Оспан батыр

0
540

Қозыбай Құрман

ospan batyr

 

Тамырыңда қан тулап басыла алмай,

Жарқ-жұрқ ойнап көзде от жасын аумай.

Жаттың ба, Алтай, кеудеңе «бүлік» түсіп –

Елдің мұңы Ертіс боп тасығанда?

 

Шер алқып – қобыз алқып тіл біткендей,

Ішіне бір сұмдығын қыр бүккендей.

Аспанға «бостандық» деп сөз ұмсынды-ау,

Дүн-дүние теңдік аңсап дүрліккендей.

 

«Етті деп етекті кіл жанарын көл,

Ашты деп албастылар аранын мол»

Кететін сөйлеп-сөйлеп қарт тарих –

Сүйкей салса домбыра шанағын қол.

 

Өткенді отыратын безбенге сап,

Болған дейді Оспанға сол кезден жасақ

Ауылда біздің туған бір алып бар,

Оспанды мүсіндейтін сөзбен қашап.

 

«Оғылан ұл Оспан – пай-пай, дүр еңселі!»

Деп тіктеп алатын да бір еңсені.

«Ошың деп айтатынбыз» дейді тынып,

(Алқымын алады-ау кеп, білем шері).

 

«Жалғанда ондай батыр жоқ деп біліп,

«Жылтуға» жұртты жанған от деп біліп:

Нөсерлеп құйған оқтың арасында,

Біз сонда жүретінбіз көктеп кіріп.

 

Тағдыры омыраулаған өр толқын көп

Оян қазақ! Бас көтер, ер серпіл! Деп…

Жауына бірде кесіп айтқан Ошың:

«Шайтанмен де ел үшін келісермін деп»

 

«Ойхой, Алтай – түркі тақ, күреңшелім,

Басыңды бұлт байлады, білем сенің», –

Деп Ошың сонда бетер түнеретін,

Тұлпарлар қан жуғанда тілерсегін.

 

Еңіреп есіл күнді несін айтам?!

Ғұмырдың таңы – ылди, кеші – қайқаң…

Шіңгілде Ер Оспанды хан көтердік,

Кенеден кейінгі хан – кесіп айтам!

 

«Бөрідей шуласады атағы*» үдеп,

Тек «Ошың» деп атайтын қатары көп.

«Ер Оспан» деп онда әлі ардақтайды ел,

«Жау» дейтін Қытаймен де шатағым жоқ!

 

Дейтін де бүк түсетін өкпелідей,

Бір мінез танытпайтын текке дүлей?

«Әкесін өлтіргендей осылардың,

Ошыңды қағып жүрген шетке кім, ей?»

 

Осымен болатын сөз тәмәм, ақыр,

Оспан –аңыз, Оспан – шын дара батыр.

Батысың кеше шулап жатса Оспан деп,

Біз де ертең тойлатамыз қара да тұр!

 

Жалғаған «Азаттық» деп хандық ізін,

Ғасырдың тазартсам деп қанды жүзін.

Кім болсын белін шешпей күрескен хан,

Аңыз боп әспеттелмек – жалғыз ұғым!

 

*Бөрідей шулап атағы – Жәркен Бөдеш.

 

Алтайды аңсау

Алтай Алтай болғалы иығыңды  қар басып,

Жырау жылдар жылыстап, жырыңды айтып алмасып –

Менің бала күнімде сабылысып от беріп,

Жүруші едің, өзекке сағыныш боп кептеліп.

 

Тау тұлғаңмен таң нұрын пейілдене ұрттап,

Әжіміңде жіпсіген тұр ғасырлар тұнып нақ.

Жұмекенге ұқсатып, артық көргем неден мен –

Аумай қалып тұрғаның содан болар өлеңнен?!

 

Секілденіп ақ қайың Ертіс келіп емініп,

Секілденіп қарағай сау етісіп, шегініп –

Маған ғана ұнайды алқам-салқам тұрысың,

Көкірегіңде пырылдап жатсам сосын түн іші .

 

Тыңдау үшін мен кейде құйқылжыған құс әнін,

Саған қарай үкідей түнек жарып ұшамын.

Жатам сосын балбырап маңдайымда таң атып,

Алтын күнге кекілін арғымағым жалатып.

 

Кесесіне шық құйып шөліркеген қыр оты,

Жұтады да тамсанып, қауласады дүр етіп.

Бұлағыңмен етекте жатсам бірге күй тасып,

Тұма біткен жиылып кететіндей ұйқасып.

 

Күреңшеңнің басында күлтеленген үмітім,

Саған ғана жетелер сарығым боп күні-түн.

Диуанадай жүремін кезіп ақыр кеткім кеп,

Жанарымда тұрады сенің үшін от гүлдеп!

 

Алтай, Алтай әу бастан болған анам өзің деп,

Көк жүзінен саулаймын жаңбыр  болып – сезім боп.

Кемсең қағып жетемін кейде өзіңе мұң сынды,

Сендей берік сақтайды бұл ғаламда кім сырды?

 

Жетпей, жетпей, жетпей қап мүсіндеуге сөз асыл,

Бояу таппай сүгіретің салу үшін не жасыл –

Жүрем сосын дағдарып жаным тәнге байланып,

Саған жету мүмкін бе құсқа тағы айналып?

Білмеймін!

 

ТАҒДЫР ДЕЙТІН ТАМШЫ БОП

Топырағыңда бөз жусан бүрін жайса сөз қылдым,

Өртеңдегі үмітім гүлін жайса сөз қылдым.

Бота көзін бұйырғын шықпен жуса еліттім,

Лағындай мөлдіреп қарайды ол да еліктің.

 

Шұғыладай билеген ақ қайыңға сыр бастап,

Жатсың ба асқақ, баба тау, қарғалдақтан гүл жастап?

Қурай біткен құбылта шырқай ма  әлі қыр әнін,

Қырдың әні шырқалса сені еске алып тұрамын.

 

 

Басыңдағы уайым – қар, жүрме тынбай күреп күн,

Жырын кімдер айтады сендік ұлы жүректің?

Ғұннан, сақтан, түркіден жеткен жалғыз күй болып,

Сенің жалғыздығыңа кеттім мен де  үйреніп.

 

Шаңырақтан сорғалап тұрған ғажап күй сынды ең,

Ержеткенмін жалбызым сенің жұпар исіңмен.

Сен дегенде кеудемнен шайқалады неше көл,

Саған қарай талпынғам, жеткізбейді неше жол.

 

Сірік отын бүркеніп жатқан сонау қалпың дәл,

Нажағай боп бір сәттік көз алдымда жарқылдар.

Айықтырар құдірет сенде білем дерттен бұл,

Қайда жүрек қылымды жазбай танып шерткен қыр?

 

«Табанымнан ыстығың өткен сайын» өпкім кеп,

Құшағыңда ғұмырым қала алмаса көп гүлдеп –

Жаным үшін кетпегем көрге сияр бір шыбын,

Тағдыр дейтін тамшы боп жанарыңнан ыршыдым…

 

Туған жер

Жарқырап жүрсем өмірде мынау жай оты болып көк тілген –

Бабамның күйін тірілткен сонау бағзы бір екі ішекпін мен.

 

Өмірдің сызын сезінбейтінім –

Жаралғам күннен от тамған,

Шықсам бір деп ем мінбеңе менмен әкеме арман боп қалған.

 

Құландай ауып, қорлықпен өткен күндердің бүгін бәрі аңыз,

(Атажұрт сенде бізден де енді теңбіл де-теңбіл қалады із).

 

Белдердің белін бүгілтіп шапқан атакемдердің құрығы қалған,

Балдай бір тәтті бал қарындастың балауса күннен қылығы қалған;

 

Бұйратын аңсап жеткен бір ұлдың бұйырғын түсті бөрігі қалған,

Бәйтесесінен үй ағаш өнген Бәйділдә ұста көрігі қалған;

 

Таң болып атып, күн болып батқан мың жүрек сенде ғашығы қалған,

Талдырып қарап тарихына өткен талай бір көздің асылы қалған;

 

Шер буған елдің алқымындағы тарқамас мәңгі шемені қалған,

Толқыған көлдің беті көшеді, көше алмай құрғыр тереңі қалған –

ТУҒАН ЖЕР!

 

КҮЙДЕЙ ҒАЖАП ТЕРЕҢДІМ

(Жұмекен Нәжімеденовке арнау)

Қуаныштан дүрк берген жанарымда жас бүрлеп,

Тамырымда тулаған асау өлең тасқын боп.

Құм шағылдан, құдай-ау, тауға айналған сұлбасы,

Саған келдім, Жұмекен, Қошалағыңды басқым кеп.

 

Шым-шым батып тереңі байқалмаған өзендей,

Бұлдыр-бұлдыр биігі білінбейтін кезеңдей.

Саған жеттім маңдайға бұйырмаған жыр сындым,

Қандай бақыт күмбірлеп тұрған асыл сөз өлмей!

 

Сылқ-сылқ басып сырғалым сыр айтуға келердей,

Бұрқ-бұрқ тасып тасып дұшпаным мұңайтуға келердей –

Сенің жырың алдында шаттанып һам күйінгем,

Сенің жырың бар мұнда ғашық еткен өлердей.

 

Жырау баба Қартпанбет секілденіп от берген,

«Нәжімеден сыр қаузап отырған» деп өткеннен

Біздің жақта тек андыз шуласатын жұрт мықты,

Мықтылардың сөзіне содан сеніп кеткем мен.

 

Бебеулесе, беретін белде жүзген гүлге рең,

Тұратындай шайқалып төбеңде ұдай нұр кілең –

Күй тілінде сөйлеген өлеңге ұсап өлмейтін,

Құрманғазы күйіне мен де өзіңдей ділгір ем!

 

«Ұлым, саған айтам» деп ұмытылмас жыр тілін,

Күйдей ғажап күн кештің байланғанша кірпігің.

«Менің топырағым» боп туған жерге сыр бастап,

Аңсаған ба ең шарқ ұрып, шалғайдағы қыр түнін?!

 

«Өз көзіммен» қараймын бұтаға да бүр жарған,

Ақша бұлттар аунайды құз басында гүлге алуан.

Алатаудың етегін қастерлеймін сол үшін –

Сенің ізің табылар тәрізденіп бұл маңнан.

 

Ұрпағыңа бір мұнша сыйлауға анық таудай бақ,

Сезінуге бақытты тұтас мынау ауыл-аймақ.

Омырауынан аспанның үзілгенмен ғұмырың,

Отты жырлар тұр, міне, сол жылдардан аумай қап.

 

Төреші уақыт сан ғасыр бойы мықтап сынасын,

Қойсын, мейлі, бәз біреу түсіне алмай кіәсін.

Таусыз мынау даланың төсін керіп өлеңмен,

Білетінім – шың болып сен мәңгілік тұрасың!

 

«Қамшы» сілтейді

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз