Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында даңқты генерал Иван Панфиловтың немересі Айгүл Байқадамова ресейлік БАҚ-қа сұхбат беріп, қазақстандық патриотизмнің кейбір ерекшеліктері туралы айтып берді.
Айгүл Байқадамованың Lenta.ru сайтына берген сұхбатын қазақшалап, NUR.KZ оқырмандарына ұсынып отырмыз.
– Соңғы кездері Ұлы Отан соғысының тарихын қайта жазғысы келетіндер көбейді. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Менің өзгермейтін ойым мынадай – соғыс кезінде біз бір ел болдық. Бір халық, бір Жеңіс және бәріне ортақ қайғы-қасірет бар. Ал тарихты өзгерткісі келетіндер туралы айтар болсақ, қазір олар барлық жерде жүр. Батыста да, бұрынғы КСРО мемлекеттерінде, өкінішке қарай, Қазақстанда да кездесуде.
Өздерін ұлтшыл-патриоттар деп атайтын топ шығып, бәрін қаралағысы келеді. Ал мынандай келеңсіз жағдайлар жыл сайын қайталануда. Мәселен, Адольф Гитлердің туған күніне орай журнал шығарды. Биыл олар Жеңіс символы – Георгий лентасы туралы дау көтеріп отыр. Бұл – өте қауіпті тенденция.
Ұлтшыл патриоттардың көшбасшыларының бірі қазақ ұлтшылдығын патриотизмге тең депті. Бұл өтірік нәрсе. Бір ұлтты басқалардан басым деп есептеу мүлдем қате. Бұл тіпті екінші Украина жағдайына әкелуі мүмкін. Мен олардың ақшаға жұмыс істеп жүрген жандар екеніне 90 пайыз сенімдімін. Бұл халықтар арасына сына қағатын қадам. Сондықтан мұндай бастамаларды түбірімен жою керек деп есептеймін.
– Қалай ойлайсыз, бұрынғы КСРО елдері тарихи шындықты сақтап қалуы керек пе? Мұны қалай істеген дұрыс?
– КСРО құрамында болған елдердің барлығын ортақ тарих байланыстырып тұр. Ал өз тарихыңды сыйламасаң, болашақ жоқ. КСРО құрамындағы елдердің барлығы Ұлы жеңіске орасан зор үлес қосты. Біз өз тарихымызға түкіріп, сыйламайтын болсақ, мәңгүрттерге айналамыз.
– Қазақстандағы көптеген саясаткерлер Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Георгий лентасын тағуға тыйым салды. Есесіне Қазақстан туының түсімен бірдей ленталар пайда болды. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Бұл менің көңілімді қатты түсірген жайт болды. Астанаға барғанымда да мемлекеттік тумен түстес ленталар таратып жатқанын көрдім. Меніңше, бұл мүлде дұрыс емес позиция. Оның үстіне, жеңіс символын алмастыру ұлы ерлікке кір келтірумен бірдей.
Ал жаңа ленталарды ұсынушылар – ұлтшыл патриоттар топ жыл өткен сайын үлкен күшке ие болуда. Бүгінде Қазақстанның туымен түстес ленталарды тарату мемлекеттік органдар деңгейіне көтеріліп жатыр. Яғни, ұлтшыл патриоттардың идеясы мемлекеттік деңгейге жетті. Біз үшін президент Назарбаев үлкен үлгі. Ол Астанадағы Панфилов ескерткішінің ашылуына қатысқан кезде бейтарап позицияны ұстанып, ешқандай лента таққан жоқ.
– Нұрсұлтан Назарбаев Астанада генерал Панфиловқа ескерткіш қою туралы тапсырма берді. Мереке қарсаңында бұл ескерткіш орнатылды. Әзірге мемлекет жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтап отыр ғой…
– Ескерткішті Назарбаевтың өзі ашты. Елбасы арнайы айтпайынша, ештеңе орындалмайды ғой. Ескерткіш өте жақсы, маған ұнады. Менің отбасым үшін бұл өте маңызды. Тек анамның осы күнге жетпегені өкінішті.
Дереккөз: Nur.kz