Баланы тәрбиелемеңіз, өсіріңіз…

0
472

7

 

Психология ғылымының докторы, МГУ-дің профессоры Юлия Гиппенрейтер балалар мен ата-анасы бақытты өмір сүру үшін не істеу керегін зерттеген ғалым. Өзінің тәжірибесімен ол көптеген семинар, кітаптарында бөліскен қызықты ой-пікірлерімен таныс болайық.

 Тәрбие хақында

Баланы тәрбиелеу – оны үйретіп, жаттықтыру деп түсінбеңіз. Ата-ана баланың шартты рефлекстерін жетілдіру үшін керек. Маған «тәрбиелеу» деген етістік ұнамайды. Ол көп адамда мәжбүрлеу, ықтиярсыз көндіру, талап ету, қадағалау, тексеру сияқты сөздермен астасып жатады. Сондықтан «тәрбиелеп» емес, «өсіріп» деген сөз мағыналы болады. Ата-ана баласына өсуге көмектеседі. Бала өсіп, өзге адамдардың арасында еркін, санасы бүтін болып өмір сүруі керек.

Микеланджелоның фрескасын еске түсіріңізші: Тәңір Адамды жасап шығарады. Олардың қолдары әне-міне сүйкеліп қалмақ. Тәңірдің салалы қолы Адамның ұмсынған қолына созылып тұр. Ересек адам – білім, даналық, көрегенділіктің, этикалық ұстанымдардың иесі, бар білгенін баласына беруі тиіс.

Бала өскенде өз бетінше өмір сүре алады. Ересек адам өзінің қолын қайтып алады. Баланың өз қолы қуат пен күшке ие болады. Ол индивидуум, тұлға. Қалыптасты. Ата-ананың мақсат-мүддесі орындалды. Бір-біріне деген таза сезім мен сыйластық қалады. Олардың сүйіспеншілігі, достығы жалғап тұрады.

Тәрбие – баланың санасына жасалатын зорлық. Әр баланың түсінік қалыптастыру мезгілі, даму жеделдігі, өсу сатысы әр түрлі. Сол үдеріске ешкімнің араласуға қақысы жоқ. Әсіресе, ұқыпсыз түрде араласқан жөн емес. Бұл баланың болмысын бүлдіру. Ата-ана көмекші болуы керек. Гүл өсіргендей. Құнарлы топырақ, қорғаныш қажет. Бірақ екі құлағынан ұстап жоғары тартудың қажеті шамалы. Асықтыруға болмайды.

Тіл алмау

Тіл алмау – баланың өзімен қарым-қатынас дұрыс болмаған жағдайда қолданатын жалғыз тәсілі.

Өзіне көңіл бөлдіру үшін ашуландыру – әр балаға тән қылық.

Жасөспірімдік сән қызылшамен ауырғандай. Көптеген бала жұқтырады. Әркімнің өту мерзімі мен ауыртпалығы әрқилы. Бірнеше жылдан соң артына қарап күлетіндері аз емес. Бірақ ата-ана осы мезетте баласымен ұрыс-керісті созып жіберсе, арты жақсы болмайды.

Тәртіп сенімді қарым-қатынас орнатқан соң ғана іс жүзіне кірігуі шарт. Және тек жақсылыққа бағыттауы тиіс.

Сіздің балаңыз кереғар тәжірибе жинауға мүдделі. Әрине, егер өміріне не денсаулығына зияны болмаса. Балаңызға жасаған ісінің теріс нәтижесімен бетпе-бет келуге мүмкіндік беріңіз. Немесе әрекетсіз отырудың кері әсерін сезінсін. Сонда ғана ол есейеді. Түсінік дамиды.

Балалар көбіне ата-анасын «темір Феликс» деп қабылдайды. Өйткені, ата-аналардың өзі туралы айтып беруге ниеті жоқ. Баламен не сезінсеңіз сол туралы әңгімелесу маңызды. «Мұндай сөзді есту маған қиын болды. Ренжідім» деген сөздерді ол естіп өскені абзал. Ол қорытындыны өзі жасайды. Бастысы – шынайы болыңыз, оның сезіміне билік жүргізбеңіз.

 Өзін бағалауы

Баланың өзіне деген сенімділігі әрекетімен бағаланады. Жақсы оқысам – мен жақсымын. Анама көмектессем – мен жақсымын. Бала өзіне жақсы көзқараста болғаны маңызды. Егер сол сезімді сезінбесе, «жаман оқимын, анам ұрса береді» деген күй басымдық танытса, жаны қиналады.

Бала өзі туралы жаман оймен өмір сүре алмайды. Өзін құтқару механизмі қосылады. Ит емдік шөбін іздегендей жасөспірім өзіне қолдау, мақұлдау, сенім іздеп кетеді. Ол беделді біреудің мақұлдау пікіріне зәру. Мейлі ол қылмыскердің немесе діни имамның сөзі болсын, оған бәрібір.
Мектеп туралы

Ұйым ретінде мектеп баланың шығармашыл ойлауы мен жеке тұлға болып қалыптасуына мүдделі емес. Ол тек жоғарыдан келген тапсырмаларға, бағдарламаларға, амал-тәсілдерге ғана бағынады. Солардың мүлтіксіз орындалуын қадағалайды. Мектеп деген өзінің мені жоқ адамдарды тәрбиелейтін зертхана. Оқушы айтқаннан шықпайтын еркі жоқ адам. Ол –атқарушы.

Балаға қоқан-лоққы жасап, қорқытып-үркітіп, өз дегенін істетеді. Мұғалім: «келесі жылы орныңда қаласың» немесе «бәрі жаттағанды сен неге жаттамадың, соншалықты ақымақсың ба?» деп шошытса, баланың өзіне деген сенімі шайлығады. Өзін кеміс сезінеді. Оның күш-қуаты кемиді. Бір нәрсе істеуге құлқы жоғалады. Сондықтан ата-аналар дұрыс таңдау жасай білуі өте маңызды. Не мектептің жағына, не баласының жағына шығуы керек. Шабыт сыйлай білу – ересек адамның міндеті. Мектеп шабыт бере алмаса, онда оны ата-анасы сыйласын. Осы бағыттағы  қадамын нық бассын. Баланы зорлап жұмсаудан арылыңыз. «Сен міндетті емессің» деңіз.

Менің семинарыма қатысқан бір қатысушы әйел өзінің оқиғасын айтып берді. Бірде оны мұғалима мектепке шақырады. «Балаңыз анау, мынау, түк бітірмейді» деп бастағанда, бұл тұрыпты да мұғалімге: «Білесіз бе, мен өз ұлымды өте қатты жақсы көремін!» депті. Мұғалім үндемей қалады. Бұл да жауап берудің бір тәсілі.

Қарсы бағытта да жауап беруге болады. «Айтқан сөзіңізден менің балама жаныңыз ашитынын, оған  көмектескіңіз келетінін түсіндім. Сіздің айтқаныңызды орындаймын. Рахмет» деңіз. Біраз уақыттан соң келіп: «Баламның жақсы жаққа қарай өзгергенін байқаған шығарсыз. Бәрі сіздің арқаңыз» деп айта салыңыз. Мұғалім де адам. Оларды кейде қолдап, тыныштандыру керек. Олардың жұмысын бағалайтыныңызды сездіріңіз. Өзін сыйлайтыныңызды көрсетіңіз. Бірақ балаңыздың өзін бағалауы сіздің мойныңызда. Кім не десе де сіз оны жақсы көре бересіз.

Мектеп деген уақытша кеңістік. Ал, сіздің балаңызбен қарым-қатынасыңыз мәңгілікке.

Аударған  Шынар Әбділдә.

http://www.dalanews.kz/ojkazan/balany-tarbielemengiz-osiringiz/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз