Елімізде жетім балалар саны азайып келеді

0
1011
1
Жыл сайын елімізде жетім балалардың саны 1500-ге азайып келеді.
Бұл туралы балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Забира Оразалиева хабарлады. Қазір Қазақстанда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 32000 бала бар. Олардың 9000-ы интернаттарда тұрып жатыр. Кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын ұйымдастыруға да көп көңіл бөлінуде. Балалар 3 айға арнайы лагерлерге жіберіледі.
«Боровичок» лагерінің ашылғанына 25 жылдың жүзі болды. Жыл сайын мұнда астаналық балалар үйінің тәрбиеленушілері келіп демалады. Олардың тынығып, спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Әр бала отбасында тұрады. Лагерде балаларға түрлі көңіл көтеру шараларымен қатар соңғы қоңырау мерекесі де ұйымдастырылады.
Бұл балалар жыл сайын осында келіп тынығады. Таза ауа, жасыл орман, түрлі спорттық шаралар. Бір отбасының баласындай тәрбиеленіп жатқан бұл балғындар үшін табиғат аясында демалу үлкен қуаныш. Тіпті интернат табалдырығынан аттап, үлкен өмірге қадам басқан жеткіншектер де жаз түсе осы жерге келуді әдетке айналдырған.
Анна Вайдурова, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
– Маған осы жерде өте ұнайды. 3 жастан келіп жүрмін. Түрлі концерттер ұйымдастырылады. Оқуымды бітіріп, болашақта тәрбиеленуші болып осында жұмысқа келемін.
Біздің түсірілім тобы балалардың оқу жылын қорытындылау салтанатының куәсі болды. Түрлі сайыстарда жүлде алғандар марапатталды. Биыл мектеп бітірген 34 түлекке куәліктері табысталды. Олардың қатарында үздіктер де аз емес. Оқу озаттары мемлекеттік гранттарға ие болған. Бұл балалардың тағдыры үнемі бақылауда, – дейді білім басқармасындағылар.
Эльмира Суханбердиева, қалалық білім басқармасының басшысы:
– 25 жасқа дейін олардың тағдырын міндетті түрде қадағалаймыз. Бізде оқуға түспейтін балалар жоқ. Балалар үйінің ішінде квоталарымыз, әкім гранттары бар. Арасында жақсы оқып, өздері грантқа түсетіндер бар.
Қуантарлық жәйт, елімізде жылдан жылға жетім балалар саны азайып келеді. Өйткені жәудіркөздерге жан жылуын сыйлап, отбасылық мейірімге бөлеуге ниет білдіргендер қатары артқан.
Забира Оразалиева, ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы:
– Жыл сайын 2500 мың бала жетім қалып жатыр. Ал 3500-4000 бала осы санаттан шығып жатады. Жыл сайын 1500-2000-ға азайып тұрады.
Мамандар бұл үрдіс жалғасын табатынына сенімді. Бұлай болған жағдайда елімізде жетімдер үйлері мүлдем жабылып қалуы да ғажап емес.

Авторлары: Дариға Ташенова, Дәурен Жұрхабаев

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/69945-zajyp-keledi

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз