Маңғыстауда бір жасар сәби дәретхана шұңқырына құлап кетіп, жазымнан жан тапсырды.
Қайғылы оқиға Мұнайлы ауданының Атамекен ауылында болған.
Бүлдіршін аулада ойнап жүріп, есігі ашық тұрған әжетханаға абайсызда түсіп кеткен. Баланы шарқ ұрып іздеген анасы бірер сәттен соң қызды дәретхана астынан табады. Туыстары шығарып алғанда сәбидің денесінде жан болмаған. Жедел жәрдем жеткенімен, көмектесе алмапты. Бұл Маңғыстауда болған бірінші жағдай емес. Жыл басынан бері екі бала осылай құдыққа құлап, ажал құшты. Дәрігерлер мұның бәрі ата-аналардың салғырттығынан дегенді айтады.
Камиш Хасанов, Мұнайлы аудандық жедел жәрдем бөлімшесінің дәрігері:
– Біз барғанда сәби жан тәсілім етіпті. Бала нәжіске тұншығып қалған болуы керек. Соңғы кездері бүлдіршіндердің қатысуымен осындай оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Бұл ата-аналардың салғырттығынан. Сондықтан баланы көзден таса қылмай, абай болған абзал.
Әлия Шермағамбетова, облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекшісі:
– Бұл – абайсызда болған оқиға. Кішкентай нәрестенің ата-анасы екеуі де Ақтау қаласында орналасқан сауда базарында жұмыс атқарады екен. Сонымен бірге бұл жерде ешқандай істе қылмыстық сипат жоқ делініп отыр. Қазіргі таңда біздің тарапымыздан, яғни полиция қызметкерлері барлық тергеу-тексеру амалдарын жүрзізді.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-i-a/item/69993-yryna-lap-k-z-zh-mdy