Жемқорлардың қылмыстық жолмен табатын бiр айдағы табысы 3 млн долларға дейiн жетедi. Бұл туралы Мемлекеттiк қызмет iстерi және жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнiң төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлiм еттi, деп хабарлайды BNews.kz.
«Шекарадағы жемқорлықты жеңе алмай келемiз. Соңғы айда бiрқатар қылмыстың бетi ашылды. Бір қарағанда, пара сомасы көлемді емес сияқты болып көрінеді, алайда ол жүйелі түрде солай ғой. Бұл жеке тұлға берген 5 мың теңге де болуы мүмкiн. Бiрақ, бiздiң сарапшылардың айтуынша, бұл жағдайда қылмыстық жолмен келген табыс айына 2-3 млн долларға жетедi. Бұл қылмыстар кеден бекеттерiнде жасалады, ал бұл бiздiң көршiлерiмiздiң, туристердiң алдындағы беделiмiз ғой. Сондықтан бүгiнде дүниетанымдық мәселелер бiз үшiн өте маңызды болып отыр», – дейдi Қожамжаров.
Оның айтуынша, кейбiр облыстарда тұрақты жемқорлық схемалар тәжiрибесi әлi күнге дейiн бар. Агенттiк төрағасының мәлiметiнше, Ақтөбе, Қызылорда, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында соңғы бес айда жүйелi түрде пара алған облыстық деңгейдегi басшылар қылмыстық жауапкершiлiкке тартылды.
«Биылғы жылдың сәуiр айында жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын жүзеге асыру бойынша үкiметтiң жоспары бекiтiлдi. Жоспарда алдағы үш жылға жемқорлықпен күрес бойынша iс-шаралар кешенi айқындалды. Елде бұл iндетпен күресу үшiн мүлдем жаңа тетiктер жүзеге асырылады», – дейдi төраға.
Дереккөз: BNews. Бизнес сейчас