Шымкентте жігіт қызбен әлеуметтік желі арқылы танысып, оның бірнеше суретін жасап, одан ірі көлемде ақша бопсалаған деп хабарлайды сәрсенбіде ОҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап Қазақстан жаңалықтары.
“ОҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Шымкент қаласының 28 жастағы азаматшасы, бір танысы одан қорқытып ақша талап етіп жатқаны жайлы арызданған. Жәбірленуші азаматша полиция қызметкерлеріне өзіне қоқан-лоқы көрсетіп жүрген 1990 жылы туған азаматпен 2013 жылдың желтоқсан айында әлеуметтік желі арқылы танысқанын айтқан”, – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа танысымен кездесу кезінде, сол мезетті пайдаланған жаңа танысы, соңынан сурет құрастыру үшін, жәбірленушінің бірнеше фотосуретін түсіріп алған. Сосын фотосуреттерді оның күйеуіне көрсетіп және интернет желісіне жайып саламын деп жәбірленуші азаматшаны бопсалап, қорқытқан. Содан жәбірлденушіні 1.5 миллион теңге төлеуге мәжбүр еткен, қазіргі уақытта тағы да қоқан-лоқы көрсетіп жәбірленушіден 70 мың теңге талап еткен.
“Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «бопсалаушыға» ақша беру кезінде, 1990 жылы туған Шымкент қаласының тұрғынын күдікті ретінде құрықтады”, – деп көрсетілген баспасөз хабарламасында.
Айғақты зат ретінде ақша, бейне және фото материалдарды тәркіледі. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың осындай әдіспен өзінің материалдық жағдайын жақсартып алуды көздегенін анықтады.
“Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 194 бабы «Қорқытып алушылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті азамат қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде”, – деп қорытындыланған хабарламада.
Дереккөз: ИА «Новости-Казахстан»