Алғашқы орта салмақтағы 24 жастағы бұрынғы әлем чемпионы мексикандық Сауль «Канело» Альварес орта салмақ дәрежесіндегі WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің шақыруын қабыл алды.
Естеріңізге сала кетейік, Астана уақыты бойынша 17 мамырда Калифорния штаты, Инглвудта Головкин кіші Вилли Монроға қарсы кездесу өткізіп, чемпиондық атағын қорғап қалған болатын.
Ол кіші Монроны 6-раундта техникалық нокаутпен жеңді. Жекпе-жектен соң іле шаршы алаңда берген сұхбатында бірнеше боксшылар есімін атап, жұдырық түйістіргісі келетін айтқан еді.
Аталған есімдер ішінде Альварес те бар еді. Мексикандық жауабын көп күттірмеді.
Өзінің Twitter-дегі парақшасында ол «Иә, сайтан алғыр!» деп жазып, осылайша GGG шақыруын қабыл алды, деп жазады Vesti.kz.
Дереккөз: 24.kz