Ақтөбеде тесттен қорыққан екі оқушы өзіне қол салды

0
493

 

Ақтөбеде айналдырған бір аптаның ішінде 11-ші сыныптың екі оқушысы өздеріне қол салды.

актобе суицид

Бірі жетінші қабаттан секіріп кетсе, екіншісі сірке суын ішіп қойған деп хабарлайды КТК арнасы.

Оқу жылының соңында түлектердің бұлайша өмірлерімен қош айтысуын марқұмдардың жақындары да, ұстаздары да түсінбей отыр.

20 күннен соң мектеп бітіргелі отырған Дәрияның өліміне ата-әжесі сенер емес. Бойжеткен отбасында ешқандай қысым көріп, ешнәрседен  тарықтырмағандарын айтады туыстары. Тек күні-түні сынаққа дайындалып, грантқа түсуді армандапты.

“Болса мектептен болу керек. Басқа қысым жоқ. Сол тестті уайымдап, оқуды ойлаған. Жақсы оқығанымен енді грантқа түскенде ақша керек қой деп ойланды ма?”,  – дейді  Дәрияның әжесі Зеріп Тоқтағараева.

Дария Қабекеш өзіне қол салатын күні әпкесінің үйіне барған. Жолай дүкеннен сірке суын алып, жуынатын бөлмеде ішіп қойыпты. Дереу ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер аман алып қала алмады. Озат оқушының мұндай әрекетін мұғалімдері де түсінбей отыр.

“Ұлттық бірыңғай тесттің байқау тесттерін өткізіп жатырмыз ғой. Соның өзінде  де 94-96 балл алды. Қосымша сабақтарға үнемі келеді. Мектепте өзін жақсы жағынан көрсетті. Негізі көзқарасы жақсы қыз болды. Өзі ашық. Өмірге құштар қыз болды” ,- дейді  №18 мектеп директоры Тәтті Жетіғарина.

Соңғы бір апта ішінде түлектердің өзіне қол салу дерегі жалғыз бұл емес.Осы Ақтөбедегі №26 мектептің оқушысы жетінші қабаттан секіріп кеткен. Сау сүйегі қалмаған қыз сол бойда жан тапсырыпты.

Түлектердің жұмбақ өліміне қатысты тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр. Биіктен секіріп кеткен оқушы ғана ақырғы хатын қалдырыпты. Бірақ оның не жазғанын Ішкі істер басқармасындағылар ашып айтпады.

Ал білім бөліміндегілер барлық мектептерде түлектердің психологтардың жіті бақылауында болуын тапсырыпты.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз