Ақтөбе облысында мұнайшыларды Қытай әнұранын шырқауға мәжбүрлеуде

0
386

 

Ақтөбе облысының аумағында жұмыс атқаратын CNPC “Ақтөбемұнайгаз” компаниясының бір топ қызметкерлері басшылық Қытай әнұранын айтуға мәжбүрлейді деп арыз түсірді.

СНПС

Бұл туралы Abai.kz сайты хабарлайды.

Облыс аумағында мұнай мен газ өндіріп жатқан CNPС «Ақтөбемұнайгаздың» бір топ жергілікті жұмысшысы «Ақжол» демократиялық партиясының облыстық филалына шағымданған. Арыз хатта қазақ жұмысшылары әр күні кезек ауысар алдында компанияның қытай басшылары оларды Қытай мемлекетінің гимнін орындауға мәжбүрлейтінін айтқан.

Ақжолдың облыстық филалының басшысы Ізімғали Көбеновтың айтуынша, партияның Темір  ауданы бойынша координаторы Хамит Қырқынбаев жұмысшылардың арызына орай, мән-жайды сұрап білгенде, олар айтқан жағдайдың рас екенін анықтаған.

Қырқынбаевтың пікірінше, жергілікті билік бұл мәселеден хабардар, алайда қазіргі уақытта аталған жағдайдың анық-қанығын тексеріп, қытайлардың заңсыз қылығы туралы әрекет жасауға ешкім ықылас таныта қоймаған.

Ізімғали Көбенов Кеңқияқ пен Жаңажол кеніштерінде жұмыс істеп жатқандардың дені Қазақстан азаматтары екенін айтады. Бірақ, жұмысымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқатын олардың көбі қытай бастықтардың зорлықты ісіне ашық қарсы шығуға батылдары бармайды екен.

Ал «Ақтөбемұнайгаз» директорының орынбасары Чжан Чэн «бұндай оқиға бізде болған емес» деп, бұл ақпаратты жоққа шығарған.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз