Италияда жұрттың көбі гүл орнына көкөніс өсіруге көше бастады.
Қазір елдегі әрбір үшінші тұрғын азық-түлікке жұмсайтын қаражатты үнемдеу мақсатында бағбандықпен айналысуда. Соның арқасында дағдарыс кезінде қалалық бақшалардың саны 3 есеге артып отыр.
Анна Мастрантонио азық-түлікке жұмсайтын қаржыны үнемдеу үшін енді көкөніс өсіруді кәсіп етіп жүр. Өз бақшасында ешқандай химиялық қоспасыз қызанақ өсіреді. Ал күз айларында едәуір өнім жинап алады.
Анна Мастрантонио:
– Біз жаз бойы бақшада қызанақ пен бұрыш сияқты көптеген көкөніс түрлерін өсіреміз. Қыстыгүні қырыққабат егеміз. Аракідік жерді құнарландыру жұмысын да жүргізіп тұрамыз. Осылайша әжептәуір қаражат үнемдеуге болады.
Соңғы кезде римдік тұрғындар игерілмей бос жатқан жерлерге көкөніс өсіруге шындап ден қоя бастады. Өңірдегі күн райы бағбандықпен шұғылдануға қолайлы. Оның үстіне бүгінде ішкі нарықта көкөністің бағасы шарықтап тұр. Статистикаға сүйенсек, биыл қырыққабат, жуа мен картоп 12%-ға қымбаттаған.
Даниеле Таффон, Campagna amica бау-бақша желісінің жетекшісі:
– Көптеген адам жұмыссыз қалды. Сондықтан отбасымызды асырау үшін бағбандықпен айналысудан басқа амал қалған жоқ.
Италияда қалалық немесе коммуналдық бақшалардың көлемі 3,5 миллион шаршы метрге жетті. Тіпті бағбандыққа баулитын арнайы мамандар да пайда болды. Еуропада қазіргідей халықтың бақшалықпен айналысуы бұрын соғыс жылдарында белең алған екен.
Қиын-қыстау кезеңде азық-түлік жетіспепті. Ал бүгінгі бейбіт заманда тағам түрлері қымбаттап, баға бағынудан кеткен соң халық лажсыз ата кәсіпті қайта қолға ала бастады.
Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/62662-italiya