Алматыда баспанаға қол жеткізбеген жалғыз ардагер бар

3
345

9

Алматы қаласының әкімі Ахметжан ЕСІМОВ мырзаның назарына!

Күні кеше ғана Ұлы Жеңістің 70 жылдығын дүркіретіп өткіздік. Қан майдандан от кешкен ардагерлерге мемлекет тарапынан құрмет көрсетілді. Әкім-қаралар өздеріне қарасты аймақтардағы ардагерлердің бәрін баспанамен қамтып, құрмет көрсеткенін айтып жоғарыға есеп бергеніне куә болдық. Қазір жыл өткен сайын ардагерлердің қатары сиреп барады. Енді он жылда толарсақтан қан кешкен батырларды қолымызға шам алып іздесек те таппай қалуымыз мүмкін. Сондықтан көзі тірісінде оларға құрмет көрсетуіміз орынды.

Алматыда баспанаға қол жеткізе алмаған ардагер бар десек, сенбеуіңіз мүмкін. Шенеуніктер он жерден ардагерлердің жағдайын жасадық десек те, Алматыда баспана зарын тартып жүрген бір қарт жауынгер бар екен. Таяуда редакциямызға тоқсанның төртеуіне келген қарт жауынгер Баяхмет Хусаиновтың қызы Гүлмира Хусаинова әкесіне қатысты мұң-мұқтажын айтып, басындағы жағдайды жоғарыға жеткізуге өтінді.

№19 Ардагер

– Әкеміз Баяхмет Хусаинов Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған ардагерлердің бірі. Ол 1941 жылы соғысқа аттанып, №713 Ленинград атқыштар полкының сапында неміс басқыншыларына қарсы жан аямай күрескен. 1943 жылы әкеміз ауыр жараланып жарты жылдай әскери госпитальда жатып емделеді. Жарақаты жазылғаннан кейін қайтадан майдан даласына аттанып, соғыс аяқталғанша сұрапыл соғыстың бел ортасында болды. Менің бұл сөзімді әкемізге берген Ұлы Отан соғысының екінші дәрежелі медалі және Берлинді алу үшін берілген медалі айқын дәлел бола алады. Бұдан басқа әр жылдары Үкімет тарапынан марапаттар алып тұрды. Соғыс аяқталғаннан кейін әкеміз туған жері Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Қараоба ауылына оралып, түрлі жұмыстарды атқарып, өзінің соғысқа қатысқанын бұлдамай өмір сүрді. Шау тартып, еңбекке жарамай қалған сәтінде Қостанай қаласында тұратын сіңлім Гүләйім Хусаинованың қолында тұрды. Кейіннен сіңлім өмірден өткеннен кейін әкемді өз қолыма алдым. Содан бері әкем менің қолымда тұрып келеді. Ол кісі соғыс ардагері ретінде мемлекеттен ешқандай көмек алған адам емес. Өзге ардагерлер үй алып, көлік мініп жүргенде әкеміз дүниеге қызықпай жүре берді. Қазір қартайған шағында Алматы қаласы, Медеу ауданындағы менің шағын үйімде тұрып жатыр. Әкеміз қартайып, өз бетінше жүріп-тұруы қиындап кетті. Соғыстың бел ортасында болып, түрлі дене жарақатын алған әкеміз мемлекеттен баспана ала алмай келеді. Осыдан жеті жыл бұрын Алматы қаласы Тұрғын үй департаментіне әкеміз үй сұрап барғанында басшылар «Алматы қаласында кемінде бес жыл тұрмаған ардагерге баспана бере алмаймыз» деп шығарып салған еді. Кейіннен бес жыл болғаннан кейін де арыз жазып, өтініш тастадық. Бірақ өтінішімізге қатысты мардымды жауап ала алмадық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазғанымызда Президент Әкімшілігінің қызметкерлері Алматы қаласы әкімдігі өтінішімізді қарастыратынын айтып хат жазған еді. Сол кезде үмітіміз оянғандай болды. Сол кезде Алматы қаласының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов мырза Медеу ауданы әкімдігіне біздің өтінішімізді қарастыруды тапсырған еді. Бірақ бұдан ешқандай нәтиже болған жоқ. Ұлы Жеңістің 75 жылдық қарсаңында Алматы қаласы Тұрғын үй департаменті басшысына хат жазғанымызда департамент басшысының орынбасары Т.Ізмағанбетов мырза Алматы қаласы бойынша 19369 адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын айта келе, әкемізді әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтың қатарына жатқызып, 8498-ші болып кезекке қойғандарын хабарлап, хат жолдапты. Ал қала басшысы Ахметжан Есімов болса Жеңіс мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысына Алматыдағы соғыс ардагерлерінің бәрі баспанамен қамтылғанын айтқанын естідік. Жеңістің 75 жылдық мерекесі жыл аяғына дейін тойланатыны белгілі. Осы ретте қала басшысы Ахметжан Смағұлұлына әкеміздің мәселесін оң бағытта шешіп беруі үшін «Қала мен Дала» газеті арқылы өтініш айтамын. Бүгінде әкеміздің денсаулығы күннен-күнге нашарлап бара жатыр. Өмірінің соңында жеке үйінде күтім жасап, тәуір жағдайда өмір сүргенін қалайды, – деп қарт майдангердің қызы Гүлмира Хусаинова мұңын шақты.

Ардагер тұрып жатқан шағын ғана үйге барғанымызда өздігімен жүріп-тұрып, сөйлеуден қалған ақсақал бізге ымдап біраз дүние айтқысы келді.  Бірақ тұтығып, ойын жеткізе алған жоқ. Майдангер қарттың соғысқа қатысқаны үшін алған медальдарымен өзге құжаттарымен танысып, ардагердің хал-ахуалы өте қиын екеніне көз жете түсті. Осы ретте Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мырза Баяхмет Хусаиновқа қол ұшын беріп, мәселесін шешіп беретініне сенім білдіреміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН

http://www.dalanews.kz/sadak/almatyda-baspanaga-kol-zhetkizbegen-zhalgyz-ardager-bar/

3 ПІКІРЛЕР

  1. Адам күш – қайраты қайтқан соң, жаутаңдап қалады. Осы кісіге бір үй артықтық етпейді, әкімшілікте кедей болып қалмайды.

  2. Ардагерлерге қолдау көрсетейік.Ардагерлер жеңіс сыйлады, ұрпаққтарына бақытты өмір сыйлады.

  3. Алматы қаласының әкімшілігі ардагерлерге сый , құрмет көрсетті. Жалғыз қалған ардагердің мәселесін шешуге көмек берелі деп сенемін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз