Әдемілік әлемді құтқармайды

0
440

«Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек…»

Абай

 Хикметті хикая

Шығыс әфсанасынан әлқисса. Жұрттың мүлкі мен жерін жаулауды әдетке айналдырған патша екі нөкерін екі ауылға тыңшылыққа жіберіпті. Ниеті әдеттегідей: бейбіт елді бағындыру. Басшы бұйырды. «Жаппарқұлда жан бар ма?» Тыңшылар тыным таппайды. Халықты ханға бағынышты ету үшін еңбектенеді. Адамнан айла асқан ба? Үлкен теректі құлатуға кішкентай құрт та қауқарлы. Талдың діңін кемірсе болғаны… Құламағанда қайтсін? Бұлқынған бұқаны да бағындыруға болады. Мұрнынан қысып ұстасаңыз, қалай жетектесеңіз солай жүреді. Мәселені мұрын арқылы шешу оңай. Сонымен әлгі екеу жергілікті жұрттың әлсіз тұсын осындай әдісті пайдалану пиғылымен зерттеу жүргізген көрінеді. Көрген-білгені жайлы ханға есеп беріпті. «Хан ием, мен барған ауылды алу қиын емес. Қыздары қылықсыз. Шалыс қадам басқан әйелге «әй» дейтін еркек жоқ. Дуалы ауыз ақсақал да қарасын көрсетпеді. Тәрбиесі жоқ елді еш кедергісіз басып аламыз», – депті бірінші тыңшы. Екіншісінің салы суға кетсе керек. «Мәртебелі хан ием! Сізге жағымсыз жаңалық жеткізуге мәжбүрмін. Баталы елдің баласы дәстүрге тиянақты, тәрбие көрген. Әйелдері күйеуіне адал. Бөтен біреумен беталды әңгімелеспейді. Салтқа сақ. Күйеулері де солай. Қыздарды қалай азғырудың айласын таппадым. Бәрі әуретін жапқан әулеттен. Шараптан алыс. Рухани құндылығын құлатпаған елді өзімізге қарату қиын», – депті ол.

Хикаяның хикметі мол.

6QSf7r5RX9RzdVSHn9h669PM5nTt4Z

«Қазаннан қақпақ кетсе…»

Қолға қалам алуға интернеттегі (сілтемеден қараңыз: http://news.nur.kz/207049.html – А.Қ) ақпарат түрткі болды. Қазақ қызының айдай әлемге аты (жақсы жағынан болса бір жөн) шықты. Оны орыс басылымдары жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазуда. «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызымның» кері келгендей. Халықаралық сән байқауларына қатысқан қыздар арасында рейтинг жүргізіліпті. Женсікқұмар 500 қыздың ішінде 25 арудың жұлдызы «жанған». Жұлдызбен ауырған арудың ішінде жерлесіміз Жанна Жұмалиева да бар.

«Ауру қалса да, әдет қалмайды». Қазір бұл мақалдың жаңа түрі пайда болған. «Әдет қалса да, агент қалмайды». Интернеттің «игілігін» (өкінішке қарай, кері әсерін тигізуде) пайдаланып жатқан жастардың осы ақпаратқа қатысты пікірін оқып шықтық. 222 адам (бәрі 18 бен 25-тің аралығындағы жастар) көзқарасын білдірген. Оның арасынан мынадай сөйлемдерді оқып қалдық: «Нағыз қазақ қызының бейнесі. Маған өте ұнады. Жанна, жарайсың. Жарайсың, қазақтың қызы. Мен мұндай қазақтың қызымен мақтанамын», т.б. Мұны намыс көрмейді. Қайта онымен мақтанады. Бұл – ұстанымы жоқ ұл мен қыздың санасында қалыптасқан көзқарас. Бұдан басқа да пікірлер бар. Мәтіні мынадай: «…Әлемге мазақ болған қыздың қай жері мақтауға тұрарлық? Бұл кәдімгі «төсектес болуға кім жақсы?» деген байқау емес пе? Не масқара? Жанна Қазақстанда емес, Моңғолияда тууы керек еді. Біздің елде бұдан да сұлу қыздар жеткілікті. Олар мұндай байқауларға қатыспайды. Бұл «қыздың» әке-шешесі батасын беріп жетіскен екен…», т.б.

Соңғы сөйлем жайлы. Әке-шеше, ағайын-туыс, жөн айтар ақсақал мұны ар көрмеген соң, оған не дей аламыз? Азды-көпті құрметі бар, біреуге әже, біреуге әпке, ақыл айтатын жастағы апамыз шешініп жатқанда жастарға не уәж айтамыз. Мұндайда қазақ: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», – деп қысқа қайырған. Соның заманы қазір.

cHf8hI1Sl5P2S4DY6wX5lRUD4E846N

Ұрланған балалық

 Сәбиді сәнгер ету етек алды. Балалар сән агенттігі деген шықты. 12 жасқа дейінгілерді қабылдайды. Жуырда Алматыда Baby Star of Kazakhstan деген атаумен екінші республикалық балалар байқауы өтті. Жеңімпазы қазақтың қаракөздері – Айтжан Мұқатаев пен Томирис Жанәлі. Тағы бір дерек: «Әлемнің кішкентай мисі – 2008» халықаралық байқауының жеңімпазы – алматылық Сәбина Шәріп.

Өткен жолы Андрей Малаховтың «Пусть говорят» ток-шоуында осы мәселені көтерді. Бағдарламаға қатысқан белгілі журналист Максим Шевченко: «Жас миссистерді қолдан жасау – балалықтың жоғалуына, қоғамның сұрқайлануына әкеп соғады, бұл – рухани азғындаудың басы», – деді.

Елдің назарына іліккен кішкентай мисс қыз өсе келе еркекті өзіне елітудің қам-қарекетіне көше бастайды. Әуретін көрсетіп болсын жұрттың назарын өзіне аударады. Оны саналы түрде жасамауы мүмкін. Алайда киім киісі, жүріс-тұрысы арқылы танымал болудың тың әдісін сіңіре береді. Сөйтіп, ерте есейген ару жұлдызбен ауырады.

Баланың балалығын пайдалану (суретін сату, байқауға қатыстыру, т.б.) ата-ана үшін де табыстың көзі. Бизнесті басшылыққа алады. Себебі, сән әлемі бұл қатал бизнес. Аса жоғары тәуекелді талап етеді. Ол үшін «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген мақалдың мағынасын «майыстып», қалауына қарай керісінше пайдалануға тура келеді…

Әдемілік әлемді құтқарады деген сөз бар. Осы сөздің құнын кетіріп алғандаймыз. Әдеміліктің аясына көп нәрсе кіреді. Мағынасы терең. Жан сұлулығынан тән сұлулығын жоғары қоямыз. Әдемілік әдепсіз әрекетке ұласуда. Зинақорлыққа. Ал пайғамбар даналығында айтылғандай, зина жасау былай тұрсын, оған жақындататын нәрселерден аулақ болу қажет-ақ. Профессор Владимир Ждановтың мына бір сөзін мойындамасқа лаж жоқ: «Адамзаттың дұшпандары (өз ішінен шыққан) адам ұрпағын бақытсыз ету үшін екі нәрсе ойлап тапты. Олар – маскүнемдік пен зинақорлық».

 P.S. Бұрнағы күні Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі арын таптатып, тәнін саудалағандардың санын жария етті. 4 мың! Бұл ресми тіркелгендер. Бейресми бойжеткен тағы бар… Сәнгер «сұлулар» зинаның есігін айқара ашып, жастарды жапатармағай еліктіруде. Жыныс әрекетіне күйрек қыздың қылығы, Алла сақтасын, жезөкшеліктің алғашқы «жемісі» емей немене? 

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы

http://www.dalanews.kz/dalanews/ademilik-alemdi-kutkarmajdy/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз