Риддердің кафелерінің бірінде сөзге келіскен жастардың төбелесі атыспен аяқталды. Атыстан экс-полицей көз жұмып, 4 адам зардап шеккен.
Бұл туралы YK-news.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлады.
Полиция өкілдерінің айтуынша, оқыс жағдай 2 мамырда түн жарымда орын алған.
“От заката до рассвета” кафесінде демалып отырған жас жігіттер төбелес ашып, сыртқа шыққан. Бұзақылар сол жерде тарқасып, екі сағаттан кейін қалада қайта жиналған.
“Олар бастаған төбелестерін жалғастырмақшы болған. Төбелес соңы атысқа ұласып, қалалық емханаға оқ жарақатымен 23-25 жастағы 5 жігіт келіп түсті. Біреуі емханада көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Атысқа қатысы барлар ұсталып, 23 жастағы жігіттен 12-калибрлік мылтық тәркіленді. Жігіттерге оқ атқан осы жігіт деп болжануда”, – деп мәлімдеді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев.
Атыста қаза болған ер кісі 25 жастағы Риддер тұрғыны, бұрынғы полиция қызметкері Қуан Кәрімов екені анықталды. Құқық қорғау органдары атыстың себебін анықтауда.
Ал әлеуметтік желілерде аталмыш атыс бойжеткен үшін болғандығы жазылуда.
Желі пайдаланушылары жанжал кафеде қызмет ететін бойжеткенге Кәрімов тіл тигізгені үшін Владимир есімді азамат ескерту жасағаннан басталған деп есептейді.
Пікір қалдырушылардың бір легі Кәрімов бойжеткенге қол көтеріп, бұл кесірге өзі тіленіп алды десе, тағы бір легі оның жақсы азамат болғанын алға тартуда.
Естеріңізге сала кетсек, 15 жігіт қатысқан төбелес соңы атысқа ұласып, бір адам көз жұмғаны бұған дейін хабарланған болатын.
Жас жігіттің денесі Зайсанға туған-туыстарына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, өзге зардап шеккендердің денсаулығы бірқалыпты.
Дереккөз: Nur.kz