Зұлмат.
Өткенде Астанада біраз тарихшылармен ақылдасқандай болдық. Мынадай ой келді.
Бүгінде саяси ахуал да, билігіміздің саясаты да тарихтың шынайы зерттелуіне мүмкіндік беріп жатқан жоқ. Саясат та, тарих ғылымы да белгілі дәрежеде тығырыққа тіреліп отыр. Жаңа тарихи және саяси концепциялар ауадай қажет екені соқырға да көрініп, кереңге де естіліп жатыр.
Менің ойымша, 1931-1933 жылғы Ашаршылықты сталиндік-большевиктік жүйенің басқа да қылмыстарынан бөліп алып көрсету мүмкін емес.
Шындап келетін болсақ бұл зұлмат 1916 жылғы көтерілістен басталып, үзілмей жалғасқан қазаққа қарсы, адамгершілікке қарсы жасалған отаршылдық қылмыс. Яғни бұның барлығын кешенді түрде қарастыру қажет.
Келесі жылы 1916 жылғы көтерілістердің жүзжылдығы болады. Естуімше қырғыз бауырларымыз атап өтуге мықтап дайындалып жатыр. Бізде бірен-саран ғалымдарымыз болмаса тақырыпты зерттеп, қаузап жүргендердің саны шамалы. Мемлекеттік дәрежеде аса үлкен қадамдар жасалады дегенге сене бермеймін. Қауым болып бастамасақ, қоғамды аяғынан тік тұрғызбасақ үнсіз қалатын түрі бар.
Айтпағым: осы 2016 жылы бәріміз жабылып 1916-1933 жылдар аралығындағы Зұлмат, тарихтағы «Алқакөл сұлама» деген сияқты зобалаң кезең дегенді насихаттап, ғылыми, ақпараттық тұрғыдан насихаттап, заңдастырып көрсек.
Және де бұны өзге тілдерге аударудың қажеті жоқ. Зұлмат деп алып, өзге тілдерге де енгізіп көру қажет. Еврейлер өз трагедиясын Холокост деп әлемге мойындатты. Украиндар Голодомор деп алып, БҰҰ, Еуропарламент дәрежесінде дәлелдеді. Біздер де осыған ұмтылуымыз қажет.
Және де мынаны үсті-үсті айта беруіміз қажет: ұлт трагедиясын, қазақ қасыретін айтқанда біздер біреуден кек алу үшін айтып жатқан жоқпыз. Бұл ата-бабалар, аруақтар алдындағы перзенттік, ұрпақтық парызымыз. Бұны басқаға қайталап, қан қақсату үшін емес, ұымтпау, қайталатқызбау үшін айтып отырмыз.
Тарих тек мейрамнан, жеңістерден құралмайды. Ұлттың ұлылығы, зиялылығы трагедиядан сабақ ала алуында. Біздің ұлт ретіндегі отарсыздануымыздың қағидасы біреу: біз құл емеспіз, енді ешқашан құл болмаймыз, ешкімді құл қылғымыз келмейді.
Айдос Сарым. facebook
http://qamshy.kz/?p=23630