Аспанға қарап, жұлдызды санап жүріп-ақ әр адамның жадында жатталып қалған бұл жолдар басқаша шырқалуда деп хабарлайды КТК арнасы.
Абай Бегейдің орындауындағы “Аспанға қараймын” хиті Роза Рымбаева, “МузАРТ”, Қайрат Нұртас, Арман Дүйсенов, Жанар Дұғалова бастаған эстрада жұлдыздарының бірігуінен соң өзгеріске ұшырады.
Еңбектеген баладан бастап еңкейген қарттың да көңілінен шыққан әнге бірлік күнінің қарсаңында эстрада жұлдыздары мен халық қалаулылары, бөбекжайдағы балалар мен қарапайым жұмысшылар бірлесіп ән шырқап, сосын оған клип түсірілді.
Олар елдің тұтастығын көрсетіп, жүректен шыққан жылы лебіздің әрқашан келесі жүректен орын табатынын көрсетпек болыпты.
“Жақында ғана ұсыныс түсті бізге, біздің әнді өзгертіп, барлығымыз бірге орындайық деп. Мен қуана-қуана келістім. Себебі, бұл ән – Қазақстанға кең тарап кеткен туындылардың бірі. Әннің аты өзгертілді, сөзі де түгел өзгертілді. Тек қана аспанға қараймын, жұлдызды санаймын деген сөз қалды. Ал қалған сөздер біздің елімізге, біздің тәуелсіздігімізге арналып жазылды”, – дейді әнші Абай Бегей.
Осылайша кең тараған туындының әнінен бастап сөзіне дейін жаңартылған. Елдің бірлігін баяндап, жұрттың тыныштығын тілейтін жолдардың бастапқыда жауапсыз махаббаттан жазылғандығын бірі білсе, бірі біле бермейді. Бір бойжеткенге ессіз ғашық болған Дәуір Сағындықов қол жеткізбес жұлдыздай арудың оның жұлдызын жағатынын ойламапты да.
“Мен үшін ол қыз жұлдыз болды, қол жеткізбес жұлдыз болды. Сол кезде аспандағы жұлдыздарға қарап отырып, саған қолым жетеді ма деген қиялмен шығарған болатынмын. Ол әннің бағы жанып кетті деп ойлаймын. Мысалы, қара нәсілділер айтып жүр, одан кейін Тиматидің ең сүйікті әні болды, орыс халықтары да осы әнді ресторандарда айтып жүр”, – деді ақын Дәуір Сағындықов.
Айта кетерлігі, клипті түсіру жұмыстарына қатардағы қызметкерлер мен бірге балабақшадағы балалар, университет студенттері мен халық қалаулылары атсалысқан. Режиссердің айтуынша, жүректен шыққан шынайы жылы лебіздің келесі жүректен орын табатыны сөзсіз.
“Депутаттар халықтан алыстап кетті деген ойды жиі естиміз. Олар жеке шаруасымен айналысып, қараша халыққа назар аудармайды деп жатады. Бірақ біз бұны жоққа шығардық. Депутаттар ел қатарлы ән айтып, би биледі”, – дейді режиссер Болат Акунов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Халық әртісі Роза Рымбаева Абай Бегейдің шығармашылығын сынап, бұл “өнерді түсінбейтінін” жеткізген еді. Атақты әнші радиодан “Аспанға қараймын” хитын тыңдағысы келмейтінін, бұл ән ойнап жатқанда, радионың үнін өшіріп қоятынын жасырмаған.
Өз кезегінде сынның астында қалған Абай Бегей Роза Рымбаеваның сынынан кейін сахнадан кетпекші болғанын да айтып қалды. Дегенмен танымал хит авторы Роза Рымбаеваның сынына өкпелемейтінін айтты.
Дереккөз: КТК