Израильдегі эфиопиялық еврейлердің наразылық шаралары әлі де тоқтар емес. Билік тарапынан қолдау таппайынша, ереуілшілер елдің негізгі жолдарын ашпауға бекініп отыр.
Израильде полицейлер күні-түні кірпік қақпай жұмыс істеп жатыр. Өйткені елдегі бүліктің жақын күндері тоқтайтын түрі жоқ.
Мұнда тұратын 136 мыңнан астам эфиопиялық алғаш рет өздерінің құқықтарын қорғап, көтеріліске шықты. Халық кедейшілік, нәсілдік кемсітушіліктен әбден қажыды. Ал соңғы рет эфиопиялық жігітті өлімші етіп сабап кеткен полицейдің іс-әрекеті жығылғынға жұдырық болды.
“Билікте біздің мүддемізді қорғайтын біреу болуы керек. Қазір біздің ортамыздан шығып, белгілі бір дәрежеге көтерілген адам саусақпен санарлық. Көбісі қара жұмыс істейді. Бұдан былай мұндай қорлыққа көнбейміз”, – дейді эфиопиялық еврейлер қоғамның белсендісі Моше Саламон.
Полицейден таяқ жеген Дамас Пакадо жай ғана сарбаз емес. Жетім баланы былтыр ел президенті Реувен Ривлиннің өзі марапаттапты. Жәбірленушінің айтуынша, ол қоршаудан өтпек болғанда, полицей оған қол жұмсаған.
“Мен бұл оқиғаны естіп біраз есеңгіреп қалдым. Тәртіп сақшылары тез арада қандай да бір шара қолданулары керек. Мен бұдан былай жәбір көргендер жайлы естігім келмейді”, – дейді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
Қақтығыстардың салдарынан қаза тапқандар жоқ. Тек 70 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түсіпті. Оның 56-сы полиция қызметкерлері.
Қазір сарбазды соққыға жыққан полицей жұмыстан шығарылып, қылмыстық іс қозғалды. Үкімет басшысы болса, эфиопиялық еврейлердің көшбасшысымен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдауға уәде етті.
Ал елдің тең жартысы наразылыққа шыққандарға қолдау білдірді. Демек, көтерлісшілердің мәселесі жабулы күйінде қалмақ емес.
Дереккөз: 24.kz