Атырау облысында күйіп қалған бүлдіршінге дер кезінде көмек көрсетпеген дәрігер сотталды.
Қайнап жатқан сорпаға күйіп, ақыры қиналып көз жұмған 7 жастағы Даниярдың өліміне Ақкөл ауылдық амбулаториясының қызметкері Бөлежан Қапетова кінәлі деп танылды деп хабарлайды КТК арнасы.
“Екі жақтан да бар енді, анасы жағынан да пісіріп алған, екінші жағынан біздерден кеткен қателіктер бар. Дұрыс түсінбей қалдық шақыртуды. Анасының дұрыс түсіндірмеуіне байланысты”, – дейді Бөлежан Қапетова.
Осы оқиғадан кейін қызметі төмендесе де, бұл дәрігер әрі қарай жұмыс істеген. Енді сот шешіміне сәйкес, «науқасқа көмек көрсетпеді» деген айып тағылып, 1 жылға бостандығы шектеліп отыр. Сондай-ақ, тағы 1 жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуге құқы жоқ.
Қайғылы оқиға былтыр желтоқсанда Құрманғазы ауданында болған. Ас бөлмеде сабаққа дайындалып отырған 7 жасар Данияр Нығметовтің үстіне қазандағы қайнап жатқан сорпа төгіліп кеткен еді.
Көмек сұрап келген Данияр мен оның анасына Ақкөл ауылдық амбулаториясының аға дәрігері күйікке сықпа май жағу керектігін айтып, қайтарып жіберген.
Тек арада бір тәулік өткен соң үйге келген учаскелік дәрігер баланың жағдайының ауыр екенін көріп, жедел жәрдем шақырыпты. Бірақ Данияр ауруханаға жетпей, көлік ішінде көз жұмды.
Дереккөз: КТК арнасы