Алматы облысының кедендік бекеттеріндегі уақытша сақтау қоймаларында тәркіленген контрабандалық тауарлар көп.
Кейбір заттардың жатқанына 10 жылдай уақыт өткен. Арасында жарамсыз болып қалғандары да бар. Бұл туралы облыстағы құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Уақытша сақтау қоймаларында жатып, қолды болып кеткен тауарлар да кезігеді. Бұл ретте 10-ға жуық қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылған. Контрабандалық тауарларды бағалау мәселесі де ойлантады. Кейбір тауарлардың құны бастапқы қалпынан бірнеше есе төмендетіліп таратылған. Нәтижесінде өткен жылы өткізілген 113 сауда барысында құны 1 миллиард теңгеден асатын тәркіленген заттардың бағасы небәрі 90 миллион теңге төңірегінде көрсетілген. Егер бұл мүліктер жөніндегі шешімдер дер кезінде орындалған болса, мемлекет қазынасына 3 миллиардтан астам қаражат түсер еді деп отыр облыс прокурорлары. Ал шешім шығаратын құрылымдар әртүрлі кедергілерге кездесіп отыр.
Алтай Әлмамбетов, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:
– Сол себептен осының бәрі заңда нақты-нақты көрсетілетін болса, бұл жағдай шешіледі деп ойлаймыз.
Руслан Исаев, облыстық әділет басқармасы басшысының орынбасары:
– Мемлекет меншігіне мүліктерді айналдыру мәселесі бұл сот орындаушылардың бір күрделі, қосымша жұмысы болған. Бүгінгі күні ол мәселенің бәрі шешіліп, бұл құзірет қазіргі күні Қаржы министрлігіне берілді. Бұл қазіргі сот орындаушылардың біраз жұмыстарын жеңілдетеді деген ойдамыз.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/65745-ojmada-or-bol-an-d-nie