Германияда құрал-жабдық пен көлікке деген сұраныс төмендеп кетті.
Кезінде аты жер жарып, жарнамасы дүрілдеп тұрған немістің ұлттық өнімдерін қазір Франция, Нидерланд, Қытай мен АҚШ сияқты ең маңызды сауда серіктестерінің өзі де көп ала бермейді.
Былтыр өнеркәсіп Германия экономикасына 1 трлн-нан астам еуро кіріс әкелді. Ең табыстысы көлік жасау саласы болған. Мұнда 200 млрд еуро пайда түсті. Станок жасауда немістер 165 млрд-тан астам еуро пайда тапқан. Химия өнеркәсібінің табысы 107 млрд еуроны құрайды. 300 млрд еуродай кіріс коммуникациялық, дәрі-дәрмек және авиация техникасын сатудан келді. Тапсырыстардың кемігеніне қарамастан, биыл Германия көлік, химикат, тұрмыстық жабдықтарды ірі экспорттаушы ретінде экономика өсіміне иек артып отыр. Сарапшылардың болжамы бойынша, осы елдің жалпы ішкі өнімінің 30%-ын құрайтын өнеркәсіп саласы тұрақты кіріс әкелуі керек. Үкімет жоспары да осы болжамды қуаттап отыр. Германия биыл өз нарығын Қытай, Үндістан, Бразилия мен Шығыс Еуропа елдерінде кеңейтуді көздейді.
Райнер Линднер, Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры:
– Неміс өнімі өз сапасымен ерекшеленеді. Бәсекелестердің барына қарамастан, біз өз орнымызды баяғыда ойып тұрып алып алғанбыз. Болашақта көп нәрсе мұнай бағасына байланысты. Бірақ мен экспортшылар тізіміндегі жоғары қатардағы былтырғы орнымызды биыл да сақтаймыз деп ойлаймын.
Сарапшылардың келешекке деген сенімі орнықты деп те айтуға келмейді. Өйткені тапсырыс көлемі соңғы уақытта күрт құбыла бастаған. Бұл жақсы нышан емес дейді олар. Мәселен, өнеркәсіп саласындағы өнімге деген қазан айындағы сұраныс 2,5%-ға өссе, қарашада тапсырыстар саны 2%-ға қысқарған. Желтоқсанда қайтадан 4%-дық өсім болды. Алайда жаңа жылда мұны ұстап тұру мүмкін болмай, қаңтардағы сұраныс 4%-ға қайта құлдырады.
Зигмар Габриель, ГФР экономика министрі:
– Біз кірістің ұлғайып, жұмыс орындарының көбейетініне сенім артамыз. Еуроның әлсіз бағамы мен мұнай бағасының төмендігі неміс экспортшылары мен орта бизнеске таптырмас мүмкіндіктер ұсынып отыр.
Шынында, әлсіз еуро мен арзан мұнай неміс өнеркәсіп иелеріне әзірге әжептәуір демеу болып тұр. Олардың әлемдік нарықтағы өнімдері арзан әрі бәсекеге қабілетті. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Арзан еуро экономикаға көмектескенімен, оны дамытар емес. Ал экономикалық проблемаларға саяси түйткілдер қосылса, мәселен, Грекияның Еуроодақтан шығуы сияқты мәселе туындаса, онда барлық жетістіктер құмға сіңген судай зая кетпек. Осылай болған жағдайда, тұрақсыз еуро сеп болудан қалып, керісінше, таяқ болып тиеді. Ақырында грек қарызы мойынға мінеді. Ал олардың берешегін кім өтемек? Еуропаның ең жанды жері осы!
Авторлары: Ернат Қашқынов, Шолпан Найманбаева
Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/63831-dedi