Беларусьтегі ұрыс даласында қаза тапқан отандастарымыздың қабіріндегі гүлдер ешқашан солмайды.
Бұл жерде соғыстың күнінен бастап, соңғы сәттеріне жан алып, жан берісіп соғысқан жерлестеріміздің жанқиярлық ерлігін беларусь халқы мәңгі есте ұстайды. Беларусь фашистердің қанқұйлы шабуылына алғаш тап болған елдердің бірі. Осы жерде қиян-кескі ұрыс жүріп, кеңес әскері үлкен шығынға ұшырады. Бір ғана Минск облысының Молодеченск ауданында 130 ескерткіш пен сарбаздар қабірі бар. Радошковичи ауылында Халық қаһарманы, Ресей Батыры Бақтыораз Бейсекбаев жерленген. Ұзақ жылдар бойы оның жатқан жері атақты ұшқыш Гастеллоның қаза тапқан орны деп есептеліп келді. Тарихшылар алқашқы соққыны кім жасағаны туралы үнемі дауласып жатса да, Радошковичи тұрғындары үшін бұл даудың құны көк тиын. Халық жеңіс әперген жауынгерлердің зиратына күнде гүл шоқтарын апарады.
Виктор Неверович, Молодеченск ауданы Депутаттар кеңесінің төрағасы:
– Бүкіл Қазақстан халқын Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтағым келеді. Бәріңізге бейбітшілік пен бірлік тілеймін. Біз жас ұрпаққа тәлім беріп, тарихты жақсы білуіміз керек. Өткенімізді білсек, есте сақтай білсек, біздің буын да өмір сүріп, жасай бермек.
Ал мынау Узден ауданының Слобода ауылы. Сырт көзге қораш көрінетін ескерткіш жергілікті халық үшін өнегелі ерлікті ешқашан ұмыттырмайтын киелі естелікпен бірдей. Соғыс жылдарында партизандар қатарында қазақстандық Шөжен Қинаубаев та бір шепте болды. Беларусь қорғаныс министрлігінің ресми жауабына сәйкес Ол 1944 жылы қаза тапқан. Партизандық қозғалыс құжаты бойынша ол Кинобаев Чужин, ал Қорғаныс министрлігінің тізімінде Кининбаев Михаил деп көрсетілген. Бүгінде Шөжен атаның балалары мен немере-шөберелері бабасын қайдан іздеу керектігін жақсы біледі. Олардың алаңдауына да еш негіз жоқ. Себебі Слобода тұрғындары бауырластар қабірін әулиелер зиратынан кем көрмейді.
Владимир Зверинский, ҰОС ардагері:
– Бәріміз окопта бірге отырдық, шабуыл мен барлауға бірге шықтық, бір ыдыстан тамақ жедік. Осы достық пен ауызбіршіліктің арқасында ғана Ұлы Жеңіске жеттік. Қаншама жас жігіттеріміз басын бәйгеге тігіп, келешектегі кемел достығымыз үшін жан қиды.
38 жыл бойы Волковыск қаласында Қазақстанның әнұраны шырқалып келеді. Себебі бұл жерде Кеңес Одағының батыры Қазбек Нұржанов атындағы спартакиада өтеді. «Первомайский» кеңшарында Қазбек атамыз өз взводымен фашистердің тылына өтіп, оларды ту сыртынан қоршауға алған. Сол жолы оның ержүрек сарбаздары жүзге тарта неміс сарбазы мен офицерін тұтқындады. Беларусь жеріндегі айрықша ерлігі үшін Қазбек Нұржановқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Владимир Глинка, Гродненск облысының Волковыск ауданы әскери комиссарының орынбасары:
– Өте құрметті, текті адам болатын. Бүкіл қазақ халқына жүрекжарды алғысымызды айтқымыз келеді, қазақ ұлдары бізлің елімізді азат ету жолында өмірлерін қиды.
Кеңес Одағының Батыры атағын алған 500 қазақстандық сарбаздың 80-нен астамы осы Беларусь жерін азат еткені үшін ерлік жұлдызын кеуделеріне қадады. Ер есімі мәңгілік ел есінде қалады.
Авторлары: Ернат Қашқынов, Дмитрий Двойнев