Батырхан Шүкенов жақындарына айтпай, жүрегіне ота жасатқан

0
375

 

Әнші Батырхан Шүкеновтің анасы Дилара Ибрагимқызы  “Еуразия Бірінші арнасындағы” “Кешкі кездесу” бағдарламасына берген сұхбатында ұлының ел біле бермейтін қасиеттерімен бөлісті.

Батырхан Шукенов

Әншінің анасы кезінде  Батырханға «Өнерді таста, селкілдеп ән айтып қайтесің?» деген сынды кеңестерін талай айтқан екен. Себебі, оның әкесі де,  анасы да өмір бойы қаржы саласында еңбек еткен.

«Біз Батырханды жоқтаған халықты көріп таң қалдық. Оның осыншама елдің, жұрттың сүйіктісі екенін білген жоқпын. Ол өзім үшін ерке, қарапайым еді», – дейді Батырхан Шүкеновтің анасы.

Ол бірнеше жылдан бері намаз оқып жүрді.

Дилара Ибрагимқызы Батырханның қайтыс боларынан төрт сағат бұрын телефон шалғанын айтты.

«Сағат сайын хабарласып тұратын. Қайтыс болатын күні төрт сағат бұрын ғана сөйлескен едік.

«Мама менде бәрі жақсы. Сені білемін ғой, қазір қайта-қайта қоңырау шалып іздейсің. Қазір мен гримге кіремін, содан соң ән айтып дайындаламын, кейін гримді жуып, массажға барамын. Бәрі біткесін өзім хабарласамын», – деді.

Батырханның анасы Дилара Ибрагимқызы

Мен жатып қалдым. Сол күні таңғы беске дейін көзім ілінген жоқ. Таңға жуық үйге он шақты туысымыз келді. Жылап жатыр. Түк түсінбедім. Біреуі «Айтыңдар, айтыңдар» деп жатыр. Тағы бір туысымыз «Батыр қайтыс болды» деді. Оны естіген бойда мен құлап қалдым, ары қарай не болғанын білмеймін», – дейді әншінің анасы.

Көпшілік Батырхан Шүкенов соңғы кездері намазға жығылуды жиі айтып жүріпті деген ақпарат таратқан еді. Бағдарлама барысында анасы ол сұрақтарға да жауап берді.

«Ол бірнеше жылдан бері намаз оқып жүрді. Кейде «Ресейлік достарының алдында «бірден шығып кету, елдің алдында намаз оқу ыңғайсыздау. Қаза болған намаздарымды жинап кешкісін оқимын», – дейтін.

Ауырып тұрған адамды бірден сезеді. Тіпті сынықшы десем де болады.

Батырхан Шүкеновтің анасы Дилара әншінің көпшілік біле бермейтін қасиеттері бар екенін де мәлім етті.

«Ол көп жайттарды сезіп қоятын. Кейде үйге хабарласып «Мамам қайда?» деп сұрайды екен. Сол кездері мені үнемі жүрегім ауырғандықтан ауруханаға алып кететін. Үйдегі ұлдар «Мама ұйықтап жатыр. Кейін сөйлесерсің», – десе, «Жоқ, неге алдайсыңдар?! Оның жүрегі ауырып жатыр ғой, маған неге айтпайсыңдар», – дейді екен. Ауырып тұрған адамды бірден сезеді. Тіпті сынықшы десем де болады. Бір кісіге менің көзімше сынған қолын өзі тық еткізіп салып бергені бар», – дейді әншінің анасы.

Дилара  Ибрагимқызы алғашында баласының қазасын «қасақана» деп те ойлапты. Бірақ, оған дейін ұлының отбасындағыларға айтпай жүрегіне ауыр ота жасатқанын естіген.

«Мені Астанадағы ауруханаға емдетуге алып барды. Сол жердегі қыздар  бір-біріне «Бұл кісі Батырхан Шүкеновтың анасы. Өзі де өткенде ғана ота жасатып еді ғой» деп  айтып қалды. Дереу басшысын шақырып сұрадым. Ол біраз тұрып «Ақыры естіп қойыпсыз, Батырхан ешкімге  тіс жарма деп еді. Ол мыңнан бір адамда кездесетін дерт. Негізінен саксофонда ойнағаннан. Жүрекке көп салмақ түскен», деп қысқа қайырды. Кейін ұлдың өзінен сұрасам, «Ой мама» деп тарқылдап күлгені  бар. «Ол жай ем қабылдау сияқты ғой. Уайымдама, бәрі жақсы» деді. Қайдан білейін, естісе мені уайымдады деп ойлады ма екен», – дейді Дилара Ибрагимқызы.

Әншінің анасы бағдарлама барысында ұлының жеке өмірі жайлы да айтып өтті.

Мен Батырға қазақтан әйел алып, ұрпақ қалдыр деп талай айттым.

«Үйде өзіміз «Батырхан орысқа үйленеді. Сондайға жақын» деп күлетінбіз. Сол айтқанымыз келді. Бірінші әйелі литвалық қой деймін. Бірақ, немерем Мақсұтты көрдіңіздер ғой. Тәртібі өте жақсы. Әкесі айына $10-20 мың  жұмсап, Америкадағы ең мықты мектептердің бірінде оқытады екен. Өткенде келгенде жанымнан шықпайды. «Қазақша үйренемін» деп уәде берді. Енді жазғы демалыста келемін деп кетті. Шешесі жіберіп жатса, келіп кетер. Батырхан сол жақтан үлкен үй салып еді. Енді қайтыс болған соң, Американың заңына сай оны ұлының атына заңдастыру қиын болайын деп тұр. Әйелімен сөйлестік, ол енді азаматтық некедегі жұбайы ғой. Ол «Қазақстанға келмеймін» деді. Баланың оқуының ақысын төлеп тұрсақ араласатын сияқты. Бірақ соншама қаржыны мен қайдан табамын? Бізге баланы көрсетіп тұрса болды ғой. Мен Батырға қазақтан әйел алып, ұрпақ қалдыр деп талай айттым. Бірде қоңырау шалып: «Мама қазақ келін керек пе?», – деді. Мен тағы бір әзілі шығар деп басында «Иә, әкел!» деп әзілге балағанмын. Сөйтсем, шын екен. Түрі қуыршақ секілді 23 жастағы қызға үйленді. Тойға журналистерді кіргізген жоқ, достары мен отбасы мүшелері ғана болды. Алайда, ол некесінен бала болған жоқ. Екі жылдан соң ажырасып кетті. Соған қарағанда, жас қыз оның ақшасына қызыққан», – деп күрсінді Дилара Ибрагимқызы.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз