ОПАСЫЗДАР

0
598

3

Бұл тізімде «Қазақстан Ресейге қосылуы тиіс», «қазақ орысқа қосылса ғана адам болады» немесе «Мен 1991 жылдан бері Олимпиада көрмеймін. Себебі, КСРО құлады. Қазақстан Ресейге қосылғанда ғана көретін боламын» дейтін Ермек Тәйшібеков жоқ. Бірақ, ол сияқтылар аз емес. Арамызда жүр. Және аты-жөніне қарасақ бәрі де қазақ…

1234392_422602047918180_1428489971004342183_nОлар «орыс әлемін» жарнамалайды. Олар «қазақ орыссыз күн көре алмайды» дейді. Олар Путинге табынады. Олар әлеуметтік желі арқылы жұмыс жасайды. Олардың жазбалары қауіпті, уытты. Сіз, мұны біліп жүруіңіз керек.

Қазақ ұлтшылдарын балағаттап, мемлекеттік тілді мазақтап, «орыс әлемін» ұлықтап жүрген әлеуметтік желідегі «қазақтардың» бір тобының ой-пікірін қаз-қалпында бергенді жөн көрдік.

Олардың мақсаты не? Олар нені көздейді, нені аңсайды және неден қорқады?..Абай болыңыз! Сеніп қалмаңыз…Пікірлердің адамды арбап алатын «құдіреті» бар.

Руслан ИБРАЕВ:

руслан ибраев«МЕНІҢ ОТАНЫМ – КСРО»

«Маған біздің ұлтшылдар: «Егер біздің жерімізде дәл Украинадағы жағдай қайталанатын болса қайтесің? Қазіргі «ДНР», «ЛНР» сияқты ұйымдар құрылып жатса солардың қатарында қазақтарға қарсы соғыспақсың ба?» деген сауал қояды. Мен оларға былай деп жауап беремін: «Соғыс басталмай тұрып, алдымен майдан болады…Міне, сол кезде мен біздің полицейлерге, омондарға шай ысытып беремін, тамағын жасаймын, палаткілерін құрамын. Оларға барынша қолдау көрсетемін, көмектесемін. Мұның барлығын сендердей ұлтшылдарды билікке жібермеу үшін жасаймын…».

«Қазақстан менің – кіші Отаным. Менің үлкен Отаным – КСРО. Бір кезгі Кеңес Одағынан тарап кеткен республикалар – бірігіңдер!».

«Алма-Атаның бұрынғы атауы – Верный. Аты айтып тұр, біз қазақтар сенімді одақтаспыз. Батысшылардың аузына құм құйылсын. Біз Ресеймен біргеміз».

«Қазақ тілі дейсіз бе? Күлкімді келтірмеңіз. Тарихта ұлы ұлттар шағын елдерді жұтып қойған мысалдар аз емес…Орыс тілін жоғалтқан ұлт әлеммен арадағы байланысын үзеді. Ғылым, медицина, инженерия біз барлығын орыс тілі арқылы меңгердік».

«Батысшылдар мен ұлтшылдар жүрген жерде – ылғи төңкеріс, атыс-шабыс, соғыс. Дәл осындайлардың кесірінен 1917 жылғы революция болды. Дәл осындайлардың кесірінен азаматтық соғыста қаншама адамнан айырылдық. Қазір де араға от салмақсыңдар. Тарихимыз ортақ бауырлас елмен (Ресеймен) араздастырғыларың келеді. Армандапсыңдар, болашаққа Еуразиялық Одақпен бірге барамыз».


нариман есимбековНариман ЕСИМБЕКОВ:

«ЕҢ ҰЛЫ КӨСЕМ – СТАЛИН!»

«КСРО-да туған әрбір адам өзінің әлемдегі ең керемет мемлекеттен айырылып қалғанын жақсы түсінеді. Ал бұл мемлекеттің қабырғасын қалаған әлемдегі ең ұлы көсем – Сталин!»

«Америка Ресейге күллі әлемді қарсы қойғысы келді, бірақ жақын арада күллі әлем АҚШ-қа қарсы шығады».

«ЕҚЫҰ-ға таңым бар. Украинаның шығысындағы хунта мыңдаған адамды өлтіріп жатыр. Малайзиялық «Боинг» ұшағын да атып құлатқан солар. Әлде мен қателесем бе? Анығы, орыс әлемін неғұрлым жеккөрген сайын, соғырлым бауырлас орыстар күшейе түседі. Ал жақын уақытта олар әлемді билейтін болады. Сонда ғана әділдік орнайды».

«Ұлтшылдар елдің санасын улап жатыр. Әсіресе, жастардың…Орысты жексұрын қылып көрсету үшін насихат жүргізуде. Ұлтшылдарға АҚШ жетекшілік етеді. Аштық тақырыбын жақсы пайдаланып отыр. Айталық, сол кезге жүйе, орыстар қазақтарды қырған дейді…Мұның бәрі өтірік. Өтірік! Тарихты бұрмалау».


969754_552568481477560_372815262_nЕрлан ЕСЕНАЛИЕВ: 

«ОРЫС ТІЛІНІҢ ТӨҢІРЕГІНЕ ТОПТАСУ КЕРЕК»

«5 институттық реформ». «100 қадам», «Қазақстан-2050», «Нұрлы жол». Атауы айғайлап тұрған идеялар мен бағдарламаларды біздің еліміз тек «орыс әлемімен» біріккенде ғана жүзеге асыра алады. Ресейсіз бұл бағдарламалардың бірде бірінің мәні жоқ, әншейін лозунг ретінде қалады».

«Егер тұтас ТМД кеңістігінде ресейлік RT спутниктік телеарнасын алдымен 2 айға таратып, артынша бір кезгі КСРО құрамында болған елдерде Ресейдің құрамына өту туралы референдум жүргізер болсақ, нәтижесі мынадай болады: алғашқы екі айда Қазақстан халқының 80 пайызы Ресейге қосылуға келіседі. Ал хабар таратуды 6 айға ұзартар болсақ халықтың 95 пайызы Ресей құрамына қосылуға ниет танытады».

«Айтыңыздаршы қазақ, қырғыз, өзбек сияқты этностар өз тәуелсіздігінің 25 жылында адамзатқа пайдалы қандай да бір жаңалық ашты ма? Қазақ, өзбек, қырғызға тиесілі жетістіктердің 98 пайызы орыс интеллектісінің жемісі. Орыс интеллектісінің көмегімен қазақтар ХХІ ғасырға енді. Біз орыс өркениеті мұраға қалдырған дүниені пайдаланып келеміз».

«Таң қаламын. Неге Қазақстаннан орыстар көшіп жатыр, ал олардың орнына оралмандар келуде…Неге? Бүгінгі Қазақстанды оның өндірісін тұрғызған орыстар. Олар бар қиындықты бізбен бірге көрді.  Қазіргі оралмандардың бабалары қиын сәтте басқа елге көшіп кетті. Орыстар неге қазіргі оралмандардың бабалары сияқты көшіп кетпеді? Қазақстандағы өркениетті жасаған да, құрған да орыстар. Ал оралмандар дайын дүниеге келді».

«Мен қазақ ұлтшылдарын батыс-украиндық Бандеровшыларға ұқсатамын. Қазақ және украин ұлтшылдарын англо-американдық трансұлттық корпорациялар, қорлар, олигархтар қаржыландырады. Олар Қазақстан тәуелсіздік алған тұста пайда болды…».

«Орыс ұлты – күллі Еуразия халықтарын ортақ геоөркениетті кеңістікке біріктіретін ұлт. Орыс дегеніміз бейбітшілік бастаушысы, әділеттілік пен дамудың жолбасшысы».

«Біз алып «орыс әлемін» қалай сақтап қаламыз, білесіздер ме? Ол үшін Ресейдің, орыс тілінің төңірегіне топтасуымыз керек».


кайрат байгереевҚайрат БАЙГЕРЕЕВ:

«АЛАШОРДАЛЫҚТАР – ҚОРҚАҚТАР»

«Георгий лентасы «орыс әлемінің» символы. Орыс әлемі дегеніміз не? Біріншіден, бұл этникалық түсінік емес. Бұл тұтас өркениет. Яғни, бұл әлемді орыстың балалайкасы, «березкасы» немесе орыс балетімен шектеуге болмайды».

«Орыс әлемінің идеологиясы бірінші кезекте – православия. Яғни, дін.  Кеңес үкімет православты болатын… Сондықтан да біз бір кезгі КСРО азаматтары ұлттық немесе діни ерекшелігімізге қарамастан болмысымыз бір. Біз христиандық құндылықтар жүйесінің өкіліміз».

«1945 жылдың 30 сәуірінде Рақымжан Қошқарбай және орыс солдаты Григорий Булатов Рейхстагқа ту тіккенде қазақ қайта туды. Сол кезден бері біз орыс әлемінің ажырамас бөлігіне айналдық».

«Бүгін кейбіреулер орыс әлемін тықсырғысы келеді. Біздің жерде…Батыс иделогиясы басып барады. Орыс тілі де қысым көруде. Іс-қағаздарды латыншаға көшіру де орыс өркениетін ысырудың бір жолы. Мынаны түсініп алу керек: орыс өркениетін жоғалтып алсақ қазақ деген ұлттың өзі құриды. Біз әншейін «азаматтық қоғамға» айналамыз».

«Алашордалықтар бұл большевик Амангелді Имановты сатып кеткен қорқақтар, алаяқтар. Міне, бүгінде олар күллі қазақ халқының арманы мен эталонына айналған. Тарихты бұрмалау жүріп жатыр. Кеңес одағы болмаса яғни, ұжымдастырудан, тың игеруден және басқа тектоникалық өзгерістер кезеңінен өтпесе қазақ ұлт ретінде қалыптаспас еді.

Ал алашордалықтардың біздің ұлтқа еш қатысы жоқ. Қайдағы бір Бөкейхановтың суреті қазір барлық мектепте ілініп тұр…Сонда орыс әлемі қайда?!».

«Қазақ тілін білу туралы талап қою мәдениетсіздік пен білімсіздіктің белгісі. Мұндай талапты көп жағдайда ой-санасы, білім деңгейі шектеулі, тек қана қазақша сөйлей алатын адамдар қояды. Мұса пайғамбар еврей тілін білген жоқ, бірақ өз миссиясын орындап кетті…».

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ

http://www.dalanews.kz/sadak/opasyzdar/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз