Посткеңстік елдерде әл-ауқаты жоғары отбасылардың саны өссе де, тұрмысы төмен адамдардың саны азаймай отыр. Қаңтар айының соңында жарияланған БҰҰ-ның мәлімдемесінде жазылғандай, аймақтағы өмір жас ұзақтығы да әлемдік деңгеймен салыстырғанда кеміген. «Бұл аймақта кірістің тең бөлінісі мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне кең ауқымды қолжетімділік сақталғанмен, бай мен кедей арасы барған сайын алшақтап барады» дейді, Стамбұлдағы БҰҰ-ның аймақтың орталығының бас кеңесшісі Бен Спэй. Оның пікірінше, кедейлік әсіресе Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения елдерінде түйткілді мәселе болып отыр.
БҰҰ мамандары Орта Азия республикаларында «жаңа кедейлер» табы қоғамның үлкен бөлігін қамтитындығын айтуда. Халықаралық мамандардың пікірінше, «Жаңа кедейлерге» білім-ғылым, мәдениет қызметкерлері жатады екен. Орта Азиядағы тұрмысы төмен отбасылардың тең жартысының мүшелері жұмыссыздар немесе аталмыш салаларда қызмет істейтіндер. ТМД –ның батыс бөлігіндегі елдерде еркектердің өмір жас ұзақтығы 1960 жылдары әлемдік көрсеткіштен 12 жылға артық болса, 2012 жылы 2 жасқа кеміген.
ТМД тұрғындарының арасында шет елге жұмыс іздеп кетушілер санының өсуіне де кедейлік әсер еткен. Мәселен, 2010 жылы шет елге жұмыс іздеу мақсатымен шыққан украиндар саны 60 пайызға жеткен. Ал 2014 жылы Ресейге Украинадан 700 мың босқын барған. Жалпы бұл елден жылына 5-6 миллион адам басқа мемлекеттерге нан табу үшін шығатын көрінеді. 2009 жылы Эстония тұрғындарының 16 пайызы кедейшілік деңгейінде тіршілік еткен. Бұл мемлекеттегі кедейшіліктің өсуіне елдегі жұмыссыздық себеп болуда. Латвия халқының 21 пайызының әл-ауқаты өте төмен. Қырғызстан мен Тәжікстан тұрғындарының жартысына жуығы күнкөрісі нашар санаттағылар.
Соңғы кезде Ресейдің өзінде кедейшілік ресми деңгейден 1,5 есеге асып кеткен. Мамандардың зерттеуінше соңғы 20 жыл ішінде ТМД аумағында кіріс бөлінісіндегі теңсіздік пен бай-кедей арасындағы алшақтық аса жоғары болып отыр. Әсіресе Ресей, Қырғызстан мен Арменияда кіріс бөлінісіндегі теңсіздік айқын байқалады. Мамандар тұрғындардың экономикалық тұрғыдан өздерін толыққанды сезінбеуі азаматтық қоғамның өз дәрежесінде қалыптаспауынан және орта таптың үлесінің аздығынан деп біледі. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде Ресей мен Белоруссияда орта тап үлесі 15-20 пайыз болса, Украинада 12-15 пайызды көрсеткен.
Кедейлік тек ТМД аумағына ғана тән емес, әлем бойынша көптен бері бері талқыланып келе жатқан мәселе. ЮНЕСКО мен ЮНИСЕФ-тің биылғы жылғы 19 қаңтардағы біріккен мәлімдемесінде кедейліктің кесірінен әлемдегі әрбір бесінші жасөспірім мектеп партасын көрмейтіндігі айтылған. Бұл 12-15 жас арасындағы 63 миллион бала білім алу құқына ие емес деген сөз. Ал әлемдегі әрбір оныншы бала бастауыш мектептің табалдырығын көрмейді. Жалпы 121 миллион бала жейтін тамағы мен киер киімі болмаған соң мектепке мүлдем бармаған немесе оқудан шығуға мәжбүр болған.
Халықаралық бағдарлама бойынша әлем жұртшылығы жер бетіндегі барлық баланың оқумен қамтылу жоспарын 2015 жылға дейін жүзеге асыруы керек еді. Алайда бұл жоспар кедейлер санының азаймауына байланысты іске аспай қалған. ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Энтони Лэйк дүниежүзіндегі барша бала білім алу үшін бұл салаға инвестиция құю қажет екендігін және оқу сапасын жетілдіруді ұсынады. Білім мониторингі жөніндегі дүниежүзілік баяндамада жазылғанындай, батауыш біліммен бүкіл баланы қамту үшін жылына қосымша 16 миллиард доллар қажет. Дамушы елдерге бөлінген әл-ауқаты төмен отбасылардың балаларын оқытуға бөлінген 3,1 миллиард доллар шет елдік студенттерге білім беру саласына жұмсалады екен.
БҰҰ аясында атқарылған шараларға қарамастан 2007 жылдан бері әл-ауқаты нашар болуы себепті мектепке баруды қойған жасөспірімдер саны мүлдем азаймаған. Сондай-ақ мамандар кедейлердің балалары еңбекке көбірек жегілетінін айтуда. Дүниежүзі бойынша Эритрея мен Либерия халқының 66 және 59 пайызы кедей болғандықтан балалары мүлдем оқымайды. Пәкістанда 12-15 жас аралығындағы қыз балалардың 58, ұлдардың 49 пайызы мектеп қабырғасын көрмейді. Нигерияда кедейлік салдарынан балалардың үштен екісі білім алу мүмкіндігінен айырылған.
ЮНЕСКО таратқан ақпаратқа сәйкес Орта Азия мен Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі 15-24 жас аралығындағы 4 миллион адам мектепті аяқтамаған. Жалпы дүниежүзі бойынша әрбір сегізінші жас жұмыссыз екен. Әлем халқының төрттен бірінің табысы күндік нанына да жетпейтін болса, он жасқа дейінгі 250 миллион бала сауаты ашылмаған күйі қалған. 2009 жылы ұйым жүргізген сынақ нәтижесінде Албания, Грузия, Қырғызстан, Молдовадағы кедей отбасы балаларының төрттен үші бастапқы білімді игермегендігі анықталған. Молдовадағы қалалық кедейлердің 20 пайызының балалары мектепті аяқтамастан тастап кеткен. Сауаттылық деңгейі 99 пайыз болатын Қазақстан тұрғындары үшін балаларды оқумен қамту шешімін таппай отырған мәселе емес.
БҰҰ-ның «Мыңжылдықтың даму мақсаттарын» жүзеге асыруға қатысты 2009 жылы өткен мәжілісте бас хатшы Пан Ги Мун Орта Азия тұрғындарының бестен бір бөлігі кедейліктің төменгі шегінде тұрып жатқанын айтқан болатын. БҰҰ мамандарының зерттеуі бойынша кедейлік көрсеткішін төмендету бойынша посткеңестік республикалардың арасында еуропалық мемлекеттер ілгерілеушілік танытқан. «Ал азиялық елдер кедейлердің санын азайту жөнінен біраз кешеуілдеп жатыр» деген болатын Пан Ги Мун.
Халықаралық еңбек ұйымы Орта Азиядағы жұмыс істейтін кедейлер саны 1997-2007 жылдар аралығында 21 пайызға дейін азайғанмен, қайтадан көбею кезеңі басталғанын айтады. Алайда ТМД елдерінің арасында Қазақстандағы жағдай біршама тұрақты. Американың бейбітшілік қоры босқындар, мәжбүрлі түрде көшіру, экономикалық жағдай, заңсыздық әрекеттер мен қылмыс санының өсуі, адам құқының бұзылуы тәрізді барлығы он екі көрсеткіш бойынша зерттеу жүргізген. Нәтижесінде Орта Азияның 2 елі — Өзбекстан мен Тәжікстандағы ахуалдың шекті жағдайда екені мәлім болған. Ал Қырғызстан, Түркменстан мен Қазақстандағы бұл көрсеткіштер «қауіпті жағдайда». Дегенмен, американдық мамандар Орта Азия елдерінің арасында Қазақстанда экономикалық ахуал басқа елдермен салыстырғанда анағұрлым жақсы екендігін айтады. Қазақстан кедейлік пен аштықтың көзін жоюға арналған «Мыңжылдықтың даму мақсаттарының» біріншісіне 2004 жылы қол жеткізді. Елдегі күнделікті табысы 4,30 доллардан төмен тұрғындар саны екі есеге азайды десек те, халықаралық сарапшылар ауыл-аймақтар әлі де қамқорлықты қажет ететіндігін айтуда.
БҰҰ сарапшылары ел экономикасы қарқынды дамығанмен, Қазақстанда жұмыссыз жастар саны азаймай отырғанын баса көрсетуде. 2014 жылдың аяғында Алматы қаласындағы ЭСКАТО-ның Солтүстік және Орталық Азия мемлекеттеріне арналған субрегионалды бөлімшесінің ұйымдастырумен Азия-Тынық мұхит аймағының экономикалық, әлеуметтік жағдайына арналған қорытынды жиында осы мәселе талқыланған еді. БҰҰ-ның өкілдері, Қазақстанның дипломатиялық корпусының жетекші мамандары, қаржыгерлер, экономистер қатысқан жиында БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасары Шамшад Ахтардың жолдауы бейнетаспадан көрсетілді. Шамшад Ахтар өз баяндамасында аймақтағы мемлекеттер дамуының 2014 жылдағы негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. ЭСКАТО жүргізген зерттеу бойынша Қазақстанның 2012 жылғы экономикалық дамуы 5 пайыз болса, 2013 жылы 6 пайызға жеткен. Мамандардың айтуынша елдегі тұтынушылық деңгейінің тұрақтылығына тиімді несиелеудің септігі тиген. Коммерциялық банктердің тұтынушылық кредит мөлшері шағын бизнесті несиелендіру есебінен өскен. Республикадағы бірнеше кен орындарының жабылуы себепті елдегі мұнай өндіру ісінің қарқыны біраз бәсеңдеген. Оған қоса металға сұраныс азайғандықтан экспорттан түсетін табыс та кеміген. Қазақстандағы тұрақты экономикалық дамудың арқасында жаңа жұмыс орындары көптеп ашылса да, жастар арасындағы жұмыссыздық бұрынғыдай жоғары деңгейде қалып отыр.
Сонымен қатар жаңадан енгізілген тұтынушылық несиелерді шектеу тұтынушылық шығындарды азайтуға әкеледі деп болжануда. Ақпан айындағы ұлттық валютаның девальвациясы экспорттан түсетін табысты көбейтеді деп күтілген еді. ЭСКАТО республикаға салықтық базаны кеңейтуді, салық төлемдерін ретке келтіруді, салық төлеу жүйесіндегі алаяқтықпен күресуді, салықтарды басқару процесінің тиімділігін арттыруды ұсынып отыр. БҰҰ мамандары республикада салықтық реформаларды тиянақты жоспарлау және аймақтық ынтымақтастықты дамытуды дұрыс деп есептейді.
Шарафат Жылқыбаева