Мәжілістің “Көші-қон” Заңы туралы алтыншы отырысы

0
480

 Бұрынғы аты:

«Бүгін Мәжілісте “Көші-қон” Заңы туралы алтыншы отырыс өтті. Оң өзгерістер бар…»

parlament

Бүгін Мәжілісте «Халықтың көші-қоны туралы» Заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізуге арналған алтыншы отырыс өтті. Осыған дейін жалпы жобада тұрақты тіркеуге тұру мен азаматтық алуға, жеңілдіктерден игіліктенуге арналған тамаша баптар бар. Олар бір ауыздан қабылданып та қойды.

Ендігі мәселе – ЕКІ АНЫҚТАМА!

Отырыстың күнтәртібіне сай, біз ұсынған мына ұсыныстар талқыға түсті.

Бірінші: 23-бап. Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың   отбасы мүшелерiне берiлетiн жеңiлдiктерге байланысты, «Этникалық қазақтар жеке мүлкі болып табылатын ауыл шаруашылық техникаларын кеден салығынсыз алып келуге құқылы»;

Екінші: 32-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп   келушілерге келуге виза берудің шарттарына байланысты, «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері білім алу мақсатында көшіп келетін этникалық қазақтарға кезексіз немесе жеңілдетілген тәртіппен виза береді»;

Үшінші: 33-бап, Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілерге байланысты, «Қазақстан Республикасына білім алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін оқу орындарының жатақханасын қоса  алғанда тұрақты тіркеуге тұруға және Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтініш беруге құқылы»;

Төртінші: Жобаның 49-бабының 2) тармағына байланысты, «этникалық қазақтарды қоспағанда  сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған»;

Бесінші: Және де Жобаның 49-бабының 9) тармағына байланысты, «этникалық қазақтарды қоспағанда ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған».

Обалы не, жұмыс тобының жетекшісі Гүлнар Сүлейменқызы Сейітмағамбетова апайымыздан бастап, Құттықожа Ыдырысов, Гүлмира Исімбаева, Бақытбек Смағұл, Алмас Тұртаев, Меруерт Казбекова, Айқын Қоңыров қатарлы халық қалаулылары аталған ұсыныстардың қажет екенін толық түсінді және қатысты мекемелердің басшылары мен мамандарының уәждерін толық тыңдады.

Өте-мөте оқу мақсатында келетін этникалық қазақ студенттеріне қатысты жеңілдік қарастыру жағына келгенде Білім министрлігінен келген маман Ақерке Абылайханқызы әр жылы мемелекет жағынан шеттен келетін қандастарымызға деп 1400 балаға ЖОО-да оқуға квота бөлінетінін, бірақ сол талапкерлердің тест тапсыратын мезгілге үлгіре алмай қалатынын айтып, бұл тармақтың қажет екенін айқындап берді.

Жасыратыны жоқ, 33-бапқа бапқа келгенде, ІІМ Көші-қон полициясы комитеті Төрағасының орынбасары Ғалия Сәрсенова қарсы шықты.

Оған қарсы Депутат Меруерт Казбекова жауап берді. Қарындасымыз бұл тармақтың да керек екенін жақсылап дәлелдеді.

Ал, 2011 жылғы 22 шілдеден бері қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына кедергі боп келе жатқан Қазақстан Республикасының №477-IV «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 49-бабындағы 2) және 9) тармақтарына қатысты екі ұсыныс туралы да көп талқы болды. Біз Қайрат Бодаухан екеуміз өз тарапымыздан егер бұл жолы да атышулы ЕКІ АНЫҚТАМА алынып тасталмаса, мына Заңның да құны көк тиын болатынын, Қытай жағының сотты адамды шетелге шығармайтынын қадап айттық.

Бүгін отырысқа заңгер Мақсат Нұрыпбай інімді ерте барғанмын. Мақсат Ілиясұлы ең дамыған алты елдің репотриянттарды қабылдайтын заңын таныстыра келіп, бұл елдердің бірде біреуі келушілердің бұрын соттылығының бар-жоғына қарамайтынын атап өтті…

Жұмыс тобы мүшелерінің аталған бес ұсыныстың да өте маңызды екеніне, оны толығымен қалайда қабылдау керектігіне көздері толық жетті. Келесі аптада өтетін отырысқа дейін қажетті атау-терминдерді дұрыстап жазуға, қатысы мекемелер мен мамандардың одан ары пысықтап жетілдіре түсуіне қалдырды.

Бұл Заң жобасына Үкімет Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, Парламетке талқылауға ұсынғанын білесіздер.

Сондықтан, үміт ақталады, мінсіз Заң қабылданады деп сенеміз!

DSC_0298

Ауыт Мұқибек

«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз