Алматыда балабақшадағы апатқа кінәлі әйел тежегіш пен газды шатастырып алған

0
447

Алматыда тежегіш пен газды шатастырып, балабақшада бүлдіршіндерді қаққан 46 жастағы әйелдің қолына сол жерде кісен салынды деп хабарлады “КТК” арнасы.

84cdd6256da574bf56b16d2f6e89086f

Әйел тізгіндеген джип балабақша қоршауын қиратып, арғы жағында ойнап жүрген бүлдіршіндерді таптап өткен. Доңғалақ астында қалған 5 жасар бүлдіршін сол жерде жан тапсырса, тағы 9-ы ауыр жараланды. Жалпы, сол сәтте ойын алаңында 26 бала болыпты.

Жантүршігерлік жағдай Таугүл ықшамауданындағы № 58-ші балабақшада болды. Еш алаңсыз ойнап жүрген балғындарды Лэнд Крузер келіп қаққан. Тізгінде болған әйел тежегіш пен газды шатастырғандықтан қоршауды қиратып кіріпті.

“Мен көшеде келе жатқанда болды барлығы. Өз көзіммен көрдім. Көлік балабақшаға кіргенде жүгіріп бардым сол жерге. Қансырап, жылаған балаларды көріп жүрегім ауырып кетті. Рөлде болған әйел шығып алып кешірім сұрап жүрді”, – дейді оқиға куәгері Наталья Сидорова.

Артынан дереу жедел жәрдем жетіп, балғындарды ауруханаға әкетті. Ал, ата-аналар мен тәрбиешілер болған жайтқа сенбей есеңгіреп қалды. Бүлдіршіндер де, күнде жанында жүрген қыздың қазасын көріп шошынып қалған.

Көлік астында қалған балғындардың екеуінің жағдайы ауыр. Басынан оңбай жараланып, аяқ-қолдарын сындырған бүлдіршіндер жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған жетеуі де ұзақ уақыт дәрігерлердің бақылауында болуы керек.

“Барлық тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Балалар қазір аналарымен бірге осы клиникада ем қабылдап жатыр. Және ата-аналармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Қажет болса, өзге де ем шараларды қолданамыз”, – деп мәлімдеді Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бағдагүл Әбдірәсілова.

Ал, 5 жасар бүлдіршінді жазым етіп, 9-ын аурухана кереуетіне таңған жүргізуші әйел қазір уақытша қамау абақтысында. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Енді тежегіш пен газды шатастырған ол, 5 жылын темір торда өткізуі мүмкін. Оның үстіне былтыр түзету енгізілген заң бойынша, кісі қағып өлтіргендер марқұмның туыстарынан кешірім алса да жазадан қашып құтыла алмайды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз