Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жетісулық ардагерлердің басын қосқан алқалы жиын өтті.
Алматы облысыныңәкімі Амандық Баталов майданда қан, тылда тер төккен асыл жандарға бүгінгі ұрпақтың ізгі тілегін жеткізді. Деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысына аймақтан 120 мың адам аттанған болса, олардың жартысы елге оралмады. 54 азамат Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Бұл қатардағы көзі тірі жалғыз батыр Иван Косенковқа Елбасының Жарлығымен үшінші дәрежелі «Барыс» ордені тапсырылды. Одан өзге мемлекеттік әртүрлі марапаттарға лайық деп танылған 23 ардагерге сый-құрмет көрсетілді. Қазір облыста 300-ден астам соғыс ардагері бар. Олардың әрқайсысына облыстық бюджеттен 150 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетілуде.
Бекмұхамет Шермұхаметов, соғыс және еңбек ардагері:
– Бұл соғыста немістің оғы тимеген ардагер болған жоқ. Бәріне тиді. Соның бірі мен болдым. Бірақ аман қайтып, елге оралып, ұзақ жылдар бойы прокуратура органында жұмыс істедім. Халық аман болсын деймін. Тілегім сол.
Күрішбек Көжекбаев, соғыс және еңбек ардагері:
– Бүгінгі біздің басқосуымыз – Жеңістің 70 жылдығы қарсаңындағы кездесуде өте жақсы әңгімелер айтылды. Соны жастарымыз естерінен шығармауы керек.
Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/ardagerlerdi-arda-tajy/item/63209-tkizildi