Назарбаев Ұлы Жеңіске Қазақстанның зор үлес қосқанын атап өтті

0
377

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми саммитіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нурсултан Назарбаев прибыл в Москву. Аэропорт "Внуково-2". Фото с сайта may9.ru

Кездесуге президенттер – Қазақстаннан – Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Республикасынан – Александр Лукашенко, Қырғызстаннан – Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясынан – Владимир Путин, Тәжікстаннан – Эмомали Рахмон, Өзбекстаннан – Ислам Каримов, сондай-ақ ТМД Атқару комитетінің төрағасы – ТМД атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Саммит барысында тараптар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу жайын талқылап, Кеңес Одағының Еуропа мен бүкіл әлемді фашизмнен құтқарудағы шешуші үлесін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолғы кездесу ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет екенін атап өтті.

“Қасіретті соғыс жылдарында біздің халықтарымыз нацистік қатерге қарсы біртұтас болып жұмылды. Соғыстың негізгі ауыртпалығы нақ осы біздің елдерімізге түсті. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз жеңді. Егер олар жеңбегенде саясат пен экономика қандай бағытта дамитыны, біздің халықтарымыз қазір қайда болатыны белгісіз еді. Басшылары осында отырған барлық елдер секілді Қазақстан да Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. Сол кезеңдегі халқымыздың 20 пайызға жуығы – бір жарым миллион адам майданға аттанды, соның жартысы ғана оралды. 500-ден астам адам Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Өзге елдермен қатар Қазақстан да қарулы күштердің сенімді тылына айналды. Бұл жеңіс баршамыз үшін – ардагерлерге де, жастарға да маңызды” – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы қазіргі кезде жекелеген саясаткерлер мен мемлекеттердің соғыс қорытындысын тарихи деректерді бұрмалау арқылы қайта қарауға ұмтылысы байқалып отырғанына тоқталды.

“Мұндай әрекет бізге жарамайды. Біз Жеңіс туралы ақиқатты бірлесіп сақтауға, болашақта осындай қасіретті болдырмас үшін келесі ұрпаққа айтып жеткізуге тиіспіз. Бүгінде соғыстан сабақ алмағандардың бар екенін көріп отырмыз, өткеннің қателіктері қайталануда. Біз күрделі кезеңде тұрмыз, тұрақсыздық ошақтары ұлғайып келеді, жаңа шиеленістер туындауда. Мәселені дипломатиялық жолмен емес, күшпен шешуге ден қойылуда, бұл өте қатерлі” – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті қазіргі заманның елеулі сын-қатері ауқымы жаһандық сипат алған халықаралық терроризм болып отырғанына назар аударды.

“Қауіп-қатер көптеген мемлекеттердің ішкі саяси тұрақтылығы мен бейбіт дамуына төніп тұр. Бұл жауыздыққа тек жұмылған күш-жігер арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Қазіргі кезде ТМД аясында терроризмге қарсы әрекеттің ұйымдасқан кешенді жүйесі құрылды. Осыған байланысты біздер қалыптастырған Достастық тетіктерінің тиімділігін арттыру қажеттілігі туындайды”, – деді мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны мерекемен құттықтады.

“Барлық қазақстандықтар сияқты мен үшін де Ұлы Отан соғысындағы жеңіс әрдайым қаһармандықтың және біздің халықтарымыздың бірлігінің символы болып қала береді. Сол жылдары көрсетілген батырлық пен ерлік, жанқиярлық пен Отанға деген сүйіспеншілік әскери-патриоттық тәрбиенің іргелі негізі болып саналады”, – деді Қазақстан президенті.

Владимир Путин өз кезегінде мемлекеттердің басшылары атынан Нұрсұлтан Назарбаевты өткен сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ, Ресей президенті Қазақстан биыл ТМД-ға төрағалық ететінін атап өтті.

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз