19 мамырда «Құлсары-Бейнеу» тас жолында тіркемесі бар «КамАЗ» автокөлігі LADA Largus жеңіл автокөлігімен соғысты. Нәтижесінде 6 адам қаза тауып, тағы 1-еуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген деп хабарлайды 24.kz.
Атырау облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарованың мәлімдеуінше, оқиға бүгін 19 мамырда түс кезінде сағат 11:30-да Жылыой ауданының аумағында болған.
Қазіргі мәлімет бойынша, «КамАЗ» автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Сөйтіп өз бағытында бара жатқан LADA Largus автомашинасына соқтыққан. Бұл көлікте Өзбекстанның 7 азаматы болған.
Көлік апаты салдарынан оқиға орнында 6 адам тіл тартпастан көз жұмды. Тағы біреуі ауыр халде Құлсары қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
Қазір апат орнында тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: 24.kz