Жүректерге нұр сыйлаған «Мейірім»

0
553
2
Шығыс Қазақстанда соңғы 3 жылда 330-ға жуық балалар үйінің тәрбиеленушісі баспаналы болды.
Мұндай мүмкіндік «Мейірім» акциясы аясында жүзеге асып отыр. Өңірдегі ірілі-ұсақты кәсіпорын, әртүрлі мекеме ұжымдары өздерінің біркүндік жалақыларын ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың жеке есепшотына аудару арқылы оларды қамқорлыққа алып отыр. Еліміз бойынша тұңғыш болып бастама көтерген өңірдегі аталған жоба талай балғынның арманына жол ашып отыр.
«Мейірім» акциясы басталғалы бері облыста 1900-ге жуық бала патронаттық тәрбиеге алынды. Бүгінгі таңда олардың жеке есепшоттарында барлығы 212 млн теңге жиналған. Мәселен, облыстық аурухананың өзі жыл сайын жетім балалардың қорына 1 млн теңге салады. Сондай-ақ өңірдегі тек бір отбасыдан бөлек, іргелі өндіріс орындары 20-30 баладан қамқорлықтарына алады.
Майра Бейсақанова, «Үміт» балалар үйінің директоры:
– Айтады ғой жетім балалар дербес өмірге дайын емес деп. Мен оған келіспеймін. Осы «Мейірім» акциясының аясында алақанымыздың жылулығымен балаларды дербес өмірге дайындаймыз. Бала 3 жаста болса, кәмелеттік жасқа келгенше қанша ақша болады.
Талай жанның жігерін жанып, үлкен өмірге қанат бітірген акцияны әрбір бала күтеді. Солардың бірі – Арайлым Ысқақова. Ол акцияның арқасында бір бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Семей қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген ол қоғамда мейірімді жандардың бар екендігіне қуанышты.
Арайлым Ысқақова, балалар үйінің түлегі:
– Мен пәтер беретінін білген жоқпын. Таң қалып отырмын. Әр баланың осындай пәтер алуына тілектеспін.
Негізінен акция балалардың әлеуметтік мәселелерін шешуден бөлек, балғындарға адамгершілік тұрғыдан да көмектесуге бағытталған. Патронатты ұйымдар әрбір демалыс пен мереке сайын балаларды үйлеріне алып кетеді. Туған күндерін бірге қарсы алып, отбасылық қамқорлық танытып келеді.
Болат Сәтеков, облыстық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, көші-қон департаментінің басшысы:
– Мемлекет тарапынан қаржы құйылып, балалар үйін ашып жатыр. Мемлекет тарапынан көмек болып жатса да, шетте қалмайық деп қолдау көрсетіп жатырмыз.
Ел бойынша теңдессіз акция әлеуметтік жобалардың ішінде ең үздігі атанып үлгерді. Ата-ана қамқорынсыз қалған балаларды аялы алақанында тербеткен ауқымды шара әрбір жеткіншектің жүрегіне мейірім сыйлайды.
Авторлары: Зәуре Елдартқызы, Дмитрий Пыхтин

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/64072-ejirim

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз