Әліби Жұмағұловтың қорғаушысы сот медициналық сараптама нәтижелерін жария етті

0
429

Астаналық кәсіпкердің аяусыз соққысына жығылған Әліби Жұмағұловтың қорғаушысы Хамида Айтқалиева жүргізілген сараптама нәтижелерін жария етті деп хабарлады NUR.KZ.

Хамида Айтқалиева өз Facebook парақшасында 7 мамыр күні жүргізілген бірнеше сараптаманың нәтижелері белгілі болғанын жазды. Сараптама нәтижелері Әлібидің “денсаулыққа ауыр зиян келтірген” көптеген жарақаттар алғанын растады.

“Әліби келесі жарақаттар алды: Краниофациалдық жарақат (бет қаңқасының сынуы). Жабық бас сүйек-ми зақымы. Мұрын сүйектерінің жабық сынуы мен орнынан жылжуы. Гаймор қуысының алдыңғы қабырғасының бытырап сынуы, Гаймор қуысының жоғарғы және ішкі қабырғасының сынуы, торлы сүйектің ұяшықтарының сынуы, оң жақ Гаймор қуысының гемосинусының сынуы, астыңғы шырышты еріннің жыртылған зақымды жарақаты. Параорбитальды гематома. Субконьюктивальді қан құйылу, көз торы тамырының ангиоспазмы. Бет және бастың жұмсақ тіндерінің көптеген жарақаттары”, – деп жазды Айтқалиева.

Қорғаушы бұл жарақаттар тізімі әлі де толық еместігіне назар аудартты.

Айтқалиева Жұмағұловтың ота жасауды қажет ететінін, алайда оған әзірге ота жасауға болмайтындықтан, зардап шегуші емханадан шығып, үйде амбулаторлы ем қабылдауын жалғастыратынын айтты.

Заңгер Әлібидің тараптары кешірім беру мәселесін қарастырмайтынын мәлімдеді.

“Күдіктілерге кешірім беру мәселесі қарастырылмайтын болады. Бұл шешімді әкесі қабылдады. Әліби де кешірім беруге ниетті емес және сот әділ өтеді деп үміттенуде”, – деп жазды заңгер.

Айтқалиева көмекке жиналған қаражат Әлібидің еміне жұмсалмағанын да ескертті. Ем көрсету мен қорғаушы қызметі Әлібиге тегін көрсетілуде.

“Әлібидің жанұясы қаражатты Аружан Саин қорына аудармақшы. Қор ашық, кез-келген адам қордағы ақшаның қайда кеткенін біле алады. Жақын арада Нұрлан Жұмағұловтың парақшасы қайта ашылып, ол сіздерге жаңалықтарымен еркін бөлісе алатын болады”, – деді қорғаушы.

Хамида Айтқалиева сөзінің соңында Жұмағұловтар әулетіне жанашырлық танытқан барлық қазақстандықтарға жанұяның атынан алғысын білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, Қайрат Жамалиев 21 сәуір күні Астана қаласының тұрғыны Әліби Жұмағұловты азаптап ұрған. Зардап шегушінің әкесі Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, сол күні түнде ұлы Әліби Жұмағұлов шаруаларымен үйден шығып кеткен. Кейін оның досы Әлібидің ауыр халде ауруханаға түскенін жеткізген.

Қайрат Жамалиев “Jelsomino” бутигінің, “Артист” караоке-барының және Habibi, Молоко мейрамханаларының иесі. Сонымен қатар, “ПАРИТЕТ 2003″ ЖШС құрылыс компаниясының бас директоры.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз