Ақтөбеде мектеп оқушыларының өз-өзіне қол жұмсау фактісі жиілеп кеткен. Жақында 18 жастағы мектеп оқушысы Лейла Шакулованың өлі денесі өзі тұратын пәтерден табылды.
Оқушы қыз өзінің соңғы хатында ешкімді кінәламауға шақырған деп жазады Актобетаймс басылымы.
№3 мектептің 11 сынып оқушысы Лейла Шакулова 8 мамыр күні сабаққа келмеген. Кейбір мәліметтер бойынша, ол өзіне қол жұмсайтын күні жақын достарына хабарласыпты. Ал кешкі сағат жеті кезінде Лейланың жансыз денесін туған әпкесі тауып алған.
Куәгерлердің айтуынша, Лейла қонақ бөлмедегі есіктің тұтқасына асылып, көз жұмған.
Осыдан соң, оқушы қыз ҰБТ-ға байланысты өз-өзіне қол жұмсады деген әңгімелер шыға бастады. Яғни, Лейланың қалдырған хатында ҰБТ-ға қатысты мәселелер айтылған.
«Ешкімді кінәламаңдар. ҰБТ тапсыра алмайтынымды сезіп тұрмын. Мектеп бітіру кешіне де шығындалғым келмейді. Менсіз оңай болады, несие алудың да қажеті жоқ. Кешіріңдер», – деп жазған марқұм соңғы хатында.
Алайда, мектеп мұғалімдері Лейланың үлгілі оқушы болғанын, тест кезінде жоғары ұпай алып жүргенін айтады.
Кейін қыздың ата-анасы ажырасып кеткені анықталды.
Бұл №3 мектепте орын алған екінші қайғылы жағдай. Осыған дейін еңбек пәнінің мұғалімі де өзіне қол жұмсаған болатын.
Бұдан бөлек, № 18 мектептің бір оқушысы көз жұмған соң, мектеп директоры өз еркімен қызметінен кетті.
Ақтөбеде жиілеп кеткен жасөспірімдер қазасынан соң, мектеп оқушыларына имамдар көмекке келетіні туралы айтылған. Бірақ қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Роза Тастанбаева Конституцияға сәйкес, имамдар көмегіне жүгінбейтінін мәлімдеді.
Дереккөз: Nur.kz