Намыстыны намыссыздар аяқтан шалған заман…

0
590

kazakh16_187313740Шаш ал десе, бас алатын полицейлер астаналық Жандос Құрманбаевқа 400 000 теңге айыппұл салуға хаттама толтырыпты. Өйткені Жандос Генадий Головкиннің жеңісінен кейін өз үйінің балконына мемлекеттік туды іліп қойған екен. Сондағы құзырлы орган қызметкерлерінің таққан айыбы заң бойынша мемлекеттік символды қолдану ережесін бұзған-мыс. Міне, масқара.

Астана әкімдігінің ішкі саясат басқармасының сараптама, бақылау және әдістемелік жұмыс бөлімінің жетекшісі Гүлжан Елубаева айыппұлдың заңнама аясында салынғанын осылайша түсіндіріп отырған көрінеді. Оның айтуынша тұрғындарға «Мемлекеттік символдарды заңсыз қолдану» бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл салынуы тиіс екен. Заңнамалық түрде бекітілген белгілі бір ережелер бар», — дейді Елубаева. Ал, Заңда Қазақстанның Мемлекеттік туын өзге ғимараттарға немесе бөлмеге олардың қожайындарының қалауы бойынша ілуге болатыны қарастырылған. Ал, Жандос бауырымыздың көк туды балконынан желбіретіп іліп қоюуы нағыз патриоттың ісі, еліміздің рәміздеріне деген құрметі деп бағалануы керек емес пе еді. Бұл қадам жалған ұранға бой алдырып бара жатқан жастарымызға үлгі болатын іс емес пе. Нағыз азамат! Ал, заңды түсінбейтін заң адамдарының сауатсыздығынан осылайша ұлттық рухымызға сызат түсуде.

Егер полицейлер мықты болса, Қазақ елінде жүріп, өзінің тарихи отанының туын көліктерінің ішіне жалаулатып іліп алатын басқа диаспора өкілдеріне неге шектеу қоймайды? Көлік Қазақстан Республикасында тіркелген, өзі Қазақстанның азаматы. Бұған келгенде, «олардың өз көліктері, ішінде не істесе де өздері біледі. Заң оны шектей алмайды», деп жауап қайырады. Ал, қазақ баласы өз үйінің балконына көк туымызды мақтанышпен, өр рухпен іліп еді жау тапқандай жабылып жатыр. Әкімдік қызметкерлерінің де қолындағы Заңды оқымайтындары, білмейтіндері белгілі болып қалды. Ұлттық рухы жоқ, надан, құлдық сананың тар шеңгелінде әбден тұншыққан ұлттың ұрпақтары ғана бір-біріне осылай жасайды. Қашан да көкірегі ояу, көзі ашық, намысты ұлдардың етегіне жармасып, балағынан тартады. Дәл осындай көріністер қайталана берсе, қазақтың керегесі кеңімейтіні анық.

«Көк ту – әрбір шаңырақтың төрінде, әрбір мекеменің төбесінде ілініп тұруға тиіс. Көк туды қадірлеу арқылы рухымызды оятамыз. Ұлттық санамызды қалыптастырамыз. Мемлекеттік рәміздер – біздің ұлттығымыздың көрінісі, айшықты белгісі», деп насихаттайтынымыз рас. Бірақ, осындай рухты қадамға барған азаматтарымызды жазалаймыз. Бұл қалай?! Мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарайтын Түркия, Қытай сияқты елдер бүгінгі мына біздің әрекетті естісе естерінен танғанша күліп, бұл қандай ел, деп одырая қарайтын шығар. Өзінің мемлекеттік туын желбіретуге өз азаматтары, тіпті мемлекеттік органдары шектеу қойып жатқанын, жазалап жатқанын білсе не ойлайды екен? Ұзын сөздің қысқасы намыстан жұрдай болып барамыз. Намыстыны намыссыздар аяқтан шалған заман…

Әлімхан Азанғали

http://qiyan.kz/?p=3739

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз