Латын әліпбиіне көшкен соң…

0
649

1359697735_latyn-alipbi

Жуырда бір халықаралық конференцияға келген Әзірбайжан экономикалық университетінің профессоры аты-жөнді тіркейтін қағазға есімі мен фамилиясын бірден жаза алмай, ойланып тұрғанына куә болдық. «Біз кирилл таңбаларын ұмытқалы қай заман! «Магистратура бөлімінің басшысы» деген сөйлемді қалай жазушы еді осы?» деп, кібіртіктеп біраз тұрып қалды.

Иә, 2001 жылдың маусым айында Әзірбайжан Президенті Гейдар Алиев «Әзірбайжан тілін тереңдетіп жүзеге асыру» туралы заңға қол қойып, сол жылдың 1 тамызынан бастап ел жаппай латын әліпбиін қолдануға міндеттелгеннен бастап әзірбайжан халқы кирилл графикасынан түбегейлі қол үзгені рас. Тіпті 2001 жылдың 1 тамызынан бастап ескі әліпбиді пайдаланғандар заң жүзінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болған соң әзірбайжандар тек латын әріптерін қолдануға көшкен. Сол кезде республикадағы ірі-ірі екі–үш газеттің бас редакторлары Президенттен латыншаға көшуді бірер айға кейінге жылжытуды өтініп хат жазған. Алайда олардың ұсыныс-тілектері қабылданбады. Кеңестік жүйенің құрамынан шыққан мемлекеттер кирилл графикасын әлі де пайдаланып жатқанда әзірбайжандар латын әліпбиіне неге жедел ауысты? Бұл саясаттың басты мақсаты әрине, әзірбайжан тілін сақтап қалу, тілді ең алдымен орыс, парсы, т.б. шет ел сөздерінен тазарту, әзірбайжан тілін таза ұлт тілі ету. Сөйтіп әзірбайжандар 1940 жылдан бері пайдаланып келген кирилл таңбаларымен біржолата қош айтысқан еді. Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Бұл тарихи тұрғыдан қысқа кезең болғанмен тіл тағдырына үлкен ықпал ететін әжептәуір уақыт екен.

Әзірбайжан Парламенті әліпбиді ауыстыру туралы шешімді 1992 жылы қабылдаған болатын. Қазақстанда да осы кезеңде латын әліпбиіне жедел көшу туралы Президентке ұсыныстар айтылды. Дегенмен Елбасының көрегендігі мен тереңнен ойлатын парасатының арқасында Қазақстан латын әліпбиіне бірден көше қойған жоқ. 2012 жылы Елбасы 2025 жылға дейін жаңа әліпбиге көшіруге қатысты пікірлерін айтқанда латын әліпбиімен қоса кириллица жүйесін де біраз уақыт қоса қолданатынымызды білдірген болатын. Латын әліпбиінің Қазақстанға әлемдегі басқа халықтармен қатынас жасауына, дүниежүзінің ғылым-білімін игеру үшін қажет екендігін айтқан Нұрсұлтан Назарбаев бұл жүйеге жан-жақты таразылап, әбден екшеп барып, асықпай көшу керектігін ескерткен еді.

Әзірбайжандар тілдік жүйені латыншаға түбегейгі ауыстырғанда көздеген мақсатына жетті ме? Әзірбайжанның тіл маманы, доктор, профессор Джаваншир Шиблиевтің халықаралық «Bilig» басылымында жарияланған «Linguistic Landscape approach to language visibility in Post-Soviet Baku» деп аталатын мақаласына назар салсақ, латын әліпбиіне жаппай көшіру нәтижесінде әзірбайжан тілі орыс сөздерінен толық тазарса да ағылшын, француз, түрік сөздері тілді шұбарлай бастаған. Ғалым мысал ретінде ел астанасы Бакудегі бүкіл мейрамханаларды, дүкендерді, фирмаларды, білім беру мекемелерін, мәдениет, ғылым ошақтарын, т.б. қоғамдық қызмет көрсететін орындардың маңдайшаларындағы жазуларын суретке түсіріп, лингвистикалық сараптама жасаған. Ғалымның зерттеуінің нәтижесінде ағылшын тілі бүкіл Бакуды жаулап алғаны анықталып отыр. Бір шеті жаһанданумен байланысты бұл процесті былайғы әзірбайжандар байқамауы да мүмкін. Тілші ғалым ретінде жан-жақты сараптама жасаған Джаваншир Шиблиев қаладағы шаштараздардың атауларына дейін тіркеп алып, саралаудан өткізіпті. «Кеңес кезінде шексіз күшке ие болған орыс тілінің әлсірегені байқалады. Ағылшын тілі барлық саланы жаулап алды. Орыс тілі атқарған көптеген функцияларды ағылшын тілі иемденіп, Бакудегі негізгі тілге айналып барады» деген ғалым, қазір Әзірбайжанда үш тенденция байқалатынын жазған. Олар: түркілік негізге оралу, дерусификация және тілдік жаһандану.

Ғалымның ойынша жергілікті нарықта жаһанданумен бірге жаңа «режиссер» шыққан, ол әрине ағылшын тілі. Шиблиев Бакудің орталық бөлігіндегі мектептерді, полиция бекеттерін, университеттерді, мұражайлар мен кітапханаларды, базарлар мен дүкендерге дейін барлығы 800 нысанды суретке түсіріп, олардың атаулары маңдайшада қалай жазылғанына лингвистикалық талдау жасаған. Көп ұлтты Әзірбайжанда барлық ұлттардың тілдік құқығы мемлекет тарапынан қорғалады. Бірақ жаһанданумен бірге ел ішіне дендеп енген ағылшын тілі елдегі басқа ұлттардың тілдері тұрмақ әзірбайжанның ана тілін «баса көктеп барады». Оған басты негіз болып отырғаны латын әліпбиіне елдің тым ерте көшкендігі. Латын әліпбиінің арқасында ағылшын тілі Бакуде үстем тілге айналған.

Әзірбайжанда латын әліпбиіне көшу мәселесі 1922 жылы құрылған жаңа әліпбиге көшу туралы мемлекеттік комитет құрылған кезден басталады. Сол кезде әзірбайжан тіліне лайықталып латын жазуы негізінде жаңа әліпби жасау туралы алғашқы идеялар айтылды. Латын әліпбиіне көшу 1929 жылдың қаңтарында аяқталған. Бұл Түркияның да осы жазу түрін пайдалана бастаған кезі. 1940 жылы Әзірбайжан латын жазуынан кириллийа жүйесіне алты ай ішінде көшіріледі. Құжаттағы «әзірбайжан түркілері» деген жазу «әзірбайжан ұлты» дегенге ауысқан кезі осы тұс.

Елдің Милли мэджлисі республиканы латын әліпбиіне түбегейлі көшіру туралы ұсынысты 1992 жылы құжат арқылы бекітеді. Бірақ 2001 жылға дейін бұл үрдіс қолға алынбайды. Бұған елдегі газет-журнал редакторлары да себеп болса керек. Басылымдардың бас редакторлары әліпбиді ауыстыру баспасөзге орасан нұқсан келтіретінін, оқырман саны күрт азаятынын мәселе етіп көтереді. 2001 жылы Әзірбайжан халқы латын әліпбиіне мәжбүрлі түрде көшкендігі айқын. Өйткені ағылшын тілінің негізі болып табылатын латын әліпбиіне ерте көшу жаһандану заманында ұлт тілінің қоғамдық рөлінің төмендеуіне әкеп соғатыны о баста белгілі еді. Кеңес кезінде орыс тілінің үстемдігіне қарамастан қоғамдық орындарда, отбасында ана тілінде сөйлесетін әзірбайжандар жаңа ғасырда бұрын болмаған «тілдік басқыншылықты» бастан өткеруге мәжбүрленеді.

«Тіл — посткеңестік Әзірбайжанның мемлекет қалыптастырудағы маңызды элементі, тәуелсіздігінің символы» екеніне қарамастан әзірбайжан тілі ағылшын тілінің үстемдігін айқын сезіне бастайды. Әзірбайжан тәуелсіздігін алғаннан бастап тіл символдық құндылық ретінде қабылданған кезде-ақ бұл өзекті мәселе еді. Тілдік ерекшелік Türklük (түркілік) және Azәrbaycanlılık (әзірбайжандық) деген екі дилеммаға негізделеді. Ол кезде ел үкіметі Türklük-ті таңдаған еді. 1992 жылғы мемлекеттік тіл туралы заңда тіл статусы «әзірбайжан түрікшесі» ретінде белгіленеді. 1995 жылы бұл өзгертіліп, «әзірбайжан түрікшесінен» «әзірбайжан тіліне» өзгертіледі. «Бұл тілді сақтап қалудағы үлкен бетбұрыс еді» дейді, профессор Джаваншир Шиблиев.

1991 жылы Милли мэджлис — Әзірбайжан Парламенті латын негізді әзірбайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы заң қабылдайды. Бұған тілдік қана емес саяси, психологиялық, прагматикалық пікірлер негізге алынады. Кирилл әрпінен латынға көшу тәуелсіздіктің символы, орыс сөздерінен тілді тазарту және Батысқа бет бұрудың бір нышаны болды. Баку расында да Батысқа түбегейлі бетін бұрады. Ұлт тілін сақтап қалуға қатысты әр жылдары қабылданған заңдардың өрескел бұзылып, оны жөндеуді ешкімнің мойнына алмағандығы айқындалуда. 1992 жылдан бері тіл мәдениетіне байланысты бірнеше заңнамалық актілер қабылданған. Маңызды құжаттың бірі 1998 жылы бекітілген жер-су атауларына байланысты заң. Бұл құжатта барлық жер-су атаулары мемлекеттік тіл туралы ережелерге сай жазылуы керек екендігі нақтыланған. Тіпті атаулардың арасында шет ел тілінде жазылғаны болса әзірбайжан тіліндегі атауы қоса берілуі керек делінген. Импорт, экспорт тауарлардың аттарын жазу барысында мемлекеттік тілді қолдану ережелері 1995, 1997, 1999 жылдардағы заңдармен бекітілген.

Әзірбайжанның әкімшілік заң бұзушылық жөніндегі кодексінің 315 бабында тіл туралы заңды бұзушылар жазаланатыны туралы да айтылған. 2002 жылғы Тіл туралы заңда да мемлекеттік тілдің маңыздылығы баса көрсетілген. Бұл құжатта тіл тәуелсіз елдің символы ретінде белгіленіп, оны қорғау және дамыту жөнінде ережелері қоса бекітілген. Бұл заңда Әзірбайжанда шет ел сөздерін қызмет көрсету, жарнама мәтіндерінде қолдануға болатындығы айтылған, бірақ «алдымен әзірбайжанша атауы жазылуы керек» делінген. Оған қоса әзірбайжан тіліндегі мекеме атауы екінші тілдегі атаудан үлкенірек болуы баса көрсетілген.

Алайда бұл заңдар Әзірбайжанның басқа аймақтарын айтпағанда бір Бакудың өзінде елене бермейтінін зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр. Былтыр «Жаһандану заманындағы әзірбайжан тілін қолдану туралы 2013-2020 жылдарға арналған бағдарлама қабылданған. Көшедегі жазуларда әзірбайжан әдеби тілінің бұзылуына қатысты шаралар қолдану туралы да осы құжатта жазылған. Бағдарламаны жасаушылар «хотлайн» жүйесін іске қосты. Яғни көпшілік мейрамханалар мен дүкендердегі т.б. атауларынан қателер көрсе арнайы орындарға хабарласып айтуына болады. Көше атауларын жазуларды дұрыс таңбаламағандар да осы заң арқылы жазасын алуы тиіс. Тіл мамандары әзірбайжанның ана тілін осындай жолмен қорғап, оның тазалығына осылайша қол жеткізуге болады деп сенген.

Бірақ Джаваншир Шиблиевтің Бакудегі 800 нысанға жүргізген зерттеуі көрсеткендей, ағылшын тілінің үстемдігі барынша айқын көрінуде. Ел астанасындағы театр, концерт залдары, мұражайлар т.б. мәдени ошақтардың үштен бірінде әзірбайжанша атауымен қоса ағылшынша баламасы қоса жазылыпты. Қаладағы жалғыз орыс театрының атауы ғана орысша әріптерімен таңбаланған. Демек, Баку көшелеріне қарап, орыс тілі Әзірбайжандағы баяғы екінші тіл ретіндегі рөлінен біржолата айырылғанын байқаймыз. Орыс тілінің үстемдік функциясын «қағып алған» ағылшын тілінің бизнесс саласындағы ықпалы өте зор. Бакудегі банк иелері әзірбайжан тілін кейінге ысырып қойып, мекеме атауларын тек ағылшын сөздерімен таңбалаған.

Егер бұрын әзірбайжанша атаудан соң орысша баламасы жазылса қазір оның орнын ағылшын сөздері басқан. Бакудегі барлық ЖОО-ның атаулары әзірбайжаншамен қоса ағылшынша жазылған. Атауын тек мемлекетік тілде таңбалаған оқу орны жалғыз «Azәrbaycan İctimai siyasi universiteti» екен. Джаваншир Шиблиев мақаласында әйтеуір бала-бақшалар мен орта мектептердің маңдайшасындағы атаулардың барлығы дерлік таза әзірбайжан тілінде болғанына шүкіршілік етеді. Жалпы Бакудегі 17 қоғамдық мекеменің тек бесеуінде ғана атаулар мемлекеттік тілде таңбаланыпты. Отыз үш мемлекеттік мекенің тоғызы жаһандану үрдісінен қалыспау үшін әзірбайжан тіліндегі атауымен қоса ағылшыншасын қосып жазған. Жалпы Әзірбайжандағы Кеңес үкіметі тұсында мемлекеттік мекемелердің маңдайынан міндетті түрде көрінген орысша атаулар 100 пайыз өшірілген. Бакуді аралап жүріп кирилл әрпімен таңбаланған, орысша атаудағы бірде бір мемлекеттік мекемені көрмейсіз.

Бакудегі полиция бекеттері мен құқық қорғау орындарының он бесін тексерген тіл маманы олардың үшеуінде қосымша ретінде ағылшынша атауы жазылғанын анықтаған. «Кеңес кезінде әр жерден көзге ұрып тұрған әзірбайжан-орыс билингуализмдері қазір еш жерден кездеспейді» деген Джаваншир Шиблиев «Әзірбайжанның тіл туралы заңын бәрінен бұрын банктер бұзуда, — дейді. — Олардың көпшілігі атауларын тек ағылшынша көрсеткен, әзірбайжанның бірде бір сөзін таппайсыз. Мемлекеттік тіл туралы заң осылайша өрескел бұзылуда». Ал бәрінен сорақысы ел астанасындағы туристік мекемелердің бірде бірінің атауы әзірбайжан тілінде болмауы. Бұл да елдегі тіл саясатына қайшы әрекет. Туристік фирмалардың басым бөлігі атауын ағылшынша қойған. Жергілікті қонақүйлердің атаулары да жаппай ағылшынша. Тек «Mirvari» деген жалғыз саяхаттау компаниясы мемлекеттік тіл туралы заңды сақтаған. Сондай ақ, Бакудегі сауда-саттық орындарының басым бөлігі өз атауын әзірбайжанша емес, басқа елдің сөзімен атаған. «Оған қоса көшедегі мемлекеттік тілдегі мәтіндердің кішірейтіліп берілуі тіл туралы заңды бұзғандық» дейді зерттеу авторы.

Әзірбайжанда ағылшын тілінің әсерінен бизнесс орталықтары мен компаниялардың көпшілігі мемлекеттік тіл туралы заңды сақтамайтын көрінеді. Бүкіл бизнесс мекемелердің үштен бірі ғана атауын әзірбайжанша қойған. «Саяси жарыста ағылшын тілі орыс тілін аз уақытта жеңсе, түрік тілі жаңа «ойыншы» ретінде тілдік сахнаға көтерілді» дейді профессор. Жалпы айтқанда Бакудегі бүкіл атаулардың арасында таза әзірбайжанша сөздер ағылшынша атаулардан саны жағынан анағұрлым аз екен. Мәселен, электроника дүкендері, кітап дүкендері, стационарийлердің жиырма жетісінің бесеуі ғана маңдайшадағы атауларын таза әзірбайжан тілінде жазған.

«Орыс тілінің «құрдымға кеткені» соншалық, Кеңес кезінде әр бұрыштан көрінген «аптека» деген жазуды да таппайтын болдық» дейді мақала авторы. Әрине, доктор Шиблиев орыс тілінің үстемдігін аңсап отырған жоқ. Бұл мақаласын ағылшын тілінде жазу арқылы Батыстың бұл тілі орыс тілінен де зор үстемдікке ие екендігін дәлелдеп көрсетпек болған. Шиблиев Бакудегі балалар киімдерін сататын дүкендердің жиырмасының тек екеуі ғана атауын әзірбайжанша қойғандығы анықтаған. Бұл дүкендердің тең жартысы таза ағылшын сөздерімен аталыпты. Қалғандары итальян, француз, т.б. тілдерде қойылған. Әзірбайжан астанасында орыс тілі ізсіз өшіріліп, тек бір ғана дүкеннен «требуется продавщица» деген жазуды көріп, ескі жүйені еске түсіргенін жазған зерттеуші әзірбайжан тілінің шұбарлану процесі жаңа қарқынға ие болғандығын мәселе етіп көтереді. Мәселен, бүгінде дүниежүзіне кең тараған ағылшынның «brand» сөзі Бакуде де сәнге айналып, әзірбайжанша «brend» дүкендері пайда болыпты.

Бакудегі мейрамханалар мен аспаздық дүкендердің басым бөлігі атауын шет елше қойған. Оған қоса итальян, француз, арап, украин атауындағы мейрамханалар қаптап кеткен. Осылайша кирилл әріптерін қолдану ескі колониалды жүйені еске түсіреді деп, табысқа бет бұрамыз деген әзірбайжандар өз тілін өз астанасында өгейсіту үстінде. Әзірбайжан ғалымы тілдің шұбарланғаны сонша, қала көшелерінде қай тілде екені белгісіз, жартысы ағлышынша, қалған бөлігі әзірбайжанша, небір түсініксіз атаулардың көбейіп кеткенін да айтады. Әзірбайжандағы тілдік үштік: ағылшын, әзірбайжан және түрік тілі болса, «түрік тілі қанша жарысқа түссе де ағылшын тілі оны бәрібір жеңіп кетіп отыр» дейді автор. Қаладағы он үш дискобардың сегізі таза ағылшынша, қалған үшеуі басқа шет ел тілдерінен. «Қалған біреуінің атауы ғана «Elita», бұның өзі әзірбайжанша емес қой» дейді авторы. Қаланы сондай-ақ «Guess», «Armani», «Tom Ford» сияқты шет ел сауда маркалары жаулап алған.

«Жаһандану белгілері қоғамдық орындардан айқын көрінеді. Ол жаһанданудың тілі ағылшын тілі арқылы жүзеге асуда. Әсіресе Бакудің ортасындағы жаһанданған атаулардан көз тұнады» дейді ғалым. Жаһандану жаһанданған сауда маркаларымен және жаһанданған тілімен (ағылшын) Бакудің орталығына мықтап жайғасты. Ағылшын тілі мемлекеттік тілдің орнын басатын екінші тілге айналып барады. Орыс тілі тізгінді ағылшын тіліне беріп, ал мемлекеттік тіл түрік тілімен бәсекеге түсуде» деп, сөзін түйіндейді, профессор Джаваншир Шиблиев.

Әзірбайжанның Жазушылар Одағының хатшысы бірде былай деп еді: «Бакуде біреуді кездестіріп, «не істеп жүрсің?» деп сұрасаңыз міндетті түрде «ағылшын тілін үйреніп жүрмін» деп жауап береді. Бізде ағылшын тілі ең өзекті мәселе және өмірлік қажеттілікке айналды». Рас, жаһанданудың басты тілінің қажеттілігін ешкім жоққа шығармайды. Халықаралық қатынас құралы ретінде де ағылшын тілінің рөлі басым екені белгілі. Дегенмен, жаһандану үдерістеріне ілігеміз деп, көштен қалмауға барымызды салып жатқанда ана тілімізден қол үзіп қалмасақ деңіз. Елбасы сарабдал саясатының арқасында латын әліпбиіне көшуді кешеуілдету арқылы әзірбайжан қоғамы бастан өткеріп отырған тілдік мәселелерден қазақ қоғамын алдын ала сақтап қалды. Мәселен, қазақ тілі ағылшын тілінің ықпалынан ада. «Мәңгілік елге» Елбасы көрсеткен «Нұрлы жолмен» жетуді мақсат еткен біз мемлекеттік тілді меңгергендердің санын көбейтуді ғана ойламай, ана тіліміздің тазалығын сақтауға барынша күш салуымыз керек.

Шарафат Жылқыбаева

«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз