Алматыда балабақша қызметкерлері қайғылы жәйттың қалай болғанын айтып берді

0
481

Алматы қаласында №58 балабақша меңгерушісі 21 мамырда орын алған қайғылы оқиға туралы толығырақ айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz.

тәрбиеші 1

Дәл сол күні «Жұлдыз» орта тобында тәлім-тәрбие алатын 26 бүлдіршін күндізгі серуенде жүрген. Меңгерушінің айтуынша, қапелімде көз жұмған қыздың есімі Кәусар екен.

«7-ші орта топ «Жұлдыз» деп аталады. Қайғылы жайт орын алған күні 26 бала күндізгі серуенде жүрген, барлығы қас-қағым сәтте болды. Балабақша ішінде едім, кенеттен даладан балалардың айғайын естідік. Бірден көшеге жүгіріп шықтық. Бәрімізге де ауыр тиді… Балабақшаға барлығы 387 бүлдіршін келеді, кеше 315 болды. Куәгерлердің бірі жедел жәрдем шақырды, мен аудандық білім бөліміне қоңырау шалдым. Бір қыздың беті бері қарады, ол кәдімгі палатаға ауыстырылды. Құралай есімді бүлдіршін әлі де жан сақтау бөлімінде. Алаңда ойнап жүрген қалған балалар дін аман. Қайтыс болған Кәусардың отбасы қыздың өте белсенді, қабілетті болғанын айтады, биге жаны құмар болыпты. Қыздың үлкен ағасы да осы балабақшадан тәлім алған еді. Қазір мектеп табалдырығын аттады», – дейді балабақша меңгерушісі Сәуле Ахметжанова.

Оның айтуынша, балабақша шарбағының тұрғызылғанына 25 жылдың жүзі болыпты. Аула ішіндегі үйшіктердің барлығы жаңа , 2010 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде салынған. Осы шарбақтың жанына көрші маңдағы үйдің тұрғындары тағы бір қоршау орнатыпты.

«Талай рет хат жаздық, алайда тіл қатқан ешкім болмады. Бұдан кейін біз де қолды бір-ақ сілтедік. Балабақшаға қарама-қарсы орналасқан төрт қабатты үйдің тұрғындары балалардың айғай-шуына, келіп-кететін көліктердің көптігіне үйренісе алмай, үнемі шағымданатын. Кешегі оқиғадан кейін шарбақтың түгі қалмады. Менің де қызым осы топқа барады. Қайғылы жайттан кейін, маған топтағы бүлдіршіндердің бірінің анасы Қамар ватсаптан хабарлама жіберіп, тез арада балаларды үйге алып кету керектігін айтты. Абырой болғанда, менің қызым зардап шекпепті, дін аман», – дейді орта топтағы балалардың бірінің анасы Қарлығаш Әлиева.

Сондай-ақ, оқиғаға  куәгер болған тәрбиешінің айтуынша апат болған кезде балалар жабық үйшіктің ішінде ойнап отырған.

«Сол күні топқа 26 бала келген еді. Біз далаға серуендеуге шықтық. Балалар құмда ойнағанды ұнатады. Күн қатты шыжығанда олар шатыры жабық үйшіктің ішінде отырып ойнайды. Апат болар кезде балалардың бәрі соның ішінде отырған. Тек бірен-сараны ғана сырғанақ теуіп жүрді. Соңынан темір тарсылдаған қатты дыбыс шықты. Мен балалар ойнап отырған жерге қарай жүргіздім. Үйшік жер сілкінгендей орнынан қозғала бастады. Ішіне кіргенде, автокөлік әлі қозғалыста болғаннан ба, оның жанындағы құмсалғыш та қозғала жөнелді. Кейін ол да қирап қалды. Соңынан жерде жатқан кішкентай қызды көрдім. Ол автокөлік дөңгелегінің астында жатты. Аяғынан тартып алып шығайын деп едім, алып шыға алмадым. Сосын сыртқа шығып айқайлап, елді көмекке шақырдым», – деп әңгімеледі тәрбиеші.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 20 мамырда №58 балабақшада орын алды. Басқаруын жоғалтқан джип автокөлігі балабақшаның шарбағына соғылып, соңынан балалар ойнап отырған үйшікті қиратты. Салдарынан 5 жастағы қыз бала көз жұмды. Тоғыз бала түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.

тәрбиеші 2

тәрбиеші 3

тәрібиеші 4

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз