Бүгінде статистикалық мәлімет бойынша бір жыл ішінде отау құрғандардың үштен бірі ажырасып кетеді.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Ажырасу көбейгелі, елімізде жастар отау құрмастан бұрын психологтардың арнайы қабылдауынан өтіп барып қана үйленуі тиіс дейді мамандар. Айтуларынша, бұл бастамаға билік тарапынан да қолдау керек. Елімізде күннен-күнге ерлі-зайыптылар арасындағы жаға ұстатар оқиғалар шектен тыс көбейіп келеді.
Ғаламтор бетіндегі мәліметтер бойынша, соңғы бес жылда Қазақстанда 700 мыңға жуық отау тігілсе, оның 200 мыңдайы ажырасып үлгерген. Некеге тұру үрдісі арта түскенімен, ажырасқандар да одан қалысар емес. Ал бүгінгі ақ некелі жастар кінәні ә дегенде өзінен емес, өзгеден іздеуге құмар дейді психолог маман.
«Анау кінәлі деп еркек әйелді кінәлайды, анау кінәлі деп әйел еркекті кінәлайды. Сонда әй сіздер ересек адамсыз ғой, ең болмаса бір пайыз сіздің кінәңіз бар ма екен, сіздің үлесіңіз бар ма екен деген сұрақтан бастаймыз», — дейді психолог Анна Құдиярова.
Бүгінгі қоғамда мына гендерлік саясат әйелдерді табиғи жаратылысынан ауытқытып жатыр
Не себепті ерлі-зайыптылар имандылықтан алыстап, жауапкершіліктен қашады. Отбасының бұзылуына көп жағдайда бір-бірін алдап, өзара сенімнен айырылуы да себеп. Дін өкілдері шаңырақтың шырқының бұзылуына бүгінде халықтық сипат алған гендерлік саясаттың да кесірі тиюде деп отыр.
«Бүгінгі қоғамда мына гендерлік саясат деген нәрсе әйелдер мен еркектер тең дәрежеде деп әйелдерді табиғи жаратылысынан ауытқытып жатыр», — деп есептейді Алматы қаласы Таугүл-3 мешітінің бас имамы Нұржан қажы Таласұлы.
Ғаламтор арқылы танысып басын тауға да, тасқа да соғатындар жетерлік. Қоғамда ер мен әйелдің өзіндік орны бар. Бұл ретте психологтар отау құрғысы келген жастар үйленбестен бұрын арнайы психотерапиядан өтіп, саналы түрде дайындалу керек дейді және бұған үкімет тікелей жәрдемтесуі тиіс.
Соңғы бес жылда Қазақстанда 700 мыңға жуық отау тігілсе, оның 200 мыңдайы ажырасып үлгерген
«Отбасы құрамын деп некелесуге барған кезде екі ай, үш ай психолоқа барғын, психотерапиядан өт. Өзіңді дайында отбасыда біреуің соны басқаруың керек деп. Соған біз міндетті түрде жіберуіміз керек-ау деймін», — дейді психолог Анна Құдиярова.
Бүгінде отбасы бұзылуының 3 толқыны бар. Соның ішінде көп үлесті үйленгеннен кейінгі 5 жыл ішінде ажырасып кететіндер алады. Күйдім, сүйдім деген махаббаттан бұрын сенім мен сыйластықты сақтап қалғандар ғана өнегелі отбасы болады дейді мамандар.
Источник: 31 канал