2 мамыр күні кешкі сағат жеті жарымда Алматыдағы Қалқаман ықшамауданында ірі жол апаты болып, 4 айлық нәресте көз жұмды. 34 жастағы әйел мас күйінде көлік жүргізіп, 15 жастағы қыз бен кішкентай сәбиді қағып кеткен.
Полиция майоры Рустам Әбдірахмановтың айтуынша, оқиға алдында әйел құрбысымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Содан соң, ол қонақ құрбысына көлік жүргізуді үйретуді өтінген.
«Тойота Раф» көлігінің мас жүргізушісі Лапин көшесінен солтүстік бағытқа қарай бет алып, 15 жастағы қыз бен сәбиді қағып кеткен. 4 айлық сәби оқиға орнында жан тапсырды, ал мас жүргізуші болса мұнымен тоқтамай, тағы бірнеше жол-көлік оқиғасына тап болады.
«Содан соң, ол «Фольксваген» көлігімен соқтығысып, тұрақта тұрған «Тойота Карина» көлігін де жанап өтті. Зерттеу барысында «Тойота Раф» көлігін жүргізушілік куәлігі және жүргізу қабілеті жоқ адамның басқарғаны анықталды», – дейді Әбдірахманов.
Полиция аталған іске байланысты екі бірдей қылмыстық істің қозғалғанын хабарлады. Бүгінде «Тойота Раф» көлігінің иесі де, жүргізушісі де ұсталды. Жақын арада олар аудандық сот алдында жауап береді.
Көлік қаққан 15 жастағы қыз №1 балалар ауруханасына жатқызылған. Ал 69 жастағы «Фольксваген» жүргізушісінің бас сүйегіне зақым келген.
Бір қызығы, бұл оқиғаға кінәлі азаматшалар еш жарақат алмапты.
Дереккөз: Nur.kz