Тұрсынбек Кәкішев. Бізді мұнай жеткізе ме, Құдай жеткізе ме осыны ойлау керек (сұхбат)

0
598

tursinbek kakish

Тұрсынбек Кәкішұлы, профессор, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, “Парасат” орденінің иегері, Халықаралық Жоғары мектеп академиясының академигі

“Ардақты” деген сөз көп кісіге айтылса да, елінің шынайы ардақтысы бола білгендер сирек. Замана желі қай жаққа жетелесе де, бағытынан таймай, халқына деген адалдығынан айнымай келе жатқан, парасат-пайымы бөлек сондай ардақты азаматтардың бірі Тұрсынбек Кәкішұлымен әңгімелескен едік.

— Сіздің бала кезіңіздегі ауыл ақсақалдары қандай еді? “Даналық адамға өмірлік тәжірибеден жиналады” десек те, бала кезде өрісті ортаның даналық тәлімін көрген бала ғана халықтың ұлы бола алады ғой.

— Мен қазақ жерінің бір әдемі өлкесінде, Көкшетау облысы, Бұланды ауданының Алтынды деген кентінде туып-өстім. Туған жерім Бөрілі — Швейцарияға бергісіз жер. Дүниежүзін аралаған уақытта табиғаттың ешбір көркемдігіне таң қалмаймын. Өйткені, туған жерім одан артық. Астанадан Бурабайға жол тартқан жолаушылар Көкшетаудың сұлулығына тамсанбай өтпейді. Ол кездегі ауыл ақсақалдары сөз білетін еді. Елдің жағдайын біліп отыратын. Қазіргі төрелер сияқты төрде шалқиып отырмай, елді аралап жүріп, халықтың сөзін сөйлеп, елдің шаруасын тындыратын. Ресей Өкіметі келгенге дейін қазақ даласында бірде – бір түрме, бірде – бір құлып болмаған. Бұл ненің күші? Бұл — ауыз әдебиетінің күші, ақсақалдардың айтқан өсиеттері еді. Сондықтан  түрме, зындан дегендер болмады. Қазақ елінің жетелілігі сонда, ол әрқашан керек-жарағын екі ауыз сөзбен тауып алып отырған. Соның бәрін жүзеге асырып, бізді азаматтық жолға тәрбиелеген сол ақсақалдардың өсиеттері болатын. Ал қазір полиция көп болса да ұрлық-қарлық, кісі өлтіру тыйылмай отыр. Өркениеттің кейпі осындай болса,  онда бұндай өркениеттен іргені аулақ салған жөн. Өркениет адам үшін болса, адамдарды дұрыс жолға қою керек. Әйтпесе, азғындық, ақшаға табыну психологиясының тіпті қатерлі екенін көзбен көріп отырмыз.

— Тау-кен инженері болуды армандаған баланың әдебиет инженері болуы қызық екен. Әдебиеттану ғылымы — асқар тау болса, оның кенін игерудің өзі бір азапты жұмыс. Төзім мен ізденісті серік етіп, талай дүниенің құпиясын аштыңыз. Сын тарихында әлі игеруді қажет ететін «қазба» байлық бар ма?

— Сын жанрында игерілмеген «қазба» байлық бар деп айту қиын.  Өкінішке орай, мынау социализмнен кейінгі өтпелі заманда кейіпкердің кім екенін білмейміз. Әлі кейіпкер анықталып болған жоқ. Ақшаны мақсат тұтқанды құрметтейміз бе? Әлде өтірік айтып, елді алдап жүрген алаяқтарды құрметтейміз бе? Социализм заманында “еңбекшіні, жұмысшыны жырла” дегенде сол кейіпкерлерден үлгі алатынбыз. Ал қазір ақшаға құныққан, ақша үшін бір-бірін өлтіріп жатқандардан қандай үлгі алмақпыз? Сондықтан бүгінгі әдебиетте көркем шығарма туған жоқ. Сондықтан сын да тежеліп жатыр. Елдің ойын айтатын жақсы шығарма дүниеге келсе, “Мынаусы дұрыс, ал мына жерінде кемшілік бар” – деп, сын өзінен өзі атойлап шығады.  Мысалы, Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалауы», Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» туған кезде сынның өзі дүркіреп көтеріліп кетті.  Біреу мақтап, біреу даттап дегендей айтыс-тартыс тудыратын шығарманы жаман шығарма деуге болмайды. Таңертеңнен кешке дейін мақталатын, “мынау керемет шығарма, оның авторы данышпан” дейтін шығармалардан қорқу керек. Үнемі мақталатын шығармалар жалғандыққа  үйретеді. Ал айтыс-тартыс тудыратын шығармалар өмірдің не екенін, кейіпкерлердің кім екенін, алдына қойған мақсаты не екенін жұртқа мықтап танытады. Сондықтан, қазір біз “әдебиетіміз жетілді, дамыды, дүниежүзілік аренаға шықты” дегенімізбен әдебиет тоқырау заманында екенін ескеру керек. Осыған байланысты сын да тоқырап жатыр. Рас, поэзияда іздену бар. Бірақ соның өзі жылауық іздену болып тұр. Бізде жақсы үлгі-өнеге көрсететін шығармалар аз. Ал шығармалар жазыла қалған күннің өзінде біреуді аспанға көтере мақтаған жәреуке шығармалар көп. Бұдан әдебиет те, халықтың санасы да биікке көтеріледі деп айта алмаймын.

— Халықтың азамат болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бүгінде өзін зиялы санайтындар көп. Халықтан өзін биік ұстайтын эгоцентристік принциптердің көрініп қалатыны жасырын емес. Ұлт жанашырыинтеллигенция халыққа қалай қызмет ету керек?

— Мен осыдан үш-төрт жыл бұрын бір газетке берген сұхбатымда: “Біз әлі құлдық психологиясынан шығып болмаған зиялымыз” деген ойды айттым. Өкінішке орай, заманның ыңғайына  қарай ма, әлде психологиямызда сондай қылтанақтар бар ма, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болуға құмармыз. Бәрін коммунистік идеологияға жаба береміз. Бірақ оның алдындағы Ресей империясының қарамағында төре, жандайшап болғандардың іс-әрекетіне қарап, жағымпаздық мінез қазаққа ертерек дарыған ба деп ойлауға болады. Кімнің күші мол болса, соған жағына кететін әдетіміз бар. Азаматтықтың қалыптасуы болып жатқан құбылысты дұрыс бағалап, соның мән-мағынасын түсіне білуге байланысты екен. Өкінішке орай, менің біраз жолдастарым өз заманында да, қазірде де төре жағына қарай икемделеді. Жолдастарымның кейбірінің жәреуке жылтыр сөзге құмар болып бара жатқанын көремін. Бұл жаман мінез бізге  70-жылдардың ортасында мықтап дарыған болатын. Брежнев сияқты басшылар биліктен кетпей, отырып алған уақытта соларға жағымпазданып, жалпылдап сөйлеген жайлар болған. Соның айқын жалғасы қазір жүріп жатыр.

Интеллигенцияның халыққа қызмет етуі сол болады, егер ол атқарып отырған ісіне мығым болса. Зерттеу объектісі де, істеп отырған қызметі де халықтың  пайдасын ойлап істеу керек. Өзінің қалтасына түсетін пайдасын емес, алдымен халықтың пайдасын ойлау керек. Сонда ғана  ол өзінің мойнына жүктелген парызды атқара алады. Мысалы, қазір жаңа заң дайындаған уақытта өз басына тиетін пайдасын ойлап жасалған заңдар қаптап кетті.  Сондықтан, сондай дүниелерді зиялы қауымның қолынан шыққан нәрселер емес деуге тура келеді. Тіпті, сайлау кезінде де жарбаңдап жүргендер көп. Өмір неге айналып бара жатыр? Бұл менің сыншылдығымнан, сырттай бақылауымнан туған нәрселер болуы мүмкін. Бірақ әлгіндей нәрселердің көптің жүрегіне әсер етіп жатқандығы жасырын емес. Жарбаңдап жүрген жастардың, қылжақтап жүрген “мастардың” іс-әрекеті ұнамсыз. Адал еңбек, маңдай термен табылған дүниеден артық ештеңе жоқ. Ал қазір социализм заманында жасалған дүниелерді иеленіп алып, шалқып жүрген, есін білмейтін, ақшаның ақылсыз иелері шықты. Қоғам екіге жарылды. Байлар шырқап жүр. Ал ауылдағы кедейлер қара нан, қара сумен отыр. Бүкіл қазақ даласы қаусап тұр десем өтірік емес. Өйткені, далада тұратын басқа емес, қазақ. “Дала қазағын қалаға көшіріп, абаттандырамыз” деу дұрыс емес. Қалаға көшірсе жарқырап кететіндей көрінеді. Бұл дұрыс емес. Даланы кімге қалдырамыз, қаңырап бос қала ма? Ал даланың байлық кенін алуға келгенде алдыға жан салмай, анаған да мынаған да сатып,  пайда табудамыз. Ал ертең ол таусылғанда не істейміз? “Таусыла қоятын қазақ жері жоқ, далиған дарқан дала кенге бай” десек те, сол байлықты халықтың пайдасына өндіруіміз керек қой. Әсіресе, қазақтың пайдасына! Өйткені, қазір республикадағы ең кедей, ең сорлы халық — қазақ. Тілі де сорлы күйге жетті. Осындай күйге түскенді көрген соң басшылар мықтап ойлану керек.

Халықтың көкейіндегісін айту керек. Менің сөзім көпшіліктің көкейінен шығады деп ойламаймын. Халықты стадионға тоғытып қойып, алдынан көлденең өте шығу мақсат емес. Сол халықтың шын қуанғанын сездіретін күнге жетуіміз керек. Сонда ғана ел боламыз, тереземіз өзгелермен тең болады.

—  Сіз ғылыми іс-сапармен шет елдерге барғанда қандай ой түйдіңіз?

— Мен Францияда он бес күн дәріс оқыдым. Сонда аралас – құралас мұғалімдердің де, алдыдағы студенттердің де бізден айырмашылығы жоқ екенін көрдім. Біз социализмнің арқасында биікке көтеріліп, жетістікке жеткенімізді ұмытуға болмайды. Сол жетістікті қазір жүдетіп алсақ, обал болады. Еуропа, Америка” деп тамсану сән қуған әйелдің іс-әрекеті тәрізді. Біз тамсанып ауызға алатын шет елдердің  жарылқанып отырған түгі де жоқ. Мысалы,  Американың 60 пайызы сауатсыз. Олар жетіліп, бізден озып кетті дегеннің өзінде жетілуді олар өзгенің есебінен, өзгені жалдап жасап жатыр. Ол мемлекетте ғалымдардың жалақысы өте жоғары. Ал біздің ғалымдар фирмалардағы еден жуушымен бірдей жалақы алады. Осындай да жағдай бола ма? “Ананы жасаймыз, мынаны жақсаратамыз” деп, алдын ала жар салып жатқанда инфляция көтеріліп, бергенін жұтып қояды. Осының бәрі дұрыстап ойланып, қолға алуды талап етеді.

Сондықтан, Үкімет басында отырған жігіттер әрқашанда елдің жағдайын ойлау керек. Мысалы, менің Алматы қаласының әкімдігіне қолымды жеткізе алмай жүргеніме жиырма күн болды. Елмен жұмыс істемей, адамдарды қабылдамайтын болса, ол несіне әкімдік? Басшылық орында тойынып отырған, машинамен әрі-бері жүйткіп, ұшақпен олай-бұлай ұшып жүргендер ойлану керек. Алматы мен Астананың көшесіне сыймай кеткен көліктер кедей-кепшіктікі емес. Ол әбден тойынып алған, ел-жұрттың ақысын жеп отырғандардың көлігі. Ондай көлік көп болса, қарапайым ғалымдардың астында неге жоқ? Сондықтан, адал еңбекпен жүрген адамдарды қадірлеп, құрметтей білу керек. Сонда ғана біз елдігімізді сақтаймыз.

— Біздің ұлттың ғылымы мен білімі, өнері мен өнегесі талай елге үлгі боларлықтай. Ұлттық ой-сана мен тарихи тағылым да тереңнен тамырланған Қазақ елінің дүниежүзілік аренада өзіндік берік ұстанымы мен орнықты орны болуы заңдылық. Дегенмен, Жаһандану дегенде жалпы қазаққа қауіп төніп тұрғандай секем алатынымыз рас. Жаһандану заманында қазақ елі қандай болу керек?

— Жаһанданудан қорқатын себебіміз біреу— еліктегіштік. Сырттан келгеннің бәрін, жақсысын да, жаманын да бірден қағып аламыз. Міне, тұрақсыздық, жағымпаздық, еліктегіштік. Саясатқа құмарлық тіпті де асып кетеді. Қазақтың саясаткерлігі Ленин мен Маркс тіріліп келсе, “сен дұрыс сөйлемей тұрсың, былай сөйлеу керек” – деп түзететіндей деңгейге жеткен. Елге керекті ойламай, саясатты ғана ойлап, жалпаңдай берудің қажеті жоқ.

Жаһандану бармай қоятын процесс емес. Ол бүкіл әлемде жүріп жатыр. Бармай қалсаң артта қаласың. Қоғамның дамуымен бірге адымдап отыру керек. Мен қазақтың қазіргі еліктегіш, жағымпаздық мінезі оның бар мәдениетін ұмыттырып жібере ме деп қорқамын. Қазіргі жастардың арасында қазақ менталитетін сақтамаушылық байқалады. Бұрынғы бұрынғы ма, қазіргі қазақ баласының 60 пайызы орысша сөйлейді. Соны жасатып жатқан орыс ағайындар ма? Жоқ, олар істерін істеп алып, жөніне кетті. Орысша сөйлейтіндер — жастар.

Енді «гендерлік саясат» деген шықты. Бұрын “әйелдерге обал болды, бұларды еркектермен теңестіру керек” деп жүріп, одан асырып жіберсек, енді тіпті сорақысы шықты. Бірнеше жыл бұрын  мемлекеттік съезде 58,2 пайыз әйелдер болса, қазір ол 60 пайыздан асты. Сонда сол әйелдер бала-шағаны қалай тәрбиелейді? Кімді өсіреді? Ал ананың жылы алақанын көрмеген бала ешқашан тәрбиелі, иманды болып өспейді. Оның үстіне сол балалардың шүлдірлеп орысша сөйлеуіне әйел кінәлі, тіпті, талай келіннің қазақ ұрпағын орысқа айналдырып жібергенін көріп отырмыз.

Келесі мәселе, бұрын қыздар оқытатын мектептер ашсақ, енді еркектерге мектеп ашылсын. Оқуға қабылданатын квотаның жартысын ерлерге беру қажет. Сонда ғана біздің қоғамымыз оңалады. Әйелдер ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлмесе даму қалай болады? Халықтың санының өспей жатқандығы да осыған байланысты. Еститін құлақ, тыңдар Үкімет болса, айтарым ерлер класын, ерлер мектебін ашып, арнайы квоталар бөлу керек. Сонда ғана қоғам жөнге түседі. Әйтпесе, осы қалпымен кете беретін болса, анаған бір ұрынып, мынаған бір ұрынып елдің берекесі кетеді. Кіндігін ашып, жартылай жалаңаш жүрген қыздар сән бе? Ертең соның зардабын тартады. Жаһанданудың ең жаман формасы осы. Ақыл-сананы өсіретін, әлемді тану жөніндегі жаһандану болса одан қорықпау керек.

— Қазір бізде тура сөйлейтін адамдар аз. “Өз басым аман болса болды” дейтіндер көп.  Жалтақтықтан қалай құтыламыз?

— Мен жалтақтықты ұнатпаймын. Мысалы, төрелер келген уақытта ақсақалымыз, қара сақалымыз, бәрі табанына жатуға дайын бола қалады. Осы мінез жаман. Қадірле, құрметте, бірақ табанына жатудың не қажеті бар? Осы жалтақтық біздің қазақтың ең үлкен соры болып барады. Мысалы, қасымыздағы қырғыздар ешуақытта ондай мінез аңғартпайды. Бастарын қақшитып тұрып, терезесі тең адамдай сөйлеседі. Ал біздер жалпылдап, басымызды иіп, не істерімізді білмей қаламыз. Уақытша күнкөрісі үшін жағымпаздану дұрыс емес. Егер қазақ ел боламын десе, басын көтеріп, иығын мықтап ұстап, ешкімге иілмей-ақ тең тұрып сөйлесу керек. Жалтақтықтан арылмай, жағымпаздықтан құтылмай, ешуақытта ел қатарына қосыла аламаймыз. Сана-сезім етекте жатып, ешкім менсінбейтін деңгейде болса экономиканың Алатаудың шыңына дейін шарықтағанынан не пайда? Жаманды емес, жақсыны қағып алып, ұлттық менталитетке үйлесімді ете білуіміз керек. Неге біз Ресейсіз өмір сүре алмауымыз керек? Неге біз анаумен, мынаумен байланыспай тұра алмайтын халдеміз? Жоқ, өмір сүреміз, азар болса тағылық дәуірге түсерміз. Ұлттық менталитетімізден айырылмауымыз керек. «Біз ешкімнен кем емеспіз” деген принципті мықтап сіңіруді балабақшадан, мектептен бастасақ,  ұрпағымыз қатарға қосылады.

— Кеңес Үкіметі кезінде көптеген зерттеушілер “қазақ әдебиеті, әдебиет сыны бергі кезеңде, Ұлы Қазан төңкерісінен кейін пайда болды” деп жүргенде, сіз “сын тарихы фольклордан басталады” – деп жаздыңыз. Еліміздің ежелгі әдебиетін, жырау бабаларымыздың өсиет сөздерін бүгінгі жас буынның санасына сіңіру жағы жетпей жатқан жоқ па?

— Жалтақтықтың, жағымпаздықтың біздің  бойымызға сіңгені сонша, “еуропацентризмге қосылып, содан айырылмайық” деген түсінік әлі бар. Бұл пәлемен 60 – жылдардан бері алысып келемін.  М.Қаратаев, Ж.Жұмаханов, т.б. мені сол кезде сынап, айтқандары саясат үшін керек болған шығар. Біз еуропацентризмнен құтылмайынша, ұлттық менталитетімізді сақтай алмаймыз. Еуропацентристік көзқараспен әдебиетті талдағанда “бізде Қазан төңкерісіне дейін ештеңе болмап еді, бізді тудырған Октябрь Революциясы” – деп соққан ағаларымыз да болған. Соның бәрі жәреукеліктің нәтижесі. Біз еуропацентризмнен әлі құтылмадық. Әлі күнге басшымыз болсын, қосшымыз болсын, бойымызда Кеңес кезінен қалған дүниелер көп. Орыстар Еуропаға ертерек иек артқан. Ал Еуропа оларды “ешуақытта ел болмайды” – деп, менсінбеген. Бұл көзқарасты жою үшін социализм орнаған соң “Еуропадан асып түсу керек” деген принцип мықтап ұстанды.

Өзбектер, тәжіктер, қырғыздар, түркмендер өздерінің ұлттық келбетін жақсы сақтап қалды. Ал біз мұсылман ба, шоқындық па, белгісіз, әйтеуір бір халық болып шыға келдік. Қазақтың тарихы да бұрмаланған, орыс көзімен жазылған. Өзіміздің таным-білігімізбен жазылған тарихи еңбектер шыға бастады. Бірақ бәрібір ананың салқыны жатыр. Ұлттық менталитетімізді дұрыс көрсете алсақ қана елдігімізді қалпына келтіреміз.      “Көшпенді заманда бәрі де жақсы болды” демеймін, бірақ ұлттық сана, таным біліктің ол уақытта таза болғандығы айқын.

Тіпті, қазақтың ұлттық тағамдарының өзі еш қоспасыз,  экологиялық жағынан таза екенін дүниежүзінің тағамтану институттары дәлелдеп жатыр. Таза ауада, таза жерде өскен өнімнің пайдасын әлі түсінерміз. Осыны да рухани тұрғыдан сезінетін дәрежеге жетпей болмайды. Ал енді ағартушылық, реалистік, сыншылық реализм бар ғой. Бізге енді дидактикалық реализм керек. Жырауларымыздың ақыл-өсиеттері тұнып тұрған дидактика емес пе? Ұрпақтың сана-сезімін тәрбиелеуде маңызы зор. Қазақ  даласында түрменің болмауы соның дәлелі. «Еуропада повесть бар екен» деп тамсанып, еліктемей, өзіміздің дүниелерімізді қадірлей білуіміз керек. Бүкіл жанрларды тоғыстырған дүниелеріміз қаншама? Мысалы, айтыс өнерінде ән, сөз, әуен, драма бар. Айтысқа барған адам 5-6 сағат босқа отырмайды ғой, өзіне керекті рухани қоректі алып шығады. “Еуропаға ұқсамасақ болмайды” деген — жағымпаздардың сөзі. Әйтпесе, қазақ рухани жағынан да, физикалық тұрғыдан да таза халық болып келген. Біз осы қасиетті сақтап, өсіп-өркендеуге тиіспіз.

— Кейінгі кезде “ұлттық” деген сөз жиі қолданатын болдық. Ұлттық идеология, ұлттық рух, ұлттық менталитет. Бұл үшеуі қолдан жасайтын дүниелер емес, талай заманнан өтіп, бүгінге жеткен құнды қасиеттер. Бәлкім, бар мәселе өзіміздің ұлттық қасиеттерімізді қадірлемеуден шығып жатқан болар?

— Бұл қазіргі қазақтың намысының жоқтығынан. Біреулерге еліктеп, солардың айтқандарына көне бергендіктен бүгінде ұлттық идея, ұлттық намыс өте төмен. “Ұлттық идеяны, қазаққа керек идеяны айтайық” дегенде Үкімет басында  отырған кейбіреудің тыржың ете қалатыны содан. Солардың тыржыңдағанына қарап, біз де кейде тартынып қаламыз. Тіпті, Қазақстан Республикасы дегеннің өзі дұрыс емес. Өйткені, “стан” деген “республика”деген мағынаны білдіреді. “Қазақ Республикасы” десе жұрттың аузы  қисайып қала ма? Парламентке сайланған кейбір депутаттар “Казахстанская нация” дегенді айтып жүр. Сонда қазақ қайда қалады? Бұның бәрі қазақ менталитетін, қазақтың мүддесін ойламаудың бір көрінісі. Сондықтан, біз жарамсақтануды қойып, қазаққа керек нәрсені жасауға тиіспіз. Қазіргідей әркімге бас ие берсек, кім көрінгеннің қолында кететін ұрпақ пайда болады. Қазірдің өзінде  жас ұрпақтың 60 пайызы айтқаныңды тыңдамайды. Қазір ар-ұяттан жұрдай ұрпақ қалыптасып келеді.

“Әдебиет”, “мәдениет”, “қазақ” деген сөздер басшылардың аузына соңғы екі-үш жылда түсті. Әйтпесе, оған дейін «қара мұнай» мен «экономикадан» шыға алмадық қой. Бізді мұнай жеткізе ме, әлде Құдай жеткізе ме, осыны ойлау керек. Қазақ даласының байлығы талайларды асырайды. Біз кен қорынан талай елден баймыз. Бірақ кен байлығымен ғана емес, санамен ел болуымыз керек. Қазақты жеткізу идеясын күн тәртібіне қойсақ, ұлттық идея дегеніміз осы. Бұрын ұлтшылдық деп масқаралаушы едік, енді қазақтық идеядан қорқатын ештеңе жоқ.

— Түркішілдік идеясы туралы ойыңыз?

— Кемал Ататүрк Аттаман империясын “Түркия” деп ататып кетті ғой. Өзінің түрік екенін сол арқылы дәлелдеді. Түркияға барсаңыз, қазақ-түрік, ноғай-түрік, татар-түрік деп атап жатады. Соның бәрі түркі халықтарының тегі бір деген мағынада, Кемал Ататүрк айтып кеткен идеяның нәтижесінде. Қазақтың бостандығын бірінші таныған түріктер ғой. Олар өзге де түркі халықтарына бірінші болып қолұшын берді. Түркия көптеген бауырлас халықтарға жәрдем беріп отыр. Мысалы, Түркістандағы Қазақ-түрік университеті, Республикадағы қазақ –  түрік лицейлерінің түлектері ел қатарлы азамат болып жүргенін көремін. Түркішілдік идеясынан шовинисттер қорқады. “Тюркизм”, “панисламизм” дегендерді ойлап тауып, елді қорқытып қойған. Еуропа мемлекеттері «Еуропалық Одаққа» экономикалық жағынан біріккенмен, іштей рухани жағынан бір емес. Шанхай бірлестігі бар ғой. Бірақ ол жалпы Азиялық деңгейде. Ал түркі халықтарының  басын қосатын сондай бір ұйым,  идея болса мен қарсы емеспін. Қазір латын әліпбиіне көшу мәселесі қозғалып жатыр. Түркі халықтарының әліпбиін бір негізде құрсақ, тіпті тамаша болар еді. Бір-бірімізді аудармашысыз түсінер едік. Сталин заманында “сендер бөлек-бөлек халықсыңдар, кириллицаны өздеріңнің  тілдеріңе лайықтап  алыңдар», – деді ғой. Нәтижесінде түркі тектес халықтар бір-бірімізді оқудан қалып, бірімізді біріміз түсінуден қалдық. “Бөліп ал, да билей бер” деген империялық көзқарас түркі халықтарының тіліне де әсер етті. Әйтпесе, мынау Ресейдің бірталай жерін кезінде түркі халықтары қоныстанды емес пе?

— Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан  Шарафат Жылқыбаева

«Қамшы» сілтейді

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз