Арғы айтысты қоя тұрып, бергі айтысты, яғни, еліміз егемендік алғаннан бергі айтысты-ақ алып қарайықшы. Дамудың барлық сатыларын, яғни, туу, қалыптасу, жетілу, өзгеру, даму, түлеу сатыларын бастан өткерген тұтас бір табиғи заңды құбылыс. Қазіргі айтыс – өз алдына отау тігуге хақы бар көркемөнердің толық бір саласы. Әуезовтің «Айтыс – театр» деген бір сөзін алға тартып, айтысты біресе театрлық, біресе шоулық сипатқа тели беруге болмайды. Көркемөнердің салалары әлі бір-бірінен дараланып бөлінбеген кезде, айтыстың ол рольді атқарғаны рас. Ал қазір әр сала дараланып, өзінің нақты сипаты, міндеті анықталған заман. Әр сөз заманына қарай құнды.
Айтыс өмірге екінші рет қайта оралған кезде, яғни, 1986–1996 жылдар аралығындағы сипаты қандай еді? Дауысы мен домбырасы бардың бәрі – әнші де, әртіс те, жазба ақын да айтыса беретін. Көшқұлаш жазылған дайын мәтінді жаттап алып айтысты. Одан бері де айтыс жаттандылықтан арылып, нағыз суырыпсалма ақындар іріктеліп шыға бастады. Бірақ олар да күнібұрын қандай тақырып, қай облыстың ақынымен шығады – оны біліп, бір-бірінің облысын аралап, кемшіліктерін тізіп алып, ауылына барып, амандық-саулық сұрасып жүрді. Мұны да нағыз айтыс деуге келмейтін. Ұзақ сарынды, жаттандысы көп болатын. Және айтыстың қай жері суырыпсалма, қай жері жаттанды – оны қазы түгілі көзі ашық көрермен біліп отыратын.
Дәл қазіргі айтыс қай жағынан да өзінің кульминациясына жетті. Тек әрбір биіктіктің құлдилауы болады. Құдай содан сақтасын. Айтыс туралы сөз еткен адам соқпай кете алмайтын, аттап өте алмайтын бір адам болса, ол – Жүрсін Ерман. Айтысты бүгінгі дәрежесіне жеткізген және құмнан алтын сүзгендей бөтен қоспадан тазартқан Жүрсін, соның ширек ғасырлық еңбегі. Жүрсін – тек демеуші іздеп жүгіретін ұйымдастырушы ғана емес, дәл айтыс үшін қамқор аға, жанашыр, ұстаз, тәрбиеші. Жүрсіннің талғампаздығы мен талап қойғыштығы арқасында күріш күрмектен арылған. Оған тірі куә – Әселхан, Қонысбайлар бастаған аға ақындар буыны. Мысалы, 1990 жылғы наурыз айтысына 70-ке тарта ақын келген. Сонда Жүрсін үш күн бұрын «тазалау» жүргізген. «Проба-айтыс» өткізген.
– Көңілдеріңе келмесін, – деген ол, – осы жетпісіңнің 70% ақын емес, әншісіңдер. Сондықтан сынақтан өткенің қаласыңдар, өтпегенің өкпелемей қайтасың. Сөйтті де өмірі бірін-бірі көрмеген, атын да білмейтін екі ақынды «сен шық, сен шық» деп шығара салатын да, «ал, айтыс» дейді. Сонда нағыз суырыпсалмасы жоқ ақындар сасқалақтап, бір қызарып, бір сұрланып, «заготовкасына» жүгірмей ме. Тоқтат! – дейді Жүрсін. Сөйтеді де өзі бір тақырыпты бере салады. Әрине, егемендік, тіл, дін, салт-дәстүр дегенді бермейді. Оған бар ақынның дайын екенін біледі. Тіпті, елеусіз нәрсені бере салады. Бұлт, ай, жапырақ деген секілді. Бір жолы бір ақын домбырасын құлатып алып еді, «міне, осыны жырлаңдар» деді. Сөйтіп сол жолы расында жетпіс ақыннан отыз шақты ғана қалған. Және кім-кіммен айтысарын да айтыс басталардан 10 минут бұрын ғана жеребе арқылы білетін. Амандасып, аты-жөн, облыс сұрасып қана үлгеретін. Біз білетін Жүрсіннің тағы бір қасиеті – аса талғампаз, кірпияздығы. Өзі де ақын болған соң ба, мінсіз сөзді ғана емес, мінсіз келбет-пішінді, мінсіз мінезді ұнататын. Өзінің ақындарынан сонау бір алтын арай шақтың бекзат серілігін, тектілігін іздейтін. Еркін, ерке болғанын қалайтын, еркелететін. Бірақ еркелік ессіздікке ұласса, кешірімі жоқ. Тіпті, бір жолы атағы мен беделі Алматыға мәлім болған бір ақынды, өзімен курстас болғанына қарамастан, «тентектігі» үшін қуып тастаған. Ата қазаққа ғана тән бір қасиеті – сөзге жығылатын, орнымен айтылған бір шумағыңды да бағалайтын. Оған өз басымнан өткен бір ғана деталь. Сол жылғы «жетпістің» ішінде осы жолдарды жазып отырған пақырыңыз да бар еді. Өз облысымнан бас жүлдені алып, «Бас ақын» атанған соң-ақ, керемет ақынмын деп ойлаппын ғой. Қорқу жоқ, түк жоқ. Проба-айтыс жүріп жатқан. Бір кезде кезек маған келді. Шынымды айтсам, жөнді дауысым да жоқ, домбыра да білмеймін. Жалғыз сенерім – суырыпсалмалығым ғана. Алматыны да, тірі Жүрсінді де алғаш көріп тұрмын. Бәрі таңсық.
– Домбыраң қайда? – деді Жүрсін атырыла, жақтырмай қарап.
– Домбыра білмеймін.
– Онда менің көркімді көргелі келдің бе, бар, жүре бер! – деді. Сәл аңырып тұрдым да:
– Ашуға жібердіңіз, Жүке, басып,
Қалмай ма жаңа талап мүлде жасып.
Көркіңізді көргелі келсем қайтер дейсіз,
Мен түгіл Куба қызы болған ғашық! – дедім.
Бомба жарылардай тыныштық, үрейлі үнсіздік, бақырайған жанарлар… «Ойбу, жазған-ай, енді күнің не болар екен» деп мүсіркей қарайды. Жүрсіннің «Куба қызына» деген өлеңін пайдаландым. Өлеңде ана бір ғашық сезім болмаса да, өзімше «өш алған» түрім ғой. Бір кезде Жүрсін қарқылдап күлді, бәріміз қосыла күлдік. Зал ішіне шуақты нұр төгілгендей болды. Күліп шыққаныммен далаға шыққан соң ал кеп жыла. Енді ше? Бір облыстың үкілеп жіберген бас ақыны едім ғой. Бір кезде бір бала жігіт шығып: «Жүріңіз, сізді Жүрсін аға шақырады» деді. Әкесінен таяқ жеген баладай, қайтадан әке кешірімін алған баладай сорамды да сүртпестен Жүрсінге келдім. Міне, мен айтысқа осылай шығып едім. Бір ауыз сөзді бағалай білетін Жүрсін еді ол. Ақынның киіміне дейін мән беретін. «Әнші, әртіс киімі бір басқа, ақын киімі бір басқа» дейтін. Сонан соң ақындарға қазылардың айтыста беретін балдық-бағасынан басқа Жүрсіннің өмірде беретін адамдық, ағалық бағасы бір басқа. Әр ақынды өзінше сүйіп, өзінше бағалап, өзінше еркелетіп, сағынып, іздеп отырады. Әрқайсысының жеке өмірін, отбасылық жағдайын, тұрмысын, күнкөрісін біліп, солар үшін уайымдап, кейбір жұмыссыз ақындарды облысына хабарласып жұмысқа тұрғызып жүретіні де бар. Айтысты өзі жүргізген кезде ақындардың аты-жөнін хабарлаған дауысының өзінде қаншалықты мейірім, еркелету, қошеметтеу, аялау төгіліп тұрады. Әр ақынның атының алдынан қосатын бір тамаша эпитеті болады. «Айтыстың ақ берені, жас перісі, қаракөгі, ақ алмасы, майталманы» деген секілді. Қай ақын туралы пікір айтса да, жүзі нұрланып, сүйсініп сөйлейді. Бірде Сара туралы:
– Сара – айтыстағы бір құбылыс. Шабыттанып кеткенде, аузы шүпілдеп суға толады, – дегенін өз құлағыммен естідім. Осындағы «аузы шүпілдеп суға толады» деген тіркесті, ақын түгіл, исі қазақтан естімеппін. Айтыс ақынына әкедей қамқорлықпен қараған шақтағы ақын Жүрсіннің ғана аузына түсер теңеу бұл. «Тоқпановтың тоқпағы» демекші, «Жүрсіннің жұдырығы» ақын біткенді оттан алып, суға салған болаттай шыңдаған… Қалайда айтыстың иесі де, киесі де Жүрсін болып халық көкейіне орнап қалған. Айтысты басқарушы да, жүргізуші де табылар. Бірақ оларды дәл Жүрсіндей халық та, ақындар да қабылдай алмайды.
Айтыс ақындарының тағдырын шешпесе де, талантын бағалайтын – қазылар. Қазір «әділқазылар» деп атап жүрміз. Осы атаудың өзі дұрыс па? Қазақта «қазы» деген сөз болғанмен, «әділқазы» деген сөз болмаған. Керек десеңіз, Төле би мен Қазыбек биді де әділ Төле би, әділ Қазыбек би демеген. Қай аңыз, ертегі, хисса-дастанды оқымаңыз, «қазыға жүгініпті» деген сөз болғанмен, «әділқазыға жүгініпті» деген сөз жоқ. Сонан соң сол әділқазының әділдігіне кім кепіл? Көбінесе қазының балы бір бөлек, халықтың бағасы бір бөлек болып тарасатынын көзіміз көріп жүрген жоқ па? Ендеше қайдағы «әділқазы»? Тағы бір ойланарлық жай – қазақта қазы сөзі сот, тергеуші деген мағына берген. Қазыға кісі құнын, жер дауын, жесір дауын даулағандар, барымта, ұрлық, қылмысқа байланысты жүгінген. Ол өнерден гөрі заңға жақын атау. Ал төрелік айтатындарды «би» деп атаған. Мысалы, Төле қазы, Қазыбек қазы дегенді естідіңіз бе? Төле би, Қазыбек би емес пе. Сондықтан әділқазы дегенді мүлде алып тастау керек. Өйткені қазіргі қазылардың ешуақытта әділ атанбайтынына халық куә. Сондықтан оларды «Төрешілер» не «Алқабилер» десе дұрыс. Осы төрешілер нені қағида (критерий) етеді? Неге сүйеніп біреуді жеңдіріп, біреуді жеңілдіреді? Артынан баға бергенде, тымқұрыса бас жүлде алған ақынды «Біз мына ақынға осы қасиеті үшін бас жүлде бердік, бұл ақын мынандай жерде мынандай тапқырлық көрсетті» деп, халықты нандырып, сендіретіндей бір ауыз сөз неге айтпайды? Жоқ. Ондай жоқ. Бәрі бітеу жара. «Апам да аң-таң, мен де аң-таңның» кебін киіп халық кетеді. Көрермен көзінде былай ғой: екі ақын да суырылып 20 минут тоқтамай төгілді. Біреуі не сөз таба алмай, не жауап бере алмай тосылған, тоқтаған жоқ. Киімі, дауысы, домбырасы, тіпті, мақамдары да бірдей. Анау айтқан проблеманы анау да айтты, анау айтқан әзілді анау да айтты, сонда анау неге жоғары балл алды, анау неге төмен балл алды? Міне, көпшілік көңіліндегі осы сұраққа жауап беретін кез жетті емес пе. Осыған жауап беруге қазылардың қабілеті жетпей ме, әлде батылы жетпей ме?
Талқыға салсақ, шикілігіміз шыға ма деп қорқа ма? Ол үшін қазылар демеушілер мен депутаттардан ғана құралмау керек. Құралса да, нағыз айтыстың қазанында қайнап, өзі де жеңіс пен жеңілістің дәмін татқан, әділеті, адамгершілігі және білімі бар аға буын айтыскерлерден неге бір адам алынбайды? Аға буын болғанда да кез келген кемпір-шалды емес. Мысалы, Қонысбай Әбілев, Әселқан, Әсия – қазы ғана емес, әділқазы болуға жарайтын аға ақындар. Ау, онсыз да үш ақын отыр емес пе дерсіздер. Мұхаметжан бастаған үш бауырым мені кешірсін. Мен олардың марғау жүздерінен не қызығушылық, не көз алдындағы әділетсіздікке шала бүліну көре алмадым. «Бәрібір біз ештеңені шешпейміз, бізге бәрібір» деген немкеттілік пен шарасыздықты ғана көрдім. Ондай болмаған жағдайда неге айтыс артынан баспа бетінде сауатты түрде, әдеби-ғылыми негізде талданып, сараланып баға берілмейді? «Әрбір айтыс жүйелі түрде ғылыми негізде талданып, баға берілуі керек», – дейді ақын Айбек Қалиев. Өте дұрыс айтады.
Осы жерде айтпай кете алмайтын бір жайды айтуға тура кеп тұр. Тақырып – не нәрсенің ішкі мазмұнын, мәдениетін, бет-беделін айқындап тұратын ұран, жарнама емес пе. Өткен жылы Астанада Конгресс-Холды дүрілдетіп айтыс өтті. Ақ сарайдың айдынды сахнасы төрінде «Кіл жүйрікте, кім жүйрік» атты тақырып атойлап тұрды. Тақырып қана емес, ондағы грамматикалық қате де атойлап тұрды. Небары бір ғана сөйлем. Соның өзінде бір қате. Бұл жерде үтірдің керегі жоқ. Кейіннен «Алатау» газетіне де осы қате түрінде басылды. Тегінде корректор деген болушы еді, олар газет бетіндегі әр қатеге жауап беруші еді. Ал Конгресс-Холл сахнасындағы қатені көрмеді деп исі қазыларды кінәламай-ақ қояйық. Сол қазының ішінде үш бірдей Еуразия ұстазы, ал айтыс ішінде магистранттары отырған жоқ па?
1. Айтыстағы басты қағидалар:
1) Суырыпсалмалық сипаты. 2) әдіс-тәсілі. 3) білімділігі. 4) көркемдік сипаты.5) мінез сипаты. Айтыс ақынының осы бес сипаты түгел келген жағдайда, ол нағыз бес қаруы бойындағы батырмен тең. Тегінде жырау басқа, жыршы басқа, айтыс ақыны басқа. Бүгінгі айтыс ақындары жыраулық сипатқа көшті. Көшқұлаш толғау-термелерді жазып алып, жаттап алып, ұзақ сонар толғайды. Ондай болса термеші, жыршы, жыраулар сайысы деп неге өтпейді? Ал айтыс екен, онда айтыстағы ең басты шарт – суырыпсалмалық болу керек. Сөз жоқ, айтысқа қатысып жүргеннің бәрі ақын. Ақын болмаса, айтысқа маңайлай да алмас еді. Тек солардың суырыпсалмалығына бөгет боп жүрген жаттандылық. Ал жаттандылыққа негіз боп жүрген – сұрап алу. Енді соңғы кезде айтысты алатайдай бүлдіріп, жайлаған індет «Сұрап алу» деген не? Айтыс ақындарының «әй дер әжесі, қой дер қожасы» болмай, шектен шыққанын мынадан көріңіз. Айтысып отырып, бүкіл ел алдында «сен мені сұрап апсың» деп ашық айтып отырады. Осы сөзді анау-мынау емес, бас жүлде алып жүрген ақындар айтты. Бір ғана мысал – Өскемендегі айтыста білімді ұстаз, тәжірибелі сақа ақын Серікзаттың өзі сахнада отырып: «Жүрсін, маған Кәримамен айтысасың деп едің ғой, мен соған дайындалып едім» дегендей өкпе артты. Алдындағы жас ақынмен көсіліп айтыса алмағанын осылай жуып-шайды. Ал, шын суырыпсалмаға бұл бөгет пе? Тағы бірде Айнұр ақын эфирдегі сұхбатта:
– Қарағандыдағы сөзіңізді Талдықорғанда қайталадыңыз. Неге? – деген сұраққа:
– Қарағандыдан келген соң бір күннен кейін Талдықорғанға шақырды. Мүлдем дайындала алмадым, – деді. Осы да ақталу ма? Ширек ғасыр «бас ақын» атанып, бас жүлдені бермеген Айнұрдай айтыс патшайымына не дайындық керек? Айнұрдай атаққа жеткен ақын түн ұйқысынан оятып алып, қолына домбыра ұстатса, ағылып кету керек қой. Аға буын ақыны Қонысбай Әбілевтің «Айтыстың жиі өтуі жаттандылыққа, өзін-өзі қайталауға ұрындырады» дегені еріксіз еске түседі. Тіпті, айтыс «заготовкасыз» болмайды дегеннің өзінде оны суырыпсалған шумақтармен «орап, көмкеріп, жымын білдірмей» жіберуге болмас па. Бұл да шеберлік. Бір ғана мысал, Жандарбек:
– Айнұрды шаға бермей арадай тым
Халқымның жағдайына оралайын, –
деп әдемі жымдастырса, Айнұр суырыпсалма шумақтарынан кейін барып:
– Тыңда енді мені әлеумет,
Толғауымды бастайын, –
деп, толғау мен суырыпсалмасының арасын көрерменге өзі айқындап берді. Сонан соң сонау Жәнібек, Керейден бастап Нұрсұлтанға дейін тірелетін ұзақ толғауға кетті. Аңқаулық па, не істесем де «мен жеңем» деген сенімділік пе? Дәл осы айтыста Айнұрдан мынандай кемшілік кетті: біріншіден, заготовка мен суырыпсалмасын жымдастыра алмады. Екіншіден, Жандарбектің «арадай шаққан» әзіліне «боқмұрын» мен «шаруаң қаншадан» басқа жауап айтпады. Үшіншіден, тек сәлемдесуінің өзінде 7 түрлі жайды қозғаған Жандарбектің осы тапқырлығын іліп әкетіп, ары қарай жалғағанның орнына «толғауымды айтайын» деп өз әнін әндеп кетті. Білімді қазы болса осыны неге көрмейді? Сонан соң айтыс қалай дамыса, көрермен санасы да солай дамыған. Олар да нағыз қазір туып отырған шумақты ажыратады. Олар қазір ғана туған, шаппа-шап ұстасудан туған, жарқ-жұрқ етіп ұшқын шашқан шумақтар тұсында алабұртып, елеуреп, ентелей түссе, ұзақсонар басталған кезде «е, белгілі» дегендей, шалқайып, орнығып отырып, түрлерінде де бір түрлі салқындық орнап, немкеттілеу тыңдайды. Ондай кезде ақын «шапалағыңмен демеші» деп қанша емінсе де, кедей үйдің дастарханындағы бидайдай шашыраған шапалақ әрең естіледі. «Адамның сыртқа шықпас іші бар ма» деп Сұлтанмахмұт ақын айтқандай, ақын да адамдық психологиядан аса алмайды. Нағыз суырыпсалма ақынның өзіне айтылған сөзге қарай түсі бірде жарқырай нұрланып, бірде қызарып, бірде сұрланып, бірде, тіпті, түтіге қарауытып кетуі де хақ. Бұл табиғи заңдылық. Өйткені ол – адам. Бір сүрінбейтін, бір ұйқас таба алмай кідіріп қалмайтын, ұялу, мақтану, шаттануды басынан кешпейтін токқа қосқан робот емес қой. Қазіргі ақындарда сахнада бастан кешетін осы сезімдердің бірі де жоқ. Әуелі бір-бірінің жүзіне қарамайды да. Қарсыластың не айтып жатқанын естімейтін де, оны өз адресіне қабылдамайтын да, «не айтсаң, ол айт, бәрібір өз сөзімді айтам» деп сағыз шайнап сазырайып отыра беретін де ақындар бар. Түрлерінде эмоция, жылт, реңк жоқ. «Оқ өтпес сауытына» сеніп отыра береді. Осындайда еске түседі. Оразалы марқұм нағыз суырыпсалма еді ғой. Айтыс үстінде жан дүниесіндегі бар сезімі жүзіне ойнап шығатын. Бір ұтқыр әзіл ойына түссе, алдымен жымың етіп өзі күліп жіберетін. Өйткені, қазір ғана ойына келіп тұрған әзілі, ұтқыр сөзі алдымен өзіне әсер етеді ғой. Сол кезде-ақ халық оның бет-жүзінен қазір ерекше бірдеңе айтатынын біліп, тына қалатын. Ал, қазіргі әзілкештер қанша күлдіргі сөз айтып жатқанымен, өз бет-жүздерінде әлгі сөздің титтей әсері жоқ. Өйткені, күнібұрын дайындап, әлденеше қайталап жаттап алған соң, өз сөзінің өзіне түк әсері жоқ болатыны белгілі. Оразалы кейде мүдіріп, ұйқас таба алмай сәл кідіріп те қалатын. Ондайда басын шайқап, қиналып та кететін. Міне, нағыз суырыпсалманың табиғи, адами заңды сипаты. Ал бір мүдірмей, кідірмей, жүзге тарта жолды бір-ақ төгіп тастайтын «Ертеден салса, кешке озған, томаға көзді қасқа азбандарға» жол болсын. Қарсыластың әрбір сөзіне шап ете түсіп, жауаптасып айтысатын тағы бір ақын Есенқұл еді. Қазір қызылордалық ақындардан осы сипат көрінеді.
2. Айтыстағы әдіс-тәсіл, шеберлік.
Күресте де, аударыспақта да, көкпарда да, тартыспақта да әдіс-тәсіл бар. Жалпы, жеңілу, жеңу мақсат етіп қойылған жерде, әдіс-тәсілсіз, тіпті қулықсыз болмайды. Қазіргі айтыстағы әдіс-тәсілдер қандай, ақын қандай әдіс, болмаса шеберлік қолданады. Осы жөнінде қазылар ойланып көрді ме екен? Бұрынғы да бүгінгі айтыстарды зерделеп көргенімде, мынандай әдіс-тәсілдерді атар едім. Барлау, із тастау, шырғалау, жетектеу, жетекке ермеу, алдын тосу, өз сөзінен ұстау, ауытқып кету, ықтыру, жалтару, шамдандыру, намысқа тию, әзілдеу, төкпелеу, есе бермей, еңсере ұту, жағдайға бейімделу, детальді пайдалану, ымыраға шақыру, мақтау, мойындау, тең аяқтау, «заготовканы» қолдану әдісі, тойтарып тастау, сахнадағы әртістік қабілет, «бұралқы» сөздерді қолдану, көрермен психологиясын жаулау, т.б.
Міне, осы әдістерді өзі саралап, атын біліп отырмаса да, қолданбайтын ақын жоқ. Тек осыны қазы біле ме? Ол үшін қазылар құрамында әдебиетті, әдебиет теориясын, тарихын, әдебиет сынын, халықтың көне тілін, қаны сорғалаған қазақы сөзді терең білетін сұңғыла әдебиет маманы отырса қанекей. Бірнеше мысал келтірейін. «Кіл жүйрікте кім жүйрік» айтысында қытай қазақтары ақыны Зәйтолла Қанатбек:
– Аға, сізге ерсілеу көріне ме
Мына біздің шетелде туғанымыз, –
деп, Айбекке сұрақ тастады. Бұл «жетектеу, із тастау» әдісі. Оған оның дайын жауабы бар. Бірақ тісқаққан Айбек жетекке ермеді. Ол жаққа баспады. Қалайда дайын шумағын айтуды арман еткен Қанатбек:
– «Оралман» деп отырсыз мына бізді, – деп көпе-көрнеу жала жапты. «Шырға тастау» әдісі бұл. Айбек қолма-қол:
– Қанатбек, оралман деп қашан айттым,
Қандасым деп үзіліп отырмын ғой, –
деп дәлелді жауап берді. Қалайда біреу болмаса, біреу «оралман» деп айтар деп көлемді жауап жаттап алған Қанатбек енді ешкім «оралман» демесе де, сол жаттанды жауабын айтып шықты. Яғни тақырыптан ауытқыды. «Ауытқып кету» әдісі дегеніміз осы. Сондай-ақ кез келген ақын «көрерменді жаулап алу» әдісін қолданады. Қазіргі көрермен екі нәрсеге қуана қол соғады. Біріншісі – билікті жаманда, екіншісі – күлкі, бұралқы сөз. Қанша ақиқатты айтқанығанымен, бәрібір бер жағы ғана. «Қашқан жауға қатын ер» дегендей, әйтеу Храпунов, Әблязовтарды жамандай береді. Ешкімге тура бағытталмаған гейлер, тастанды бала, үнді, кәріс сериалдарын айтады. Осыған мүмкіндік беріп отырған кім, заң неге әлсіз, депутат пен министр неге жалтақ – атын атап айта алмайды. Алматының қақ ортасындағы «көгілдірлер» үйін быт-шытын шығарып құртып тастауға заңның күші жетпей отыр ма? Осыған жауапты заң органдарының атын атай алмайды.
Жүрсін Ерман «Бүгінгі айтыскерлер кімнің не естігісі келетінін біліп алған. Қатты қайырымға бармай, сұлу сипап өте шығады» деген. «Жұлдыздар отбасына» берген сұхбатында.
«Көрерменді жаулап алу» әдісін қолдануда Жандарбек шеберлік танытты. Ол басқалар құсап «сүбелі» ойын кейінге сақтап отырмайды. Ә дегеннен-ақ халықтың жанды жерін айтып, жүйесін босатып, жүрегін жібітіп алады. Мысалы, сол айтыста а деген амандасудың өзінде-ақ жер, кредит, еңбекақының аздығы секілді «замана запыранын» сөз етіп, бірден баурап алды. Сол секілді «деталь пайдалану» әдісіне мысал. Бірде Жандарбек айтысып отырып беторамалын түсіріп алды. (Әлде тіпті әдейі түсіруі де мүмкін. Өйткені, әрқашан тап-тұйнақтай биязы Жандарбектің айтысып отырып, қара терге түскенін көрмеп едік). Қырағы қарсыластың жанары мұны қалт жібермейтінін, орамал туралы сөз бастайтынын ол біледі. Ойлағанындай қарсылас орамал туралы сөз етті. Жандарбектің күткені де осы емес пе. Бір ғана орамалдан туындатып, қазақ қыздарының әдеп-ибасы, имандылығы жөнінде айта келіп, өзінің де орамал тартқан қызға үйленетінін айтты. Айтсам дегені сол еді. Айтарын шебер әдіспен айтты. Бұл «детальді пайдалану» әдісі. Сондай-ақ, Айбек:
Астанаға жыр емес, қар жаудырдың, – деп, даладағы қардың өзін керегіне жаратты.
«Сөзінен ұстау әдісі». Алтын домбыра үшін болған айтыста «Алтын үшін желеңдеп жетіп кепсің» деген Жандарбекке Мұхтар: «Отбасы құндылығым – атам-анам, жарым, балам-алтыннан да қымбат» деген тамаша жауап айтты. Сонда Жандарбек «Алтын деген немене тас емес пе, сен өз қымбаттарыңды таспен бағалап тұрсың» дегенге келтіріп айтып келе жатты да, «Онан да алтын құрсақ аналардың батасын алайық» деді. Жандарбек мүлт кетті. Жаңа ғана өзі құнын жойған, тас емес пе деген алтынға енді өзі ана құрсағын теңеп отыр. Бір сәттің ішінде екі түрлі сөйлеп, өз-өзіне қарсы шықты. Осы жерде Мұхтар аңғарымпаз болса, Жандарбекті өз сөзінен шап етіп ұстар еді.
3. Айтыстағы білім.
Айтыс ақынына ең керек қасиеттің бірі – білімділік. Білімді ақын өзіне сенімді болады. Қанша желдей есіп отырғанымен, көрерменді иландырып, бас идіретін – ақылды, білімді сөз болады. Ақын білімі қоржынындағы қазына секілді кез келген уақытта қажетіне жарайды. Ақын нені білу керек? Ең әуелі халықтың көне тілін, ауыз әдебиетін, мақал-мәтел, қанатты сөзін, тарихын, бұрынғы-бүгінгі әдебиетін, әдебиет өкілдерін, шежіресін, этнографиясын, салт-дәстүрін, наным-сенімін білуі керек. Қазақстанның қай өңірінде айтысып отырса, сол өңірдің нені құрмет тұтатынын, нені шам көретінін, жаргоны мен диалектісін, тіпті руларына дейін білу керек. Географиясы мен флора-фаунасына дейін білу керек. Ілиястың «Жетісу» өлеңінде елуден аса өсімдік түрі, ондаған өзен-көл аталады. Сондай-ақ, «Біржан – Сара» айтысы 17 түрлі тақырыпты қамтиды.
Бұрын-соңды айтыс ақындарының ішіндегі білімдісі – Ерік Асқаров еді. Оның айтыстағы осы білімділігі домбырасы мен дауысы онша еместігін бүркеп кететін. Тауып айтылған әрбір сөзі көрерменге дүр-дүр қол соқтыратын. Жалпы, білімділік сипаты жағынан арқа ақындары – Қонысбай, Әсия, Айбек, Аманжол, сонан соң Мұхаметжан дараланып тұратын. Әсіресе, көне аңыздар, әзілдер, ертеректегі қыз-жігіт айтыстары, әр рудың салт-әдеті жөнінде Аманжол ақын көп біледі және айтыста шебер юмормен пайдалана біледі. Бірде Аманжол Сараға: «Неге теңселіп отырасың, тегінде найман қыздары көшкенде түйеге мініп изеңдеп отырады» деуші еді, содан қалған әдет пе?», – деп, ашық сұрақ қойды. Білгенге бұл әзілдің астарында уытты мысқыл бар. Сара ғана емес, күллі найман қыздары намыстанатындай кекету бар. Бірақ мұны Сара түсінбеді, түсінуге білімі жетпеді. Егер түсінсе, Сара тұтанып-ақ кетер еді. Бұл жерде оның ақындығы жетпей тұрған жоқ, білімі жетпей тұр. Түсінсе, жауапсыз қалдырмас еді.
– Найманның болады екен қызы надан, – деген Біржанға Сара қалай жауап беріп еді. Тымқұрыса, осы есіне келмеді-ау Сараның. Әттең-ай!
Еркін Нұржан да, Төреғали Төреәлі де мықты айтыс ақындары. «Айтыстан неге кеттіңдер?», – деген сұраққа екеуі де:
– Айтыс ақыны білімді болу керек. Көп оқып, көп іздену керек. Бұл үшін уақыт керек. Біз осы үшін кеттік. Ізденуге, оқуға уақыт жоқ, – деді. Бұлар – нағыз арлы ақындар.
4. Айтыстың көркемдік сипаты.
Айтыс – ол өлең, поэзия. Қара сөз немесе шешендік өнері сайысы емес. Олай болса, өлеңге қойылар басты талап – оның поэтикалық қуаты, көркемдігі емес пе. Қазылардың көңіл бөлмей жүрген шартының бірі осы. Сатырлаған дауысқа, жұлқынған әрекетке, эмоция мен көңілді күлкіге, сыртқы әсерге көбірек көңіл аударып, ал ақын өлеңі өлең сияқты ма, поэтикалық қуаты, сұлулығы қандай, сөздердің реңктік жарқыл бояуы қандай, таза қанды қазақы сөздердің жымын білдірмей жымдасуы қандай, ұйқастардың ақсамауы, техникалық ауытқымауы деген сипаттардың бәрі ескерусіз қалған. Мен осы қазыларға таң қалам. Ат жарысын не ит таласын көріп отырғандай бір көңіл-күйде отырады. Ау, бұл сөз сайысы, сөз болғанда өлең сайысы ғой. Айтыстың алғашқы жылдарында айтыс ақындарына, соның ішінде әйел ақындарға «шыққанына да тәуба», – деп көп жерінде кеңшілік болғаны рас. Жігіт ақын мен қыз ақын айтысса, міндетті түрде жеңісті қызға беру үрдіс болды. Бірде Қонысбай ақын «Жазығымыз жігіт боп туғанымыз ба» деп ренжіп еді. Ол заман басқа.
Қазір ақындар сан жағынан да, сапа жағынан да жетілді. Қай жағынан алсаң да бірін-бірінен кеміте алмайсың. Қазір әйел, қыз ақын да көп. Ендеше тек әйел болғаны үшін артық балл берудің де қажеті шамалы. Қандай да бір қазы сахнадағы ақын әйелді ерекше құрметтегісі келіп тұрса, жеке бәйгесін бере берсін өз атынан. «Спортта еркек, әйел жоқ, спортшы ғана бар» дейді екен. Сол секілді айтыста да еркек, әйел жоқ, ақын ғана бар дейтін кезеңге біз де жеттік қой. Ақын көп және бәрі шамалас. Бұл жағдайда бірінен-бірін несіне қарап жақсы, жаман дейміз? Әрине, өлеңнің көркемдік сипатына. Ал поэзиялық көркемдікте ең көзге ұрып тұратыны – ұйқас. Айтыста ұйқастың ең қиын түрі шалыс ұйқас. Әрбір екінші жолың ұйқасып отыру керек. Әрі кідірмей, әрі ұйқасты бұзбай төгіліп, тыңдағанның айызын қандырып отыратын ақындар бар. Бір мүдірмейді, бір ауытқымайды, бір мақам ауыстырмайды. Бұған қазір айтысып жүрген ақындардан Айбек Қалиев және Жандарбекті айтуға болады. Әсіресе, Айбек. Айбекте үндестік заңының бұзылуы, буынның кірігуі, буынның жетпей қалуы, әдеби тіл нормасының өрескел бұзылуы, тілдің әсіре шұбарлануы мүлде жоқ. О баста қай ұйқас түрін алды – сонымен бірқалыпты жеңіл сырғиды да отырады. Жандарбек те сондай. Бірақ Жандарбектің жастығы ма, кейде тіл нормасын, өлең техникасын бұзып алады. Мысалы, «жыймайды ма» – деген сөзге ұйқастыру үшін ғана «тимейді мені» – тимейді ма, күймейді мені-күймейді ма? – деді. Түбі Жандарбек өзінің стилі мен имиджін мықты ұстап қалуы керек. «Көрерменді мен де күлдірейінші» деп бұралқы сөздер мен жаргондарға үйір болмау керек. Бұралқы сөз күлуге жақсы болғанмен, ақынды арзандатып жібереді. Ал шумақтың да, бунақтың да, ұйқастың да заңдылығын белден басып, шумағын неше жолдан жасаса да еркі өзінде, 7-8 жолдың тек басында бір жол мен аяғында бір жолды ғана ұйқастыратындар да болады. Мысалы, мына шумақты қарайық:
– Қалжыңдар кезде бұл бала – а
Ағаларынан үлгі алса – ә.
Тып-тыныш отырған әкесін – б
Сахнаға шығар деп қоят – в
Ондай кезде шіркін-ай – г
Сөз түсінер ұл болса – ә.
Сонау баста тұрған «үлгі алса» мен аяқта тұрған «ұл болса»-дан басқа бұл шумақтан ұйқас таба алмадық. Не деген рахат десеңші. Қара сөзбен шұбырта бересің, 5-10 жолдан кейін ғана бір ұйқасың шаң берсе болды. айтыстың рэп-ке айналғаны осы шығар. Сонда әрбір екінші жолды ұйқастырған ақынның шеберлігі қандай, 6 жолда екі-ақ жолы ұйқасқан ақын шеберлігі қандай? Білімді қазы осындайды көрер еді, көре тұра бағасын берер еді.
Екінші бір сипаты – айшықты, бедерлі сөздер, сөз тіркестері, мақал-мәтелдерді, соны теңеулер мен қазақы сөздерді, синонимдерді қолдана білу шеберлігі. Мысалы, Қанатбек Зәйтолла мен Айбек айтысында Айбек тілінің байлығы, тазалығы, шұрайлылығы көзге ұрады. Екінің бірінің тілінде кездесе бермейтін үріп жаққан, айналшық, әз айтыс, жыр-бәсіре, арда, жәдігер, қалау тер, шідер, заһар, дабыс, жадылану, бес буынып деген бұл күнде этнонимге айнала бастаған сөздер кездеседі. Сондай-ақ, мақал-мәтелді ең жиі және шебер қолданатын да Айбек. Тілге жеңіл, жүрекке жылы аллитерациясы қандай!
– Сабырдың сарқып ішкем шәйнегінен.
– Жанымнан жақынымсың, жатырласым
Жүректердің жылуын жалғайтұғын.
– Болғандай жарты әлемге жарым патша.
Жарты, жарым синонимдерін қалай шебер қолданған? Осының бәрі сайып келгенде білімділік. Білімсіз ақын жарты мен жарымның бір-бірімен әрі мағыналас, әрі өзгеше екенін білмес еді.
Әйтеу аға буын жастарға көңіл толмаушы еді деп, қазіргі жас ақындарды жамандаудан аулақпын. Мен қайта қазіргі жас ақындардың ұшқырлығы, ақындық қуаты, алғырлығы мен шапшаңдығы, киімі, домбырасы, мақамы – аға буыннан әлдеқайда жоғары деп ойлаймын. Әр шумақтың аяғы ғана емес, әр сөздегі, әр буындағы дыбыстық ұйқас, антитезалық жұп, синонимдік реңк, тіпті, ассонанс пен аллитерацияға қалай таңданбайсың!
Мысалы, Жандарбек:
– Балалы үйді базар деуші еді,
Ал енді балалы үй барахолка.
– Томар бас, торсық қарын, тапал ақын,
– Шен тигеннің көзіне шел бітеді.
– Ақынды сөзге қарап сыйлаушы еді,
Мыналар көзге қарап сыйлайды ма?
Бәленің бәрі сыйған телеарнаңа,
Қазақтың ақындары сыймайды ма?
– Іші күйген жаулардан емес қазір,
Іші пысқан жандардан қорқу керек.
– Жырымның ішіндегі шоқты көрмей,
Мұрынның ішіндегі боқты көрдің.
Мұхтарда:
– Білдірмей бой үйретіп алған қасқыр,
Шап береді байқатпай шаптан бір күн.
– Гүрілдеп келген жауды қайтарарсың,
Күлімдеп келген жаудан сақтан, жұртым.
– Азаттықты сендерге шанаменен,
Аяз ата әкеп пе ед подарка ғып.
– Үйіңдегі Жаркенттің Жалайыры.
Осы бір ғана жолға назар аударайықшы.
Мұнда синекдохалық әдіспен бөлшектің орнына бүтін, яғни, бір адамның орнында бүкіл бір ру аталып тұр. Міне, қайда білім мен шеберлік!
Жас ақын Жақсылық:
– Қуғында іште кеткен құлының ем,
Құлагер боп оралдым құлдыраңдап.
– Биліктің арыстаны боламын деп,
Цирктің арыстаны болып кетпе.
– Бейбарыстың жеткен ұлы арманына,
Бекарыстың түспейді қармағына.
– Аждаһаның аузынан аман келдім,
Жыланның жыламаймын шаққанына, – деп сөз ұйқасын судай төгілтсе, мұндай шеберліктің шыңына жетіп, алдына қара түсірмей келе жатқан бір ақын бар. Ол – Қанат. Шіркін-ай, әр жолы ғана емес, әр сөзі ұйқасады-ау! Қараңызшы:
– Қазылмаған байлығы – жазылмаған
тарихы
– Аты шыққан ұл – аты шықпаған қыз
– Жетесіз көкелер-некесіз бөпелер
– Қара өлең, қара жырдың қалың норы
– Қайыршының қақалып өлуіне
Қалған-құтқан тамақ та жетіп жатыр.
Тіпті, қазіргі заманның афоризмі деуге боларлық параллелизм қаншама.
– Бақа тілін балық білер,
Базар құнын нарық білер.
– Шырынның қайда екенін шыбын білер.
Шыбынның қайда екенін шырын білер,
– Арыстанға қоясың айбат шегіп,
Сауысқанға әлдерің жетпей жүріп.
– Әкімге күйеу болар білімділер,
Әркімге күйеу болар бүгінгілер.
Сол секілді сырбаз да сабаз ақын Нұрмат:
– Қазанның түбіндегі қаспақ емес,
Қақпақтың бетіндегі қаймағысың.
– Қазақтың қара айтысы қайтыс болып
– Қанаттай шабақтармен қатар жүзіп,
Айнұрдай ақ сазан жүр бұлаң қағып.
– Өңешіне кетеді өгіз құлап
– Адамның өмірі емес, машинаның
нөмірі маңызды.
– Сыртымыз бүтінделіп жатқанменен,
Рухымыз жалаңаш боп бара жатыр, – деген жолдардағы көркемдік қандай!
Сонан соң өлең түгіл ауызекі сөйлеу стилінде мәдениетті адам диалект, жаргон, бұралқы сөз, термин дегендерді қолданса, тілді шұбарлау болып саналады. Ал интеллигенция, яғни, қоғамның зиялы тобына әдеби стильді, тілдік норманы сақтау – міндет. Егер ақындар дегеніміз – ана тілдің абыройын асқақтатпаса, қорғамаса, айтыс не үшін керек? Тек тобырды күлдіру үшін бе? Бұл орайда Балғынбек бауырға өкпеміз қара қазандай. Өкпе ғана емес, кінә да қоямыз.
– Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы
Ол ақынның білімсіз бейшарасы, –
деп пе еді хакім Абай. Ал Балғынбек былғамақ түгілі быламық жасап жатыр. Жарайды, Москва қазақтарында өткен айтыста осылай айтысқаны орынды-ақ шығар. Енді оны әйтеу көрермен күледі екен деп, стильге айналдырып алуға болмайды ғой. Әзіл сенің стилің екен дейік, бірақ тақа әзіл айтқың келіп бара жатса, қазақы қалжың да жетерлік қой. Ал сенікі тіл шұбарлау. Сенің орысшаң – терминге де, жаргонға да, диалектіге де жатпайды. Сенікі бұралқы сөздер. Ауызша айтқанда білінбегенімен, баспа бетіне шыққанда көркемдіктен жұрдай қойыртпақ. Мұндай стильден айтыстың беделі, қадірі кетеді, арзандайды. Айтыстың күлкіге ұшырап, көрінгенге мазақ болуына бірден-бір себеп осындай келеңсіздік. Сахнада не айтуға еркің бар шығар, бірақ дәстүрлі айтысты шұбарлауға, ана тілін шұбарлауға қандай хақың бар? Осы бір стиль сенімен кетсе жарар еді. Жоқ, айналаңды алатайдай бүлдіріп жатырсың ғой. Соңғы кезде жастар түгел осыған көшіп жатыр ғой. Қайтсін енді, халықты қол соқтыру үшін күлдіру керек қой. Мен сенің ақындығыңа шүбәм жоқ. Стилің әзіл болса, қазақы қалжың да жетеді.
Сондай-ақ, ұйқас үшін зорлықпен әкелген сөздерді, орынсыз айтылған сөзді қазылар байқап, ол үшін балл кеміту керек. Мысалы, Зәйтолла Қанатбек:
– Қар астында көктеген қарғалдақты
Тошын бел.
Қар астында жауқазын көктеуші еді. «Қарғалдақ» деген гүл болса, тегі біз естімеген шығармыз, не Қытайда ғана өсетін шығар.
Мұхтар:
– Барақ иті секілді бай-төренің.
Бай-төренің иті барақ болушы ма еді. Барақ ит деп жаман, сабалақ, тексіз (породасыз) итті айтады.
– «Арқаның арсыз қыздары» .
Жекелеген қыздардың ұятсыздығы үшін бүкіл арқа қыздарын арсыз деуі дұрыс емес.
– Анама тартқан қызды әкеліп ем, әкеме ұнамады.
Бұл не дегені? Анасын әкесі ұнатпайтынына мақтана ма?
Аманжол:
– Аулыма Сара келді тақылдаған.
Осында тақылдаған сөзі орынсыз. Тақылдау механикалық қозғалысты білдіреді. Сақылдаған не саңқылдаған десе жараспай ма.
Айнұр:
– Әкең түгілі өзіңді айналдыруға күшім жетеді.
Айнұр үшін жас балаға бұлай деу әдепсіздеу әрі арзан емес пе.
Балғынбек:
«Дін мен жүн».
Өте ұят. Осы да дінге құрмет пе?
Ата қазақ айтысында өте бір ұтымды, жанды жерден дөп тиген, орынды айтылған бір сөздің өзін бағалап, сен жеңдің деп, ары қарай айтысты тоқтату дәстүрі болған. Өйткені екі ақынды еркіне қоя берсең, еш уақытта жеңісе алмайды. Себебі, сөз таба алмай тоқтап қалатын ақын жоқ. Мысалы, «Балта мен Шөже» айтысында Шөже:
– Соқыр, соқыр дейсің де бір тынбайсың
Соқыр десең құтылсаңшы Құнанбайдан, – дегенде, Құнанбай Балта ақынға:
– Жетер, сен жеңілдің. Өз басыңа келер сөзді білмедің, – деп, бәйгені Шөжеге бергізіпті. Сол секілді Айнұрдың бірнеше жерде «боқмұрын» дегеніне Жандарбек:
– Жырымның ішіндегі шоқты көрмей,
Мұрынның ішіндегі боқты көрдің, – деді.
Не деген тапқырлық, не деген жауап және не деген ұйқас. Білген адамға Жандарбек осы жерде-ақ анық жеңіп тұр емес пе.
Сондай-ақ бір айтыста Сара: «Келін боп келген жерім бәрі ақын, бәрі әнші, бәрі сазгер. Тіпті гимнді шығарған Президент те қайнағам» деді. Сонда Жандарбек:
– Онда сол көп әнші, сазгерлердің бір мақамы бұйырмай, не үшін қырғыз қатындарының Әтеке Жырықты жоқтаған жоқтауын мақам етіп иемденіп жүрсің? Қазақта мақам аз ба еді, «біреудің қаңсығы біреуге таңсық» деген, – дегенде, Сара жауап қайтармады. Анығы қайтара алмады. Жандарбек осы арада-ақ жеңіп тұр. Сондай-ақ, Сара Аманжолдың «Түйеге мініп теңселіп», «Қойшы қыздай байталын тақымдаған» деген әзіл болса да шамға тиетін жерінде тойтарып жауап бере алмады. Жеңілген деген осы емес пе. Осы сөз Жансаяға айтылса, жауапсыз қалдырмас еді. Міне, қайда суырыпсалмалық пен білімнің керек жері!
Көркемдік жөнінен қорыта айтқанда, өлеңге өте жауаптылықпен қарап, әр ұйқасқа, әр буынға, әр сөзге терең мән беріп, бірде-бір бөстекі сөз, бұралқы теңеу, ақсақ ұйқасқа ұрынбаған, өлең деген киелінің алдында арын таза сақтаған, сақтап келе жатқан екі ақынды атап айтар едім. Оның бірі – Мұхамеджан Тазабеков, екіншісі – Айбек Қалиев.
5. Ақындық мінез.
Біреу айтты деген бір сөз бар еді. «Ақындар мына жаққа, адамдар мына жаққа тұрсын» деп. Сол секілді ақындарда адамдық мінезден өзге, ақындық мінез болады. Ақындар (соның ішінде жазба ақындар да бар) салдау, серілеу, еркелеу, кейде шектен тыс қарапайым, кейде шектен тыс тәкаппарлау, аздап бақсы-құшнаштау, аздап шайқылау, аңқау-қожанасырлау болып келеді. Ақын табиғаты тәуелділікті (билікке, қоғамға, материалдық байлыққа, тіпті отбасына) ұнатпайды. Мақтаншақтау, есіріктеу, қызғаншақтау болуы мүмкін, бірақ ешуақытта арам, арамза емес. Ал айтыс ақынына ең қажет қасиет – салқынқандылық, майталмандық, кеңпейілдік, сөзге тоқтау, қарсыласыңды да бағалау. Нағыз мінезді ақындар деп тағы да арқа ақындарын атар едім. Қонысбай, Айбек, Аманжол, Әсия, бұларға қоса Мұхамеджан, керекулік Серік Құсанбаев, қызылордалық Нұрмат, Жандарбек, Бекарысты атар едім. Нағыз салдық, серілік, бекзат-тектілік, сырбаздық, сабаздық болмыстарына біткен. Әсия мен Серіктің аздап тәкаппарлығы өздеріне қандай жарасатын. Бекарыс пен Жандарбекке қарап отырып:
– Жасынан түсін билеп сыр бермеген
Дәмеленсе, күндесе, білдірмеген, –
деген Онегиннің сипаты еске түседі. Бұл екеуі үстіне тау құласа, мізбақпайтын, не бәлені басынан асырып көтеріп кететін майталман, табаны бұдырлы буыршын ақындар. Ал қыз-келіншек ақындарға әдемі, сыпайы, мінезді болу жарасар. Бірақ өр мінезді, өжет, шамкес болу да жарасатын қыздар бар. Мысалы, Жансая.
Әр ақынның бір имиджі бар және ол өзіне жарасады да. Мысалы, Айтақынның жер тепкілеуі, Шорабектің азынай шығатын дауысы, Жадыраның көз қысып, құлаққа сыбырлауы тек өздеріне ғана жарасымды болды. Ал қайталау, әсіресе, өнер мен ғылымдағы қайталау – солғын шығады. Бірақ «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды» дегендей, әсіре дарақылыққа ұрынбау керек. Мысалы, аға ақындар айтысында Айтақынның тек тепкілеп қана қоймай, өзбектің биші әйелдерінше басын, белін, бөксесін былқылдатуы, тіпті, ұнап тұрған жоқ. Сонан соң ақындарда ат қойып алу бар. Айтыстағы мінез-құлқына, қарым-қабілетіне қарап халық қояды не өздері бірін-бірі атап кетеді. Мысалы, қара қасқа, сары тентек, қара бәйтік, кобра, аждаһа, жылан, «ақ көйлек, көңіл жай», (бұлай деп домбыра білмейтіндерді айтады) қара аю, қара пәле, күлмесхан т.б. Қандай ат болса да сол ақынның бір қасиеті үшін беріледі. Сахнада гүжілдеу, қол сермеу, тұрып кету, жылап қалу, қарсыласыңды көзіңмен ішіп-жеп өшіге қарау, тіс шықырлату, ақыру, домбыра лақтыру, «қызып» шығу, тұра ұмтылу (мұндайды да көргенбіз) – адамдық тентектікке жатса да, ақындық тентектікке жатпайды. Тентектік – ақынның өзінде емес, өлеңінде болуы керек. Өлең тентек болсын. Мен білетін нағыз «Сары тентек» Есенқұл еді ғой. Есенқұлдың өзі емес, өлеңі тентек еді.
Ал айтыс мақамы туралы бірер сөз. Айтыстың көнеден келе жатқан мақамдары бар. Арқа мақамы, Сыр мақамы, Оңтүстік мақамы. Оған қоса соңғы кезде Қытай қазақтары мақамы, Өзбек, Қырғыз қазақтарының айтыс мақамы қосылып жатыр. Қалайда айтыс ақыны әнші емес. Айтыс – ол айтыс. Сондықтан айтыс ақынының он түрлі әнге салып әндетіп кетуін, не рэп айтуына қазылар қатаң тыйым салу керек.
Тағы бір жай – қазақта айтыс қана емес, шешендік өнері болған. Шешендік өнері айтыстан әлдеқайда ары пайда болған және өте беделді болған. Ел тағдырын, қилы дауларды шешетін билер шешендерден құралып, шешеннің бір ауыз сөзі ердің құнын, нардың пұлын шешкен. Шешенге ел ағасы деп құрметпен қараса, айтыс ақынына жай көңіл көтерер адам деп қараған. Ендеше, неге шешендер сайысын өткізбеске? Ит таласына, бірін-бірі өлімші еткен төбелеске ақша тігіп жатқан қалталы азаматтар осыны да бір ойласа екен. Баяғыдан жүйеге түскен айтысқа жармаса кетпей, тыңнан жол салып, «Шешендер сайысын» өмірге әкелсе, қандай керемет болар еді.
Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ