Ұлт мүддесін қорғайтын САЯСИ КҮШ ҚАЖЕТ ПЕ?

0
535

ULT-MUDDESI

ДАТ!

Дүйсенбі күні «ДАТ» баспагерлік жобасының ұйымдастыруымен  «Ұлт мүддесін қорғайтын саяси партия қандай болуы керек?» деген тақырыпта дөңгелек үстел басындағы мәслихат өтті. Онда ұлт мүддесін қорғайтын партияның Қазақстан қоғамында қажеттілігі туды ма; ұлт мәселесін көтеру мақсатында бұрын құрылған, бірақ биліктің қысастығымен тіркеуден өтпеген партиялардың жұмысын жандандыру мүмкіндіктері қандай деген сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғалды.

Ермұрат БАПИ:

– Әлбетте, Қазақстанда ұлттық негізде партия құруға заң тұрғысында тыйым салынған. Ол түсінікті: біздің ел – Конституция бойынша зайырлы мемлекет саналады. Дегенмен, қоғамда қордаланған «қазақ мәселесімен» тікелей айналысатын және ол мүддені мемлекеттік биліктің алдына табанды түрде қоя алатын саяси күшке деген қажеттілік бұған дейін де өткір мәселе болып келген. Ал мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлау науқаны барысында ұлттық мүддені ту еткен ешбір саяси құрылым өз тарапынан үміткер ұсына алмауы – елдегі ұлттық мәселемен түбегейлі және жан-жақты айналысатын саяси күштердің тапшылығын тағы бір рет айқын сездірді.

Біз газет редакциясына елге танымал саясаттанушылар мен қоғамдық сарапшыларды шақырып, осы төңіректе сөз қозғағанда, ең алдымен Қазақ мемлекеті үшін ұлттық рухты ту ете алатын саяси-қоғамдық құрылымға деген қажеттілік бар ма деген сауалға жауап іздегіміз келді. Әлде біздің елде бұл мәселемен мемлекеттік билік, ресми өкіметтік құрылымдар айналысар болса, үй ішінен үй тігудің қажеті жоқ па? Сіздерден осы тұрғыдағы ой-жоралғы күтеміз.

 

Әбдірашит БӘКІР,

философ-публицист:

– Мерзімсіз өткен президенттік сайлау науқаны барысында үміткерлер қатарында Жарылқап Қалыбайдан басқа бірде-бір кандидат болмады. Бірақ солай бола тұрса да, халықты ұлттық мүдде тұрғысынан Қалыбай мырзаға қол қоюға үндесек, ел арасында бізден қашатын жағдай көп кездесті. «Ешкімге де қол қоймаймыз, ол тіпті ұлттық мүдде тұрғысынан болса да, басқаны да қолдамаймыз» деген апатиялық көрініске тап болдық.

Дәл осындай жағдайда сайлау да  өтті, 97,7 пайызбен Назарбаев жеңіске жетті, ал сайлаушылардың дауыс беруге қатысу деңгейі 95%-ға жетіпті-мыс. Осы жағдай нені білдіреді? Ең алдымен бүгінгі жүйе өзін-өзі ұйымдастыру тұрғысынан алғанда, толыққанды субъектіге айналған. Тіпті президенттің өзі осы ойыннан тыс қалған сияқты. Жүйе өздерінің қауіпсіздігінің кепілін сақтап қалу үшін, барлық күшін осы сайлауға жұмсап, дегендеріне жетті.

Бірақ осы арада ұлттық мүддені қорғаймыз деген мәселе көтерілетін болса, ондай талпыныс қандай кедергіге тап болады деген заңды сұрақ туады. Біріншіден, халықтың апатиялық жағдайы, саясатқа деген бейсаясилығы, тұрмыс-жағдайының қиындығы қандай да партия құруға деген белсенді әрекет жасауға ешқандай мүмкіндік қалдырмай отыр.

Енді не істеу керек, осылай үнсіз отыра береміз бе? Әлде сырттан көмек сұраймыз ба? Шын мәнінде, қоғамдағы зиялы қауымның дені бүгінгі жағдайға «риза емес». Демек, оларды бүгінгі жағдайда қалай өмір сүру мүмкіндігін білетіндер деп қабылдауымыз керек. Яғни, халықтың тұрмыс-жағдайы тығырыққа тірелген кезде шарасыздықтан қалай шығудың жолын саяси күштердің көмегімен де іздестіру мүмкіндігін қолдан жібермеуіміз керек.

 

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ,

журналист, президенттікке экс-үміткер:

– Шынында да, ешкімге ешнәрсе керек емес жағдайға тап болдық. Самарқаулық пен немқұрайдылық, «осы күніме де шүкір» деген психология жұрттың бойын билеп алған. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылына жуық уақыттың ішінде «әуелі – экономика, сонан соң ғана саясат» деген саясаттың жемісі осы мерзімде жұртты өзімшілдікке үйретті, қоғамда  материалдық құндылық алдыңғы орынға шықты да, мемлекетшілдік, азаматтық сананы жойып жіберді. Құдай бетін ары қылсын, ел басына күн туса, суырылып шығып, елін қорғайтын патриотты таба алар ма екенбіз? Өйткені ұлттық түгілі, адамзаттық-рухани дүниесі күйзеліске ұшыраған елдің алдына пысықайлар шығып, билікке қол жеткізді, елі, ұлты үшін олардың ешқашан жаны ауырмайды. Олардың мақсаты – қарақан басының қамы мен отырған орынтағын сақтап қалу.

Елдің болашағына шын алаңдайтын жанашыр азаматтар бар, бірақ әрекет жоқ. Азаматтық қоғам құра алмадық, тіпті үкіметтік емес деген қоғамдық ұйымдардың өзі – жалған. «Мемлекеттік тіл» мен өткен жылы құрылған «Қазақ Ұлттық кеңесінің» аты дардай болғанымен, тындырған ісі жоқ. Үкіметтен тендер алуға мүдделі ұйымның басшысы «өз қолын өзі кесе» ала ма? Халықтың ішіндегі буын шығарып, біраз уақытты созып келе жатыр. Ұлттық мәселеге келгенде, азаматтардың басы қосылмайтын жағдайға жеттік.

Біз батыр елдің ұрпағымыз деп мақтанамыз, бірақ  «қатын ел» болып шыға келдік. Марқұм Нұрболат Масанов жазған екен: «Қазақ ұлты әйел жынысты, күйеуі сабаса, үй ішінде айқай-шу шығарғаннан басқа белсенділігі жоқ», – деп.  Ер түріктік намысымыз қайда қалды? Сондықтан қазаққа ұлттық мүддені қорғайтын мемлекетшіл партия құрылуы керек.

 

Ғабиден ЖАКЕЙ:

Бердібек Соқпақбаев атындағы қордың президенті:

– Біз, шынында да, қазақтың ұлттық мүддесіне жанашыр партия құра алмадық. 2011 жылы «Ұлы дала» деген қозғалыс, былтыр «Қазақ Ұлттық кеңесін» құру кезінде басы-қасында жүрдім. Осы кеңестің құрамына қазаққа танымал азаматтар кірді. Бірақ осы ұйымның жұмыс жүргізуіне Мұхтар ағамыздың (Шаханов – Ред.) өзі жол бермей отыр. Бір жарым жыл ішінде ешқандай іс атқара алмай, елдің алдында ұятқа қалған жайымыз бар.

Билік бүкіл елді айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп отыр, сондықтан бізге елді тығырықтан шығаруға үндейтін бір күш керек. Халық та көш бастайтын бір ұйымды күтіп отыр, ол үшін ең алдымен қаржы көзін табуымыз керек. Қаражат болса, алыс ауылдағы мықты азаматтардың басы қосылар еді.

Дегенмен де,  қазақтың  таза ұлттық партиясын құру мүмкін емес, ядросы – қазақ болса, айналасында елімізді мекендеген ұлыстардың үлесі арқылы құрылған партия құрғанымыз жөн сияқты. Осы күнге дейін  «Ұлы дала», «Қазақ Ұлттық кеңесі» сияқты бірнеше ұйымды құрғанымызбен, нәтижесінде  орға қалай келіп күмп еткенімізді білмей қалдық. Ұлтшылдар біріксе, үлкен күшке айналатынынан жоғарыдағылар қорқады.

Кеше ғана өткен президенттік сайлаудың нәтижесі қоғамның тығырыққа тірелгенінің белгісі: халықаралақ түсінікте тоқсан пайыз диктаторлардың саны деп аталады. Осы жағдайды көріп тұрып, үнсіз отыруға болмас, бірігетін кез жетті. Халық та жалықты – сайлау өтіп жатыр ма, жоқ па –  шаруасы жоқ, өзінің күнделікті шай-суына ғана алаңдайды. Осындай әділетсіздіктен құтылу үшін бізге қандайда бір саяси күштің қажеттілігі туған сияқты.

 

Даурен БАБАМҰРАТ,

«Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі:

– Тарихты сараласақ, қазақтар ұлттық бағыттағы бастаманы үнемі қызу қолдаған. Патшалық Ресейге отар болған кездегі  Кенесары хан бастаған ең ірі ұлт-азаттық көтерілісті қазаққа танымал болған күйші Тәттімбет, Абайдың әкесі Құнанбай қажы қолдағанын білеміз. Мұхаметжан Тынышбаев   көтеріліс хақында  егжей-тегжей жазып кетті. Оның бер жағында «Алашорда» таза ұлттық бағыттағы партия болды, небәрі үш-төрт жыл өмір сүрген партия  халықтың қолдауына толықтай ие болды. Ал жиырмасыншы ғасырдың соңында, 90-шы жылдары құрылған «Азат» қозғалысын да халық қолдады.

Сондықтан ұлттық бағыттағы кез келген қозғалыс, кез келген партияны қолдауға қазақ бейім ұлт. Алайда ұлттық бағыттағы партияның құрылуына билік те, қоғам да қарсы. Себебі мұндай бастама ешкімнің  жоспарында жоқ дүние. Билік демократиялық бастама көтерген  қозғалыстарға, жеке тұлғаларға кедергі келтірмеуі мүмкін, ал шынайы ұлттық бағыттағы мәселе көтеретін ұйымға да, партияға да  ешуақытта мүмкіндік бермейді. Өйткені ол өте қауіпті мәселе. Сыртқы мүдделі топтар да  қарсылық білдіреді: ондай ұйым құрылатын болса, қазақтың қазба байлығы қайтадан бөліске түседі деп қорқады. Ұлттық бағыттағы партия құру – тек қана қазаққа қажет!

Ал іс жүзінде тарихта кез келген мемлекеттегі ұлттық партия жеңіске жеткен емес. Егер саясаттанудың классикалық жолымен пайымдайтын болсақ, бастаманы элита, зиялы қауым көтеруі тиіс. Олар таза қазақ ұлтынан шыққан элита болуы керек. Ал бүгінгі таңда қазақ элитасына өкпеміз қара қазандай болып отыр. Ұлттық мәселені түсіндіруге білімі мен біліктілігі жетерлік, балалары қазақ мектептерінде оқитын, қазақша сөйлейтін, қалтасында қаржысы бар азаматтардың қатары бар. Бірақ олардың ұлттың мәселесімен айналысуға құлқы жоқ.  Себебі мұнайдың байлығы аз қазақтың қолын жетістікке жеткізгенімен, көп қазақтың маңдайына сор болып бітті. «Элита» деп жүрген азаматтардың да өз көздегені бар: жоғалтары көп – бәрі сол байлықтан айырылып қалу қаупінен қорқады, азын-аулақ нәпақасын малдануда. Сондықтан бүгінгі элита халықты көтеруге дайын емес.

Элита көтерілмесе, қара халықтың бірнеше рет ереуілге шыққаны бар мәселені шешпейді. Қазаққа жаны ашитын, еркектік намысын жоғалтпаған, тарихтан нәр алған, қаржысы бар азаматтар ұлтшылдардың басын біріктіріп, ұлттық бағыттағы партия құруы керек. Азын-аулақ қаражатпен де елді лап еткізіп көтеруге болады. Алайда ондай белсенділік тез жанып, тез өшетін отқа салған қағаз іспеттес. Бүгінгі таңда негізгі тағанды ұстап тұратын, қолында – материалдық, бойында – интеллектуалдық болмысы бар азамат жетіспей тұрғаны өкінішті.

 

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ:

– «Ұлттық» деген түсінік – «ұлтшылдық» емес екенін ескерте кетейін. Оның Франциядағы нацистік партияға ешқандай ұқсастығы жоқ. Өркениетті 26 озық елдердің қатарын 90 пайызды ұлттық мемлекеттер құрайды. Ұлтты жұмылдыра білгені үшін озық ел болып отыр.

Қазақ халқын бірде-бір саяси партия біріктіре алған жоқ. Ұлттық-демократиялық партия құрамыз дегенде, ең алдымен қазақ ұлтын біріктіретін мемлекетшіл партия жасақтауымыз керек. Ұлттық, саяси, рухани, әлеуметтік тоқыраудан шығаратын, қазақты саяси ойынға қосатын ұйым керек.

Елді демократиялық жолға бағыттайтын ұйым ешуақытта ұлтшыл партия болып саналмайды. Елдегі 70 пайыз қазақтың маңына қалған 30 пайыз ұлысты топтастыратын ұйым – бүгінгі күннің сұранысы дер едім.

 

Әбдірашит БӘКІР:

– Әлемде моноұлттық және полиэтностық көпұлтты мемлекеттер бар. Қазақстан полиэтностық елге жатады. 130 деп айтпай-ақ қояйын, негізінен шешуші фактор ретінде қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр ұлты есепке алынады. Дәл бүгінгі уақытта  Кенесары хан бастаған ұлттық форматтағы партия құру қазақтардың өзіне тиімсіз. Өйткені ондай ұлттық партияның қолында ресурсы жоқ. Екіншіден, ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда,  қазақ ұлтының ғана емес, мемлекеттің мүддесін, болашақ ұрпақтың өмір сүретін ортасын ойлауымыз керек.

Сыртқы формасы жағынан «ұлттық мүддеге» негізделген, ішкі мазмұны жағынан – азаматтық-мемлекетшіл партия болады. Сайлауда дауыс берген соң Назарбаев: бұдан кейін экономиканы, қоғамды, саяси реформаларды дамытуды қолға аламыз, қоғамда толеранттылықты, ашықтықты дамытамыз деді. Осы сөзіне қарағанда, өзі құрған жүйе өзіне қарсы тұрғаны байқалады: халыққа уәде берердің алдында осыны ескере ме екен президенттің өзі? Ширек ғасырлық билікте елдегі бар мәселе тек өзіне ғана келіп тірелді,  шешімді өзі шығарады…

Қаражат көзі (ресурсы) мол, күшті, болашақта ұлттық мүддені қорғайтын партия құру үшін, ең әуелі ұлттық мүдде деген не екенін анықтап алуымыз керек. Қарапайым қазақ бұл түсінікті ұлтшылдар деп қабылдап, ұлттық мүдде мен ұлтшылдар арасында тепе-теңдік белгісін қояды, әрі оны  фашистік ұлтшылдармен теңестіруі әбден мүмкін. Шынында, осы екі түсініктің айырмасы жер мен көктей. Ұлттық мүддеге қызмет ететін адам ешуақытта ұлтшыл болып қалмайды. Ол ең алдымен – мемлекетшіл, азаматтық ұстанымына берік  адам.

 

Тазабек СӘМБЕТБАЙ,

Жалпыұлттық социал-демократтар

партиясы Жастар қанатының жетекшісі:

– Біздің партиямыздың мақсат-мұраты, саяси бағыты бойынша мемлекеттік мәселеде интернационалдық ұстанымды ту еткенбіз. Десек те, қазақ елінің алтын қазығы, ұлтымыздың мүддесі біз үшін жат мәселе емес. Шынайы ұлттық-демократиялық мүддеге қатысты ой-пікірді тыңдау маңызды. Ұлт мүддесі шынайы патриоттарды алаңдататын мәселе, бүгінде қазақ қоғамның даму кезеңінде ұлттық демократиялық бағыт ұстануы  өзекті, қазақ қоғамының сұранысына ие. Тіпті қоғам да өзгеріске дайын десек болады. Алдымызда экономикалық, әлеуметтік сын сағаты күтіп тұр: дағдарыс та шырқау шегіне жетер кезеңге тап болып тұрмыз.

Осы сәтте елдің арасындағы әр алуан көзқарастар теке-тіресіп, халықтың жағдайын әсіре ұлттық мүддеге қатысты бастама көтеруге алып келеді.

Осы мәселені талқылап отырған азаматтардың алғашқы сараптамалық пікірлеріне ден қойсақ, бүгінгі таңда ұлттық мүддеге билік өз тарапынан оңды көзқарас танытпасы анық, тек қана кедергілер жасайды. Кеше ғана өткен президенттік сайлауда белгілі бір азаматтардың президенттікке ұсынылуы билікке үрей әкелгендей болды, азат ойы бар, азаматтығы мықты үміткерлер орта жолдан қағылды. Бұл – биліктің ел ішіндегі жағдайды ескере алмай отырғанын білдірсе керек. Осындай жағдайда мемлекет пен қазақтың мүддесін жоғары қоятын идеяларға кедергі келіп жатса, бәлкім, басқа бір айлаға көшкен жөн сияқты.

Мәселен, ресми тіркеуі бар Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жанында ұлттық мүддені ту еткен патриоттар шоғырланатын болса, ұлт мүддесін, Тәуелсіздігімізді қорғауға арналған алаңды еркін пайдалануға болар еді деген ойым бар. Осы мәселені неге қаперімзіге алмасқа?

 

Ермұрат БАПИ:

– Әңгімемізді Тазабектің ЖСДП партиясын неге пайдаланбасқа деген пікірі тұрғысында сабақтар болсақ, бұрын құрылған, бірақ тіркеуден өтпеген партияларды жандандыру мүмкіндігі қандай болмақ? Немесе бүгінде мемлекеттік тіркеуі бар, саяси алаңда ашық қызмет қылып жүрген саяси партиялардың құрамына ұлттық-патриоттық күштерді саналы түрде интеграция жасау, ол партиялардың басшылық органдарына ұлттық мәселені ту етуші азаматтарды сіңіру мүмкіндіктерін де қаперден қалдырмау керек.

 

Әбдірашит БӘКІР:

– Мен де дәл осы мәселені қозғайын деп отырғанмын. Бізде партиялардың коалициясы бар: мәселен,  «Ауыл» партиясын қамтамасыз ететін ресурстар ауыл арқылы пайда болды. Ал «Патриоттар партиясы» – аты бар, заты жоқ. «Бірлік» партиясының құрамындағылар «Нұр Отанның» шашбауын көтеріп, соның ықпалынан шыға алмайды. Біз бүкіл қоғам болып, партияларды ұлттық мүддеге қарай бұру әрекетін бастасақ, бүгінгі таңда әлдеқандай тиімді жұмыс жасаған болар едік деп ойлаймын.

 

Ғабиден ЖӘКЕЙ:

– Аталған саяси партиялардың әу бастағы идеологиясын өзгерту мүмкін емес. Ұлттық-элиталық топты «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы қолдап отыр «Ұлттық» деген сөз билікке, ала-құла қоғамға да қорқынышты. Саясаттың өзі айладан тұрады: болашақта ұлттық негізді қолдайтын партияның атауы «мемлекетшіл» деген мағына бергені дұрыс.

 

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ:

– «Оппозициялық» деп жүрген партиялар немесе билікке жақтас партиялар Ақорданың сценариі бойынша құрылған. Біз оны мойындауымыз керек. Өзіміздің бірер саяси мақсатымызды орындай алмаған жағдайда өзге саяси партиялар арқылы ұлттық мәселені іске асыру мүмкін емес. Дегенмен де, шындап кірісетін болсақ, ұлттық партияны өзіміз де құра аламыз.

 

Ермұрат БАПИ:

– Ендеше партияның мақсатын «ұлттық негізде» деп, шартты түрде атап, қазақтың мүддесін қорғайтын партияның таяу болашақтағы қажеттілігіне көз жеткізу қиын емес. Уақыт зырлап өтіп жатыр: алдағы бес жыл да қас-қағымда зырлап өтеді. Осындай дөңгелек үстелдердің маңында бір-бірімізбен дауласып жүргенде, бес жылымыз бес-ақ күндей өте шығады.

Ең бастысы – ұлттық мүддені қорғайтын партия постназарбаевтық кезеңге дайын тұруы керек. Саяси биліктің өтпелі, транзиттік кезеңінде ұлттық партиялар мемлекеттік билікке таласушы топтар мен кландар құратын кез келген сценарийге дайын болуы керек. Мақсат – осы тартыста қазақтың ұлттық мүддесін саяси ойынның құрбанына айналдырмау. Себебі транзиттік таласта олигархтық немесе кландық күштердің өзара шайқасы басталады. Сол шайқастың ортасынан ұлттық мүддені ту еткен күш суырылып шығатындай әлеуеті болуы тиіс. Мен бұның бәрін қарабайыр түсінік тұрғысында айтып отырмын. Мәселен, азаматтық қоғамы қаншалықты алға басты десек те, қырғыз ағайындар арасындағы транзиттік кезеңнің қанды тартысқа ұласқанын білеміз. Қырғызстандағы ол кезең түгесіліп бітті деп айтуға келмейді.

Транзиттік дәуірдегі тағы бір қатерді қаперде ұстауымыз керек: олигархтар мен кландар тақ билігіне таласқан тұста ұлттық-патриоттық күштер жік-жік болып, сол топтардың пәтеріне «өтіп» кетуі әбден мүмкін. Мысалы үшін, батыстық кландық топтар Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда жақтан шыққан ұлт патриоттарын өз құрамына тартуға күш саларын назарда ұстау керек.

Оңтүстіктік немесе «қарағандылық» деп аталып жүрген аймақтық кландар өз тобына сол аймақтың танымал азаматтарын тартады. Әрине, бұның бәрі қарапайым тілмен айтылған сценарийлердің сұлбасы болуы мүмкін. Бірақ мұндай болашақ жобаларға ұлт мүддесін қорғаушы күштер бірлесіп қарсы тұра алатын әлеуетке қол жеткізуді бүгіннен бастау керек. Осы тақілеттес әңгімені жалғастыра талқылау тақырыбы бұдан былай күн тәртібіне қойылғаны жөн деп білем.

 

Әбдірашит БӘКІР:

– Шынында, өмірдің тенденциясы осы бағытқа қарай әкеле жатыр, бұл жағдайды болашақта билікке таласатын олигархтардың өзі де түсініп отыр. Олар бүгінгі күннің өзінде өз электоратын дайындауға кірісті. Бір жағынан, бұл ұлттың өз ішінен ыдырататын әрекет болса, батыс пен шығыстың, солтүстік пен оңтүстіктегі топтың соңынан ілесіміз деп, қазақ халқының ортасына от түседі деген пікірге сенуге бола ма?

Меніңше, қазақтар дәл сондай деңгейге құлдыраған жоқ деп сенем. Ұлттық партияның ұстанған қағидасы барлық кландардың мүддесімен сәйкес келуі тиіс. Ымыраға келу үшін ортақ принципке ұмтылуымыз керек.

 

Дәурен БАБАМҰРАТ:

– Иә, ертеңгі күні билікке кландық негіздегі талас басталса, әрбір олигархтық партия ең алдымен ұлтқа, жүзге, руға бөлініп, халықты жікке бөліп, елге қажетсіз үлкен күрес басталып кетуі ғажап емес. Олар қазақтың көкейінде жүрген «халықтық», «қазақтық», «демократиялық» деген атты жамылып алатыны сөзсіз. Осындай жағдайда мемлекеттің иесі саналатын ұлт өзінің үстемдігін жүргізе алмаса, қазақтың жағдайы не болмақ? Сондықтан ұлттық мүддені тар шеңберден шығарудың тетігі жасалуы тиіс.

 

Ермұрат БАПИ:

– Ең бастысы – ұлттық партияның қажеттілігі жөнінде бастама көтерген азаматтар басын бастап, соңында елге күлкіге қалмай ма? Мұндай үлкен істі дабыра етіп жариялап, соңы су аяғы құрдымға кетірсе, «қазақ мәселесі», онымен бірге  ұлттық мүдде қор болды деген сөз. Қоғамның ортасынан үлкен күшпен, қаржысымен, стратегиялық, идеологиялық, экономикалық бағыт-бағдарымен белсенді азаматтар шықса, қоғамдағы күрмеуі шешілмеген кез келген мәселені қолына алса, олардың соңынан ел ереді.

Бүгінгі бас қосуымыз – азаматтардың осы орайдағы ойы қандай екен деген әңгіменің бастамасы ғана. Келесі жолы ұлттық мүддеге алаңдаушылық білдіріп жүрген басқа да азаматтардың басын қосып, осы әңгімені сабақтай түсеміз деген ойдамын. Ал өре түрегеліп, партия құрамыз деп, шаба жөнелуге болмайды: қазақтың мүддесі ойын емес!

Жазып алған –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»   «Общественная позиция» (проект «DAT» №17 (288) от 29 апреля 2015 г.

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз