болады. Дүниежүзілік көрме аясында 7 мыңнан астам түрлі шара өтпек. Ондағы мақсат – барлық елдердің заманауи технологияларын пайдаланып, әлемдегі азық-түлік теңсіздігін жою.
Авторлары: Жанар Байқоңырқызы, Диана Алишева