Алматылық жүргізушілер айыппұл төлемеудің жаңа айласын тапты

0
442

Алматылық көлік жүргізушілері жаңа айлаға көшті. Олар мобильді қосымшада арнайы топ құрып, қаланың қай бөлігінде кептеліс, қай тұста камераның жасырынғанын бір-біріне таратуда. Сол арқылы қомақты айыппұл арқаламаудың әдісіне көшкен.

жургизуши

Қапыда қапталдан келіп, ала таяғын нұсқай салар сақшылардан қорғанудың тың тәсілі пайда болды. Белсенді көлік жүргізушілері «Viber»-де арнайы топ құрып, қалада орналасқан бейнебақылау камералары, жаңа құрылғы «КРИС-П» турасында, тіпті қай көшеде кептеліс болып жатқаны жайлы ақпар беруде.

Қазір мобильді қосымшадағы бұл топқа 2 жарым мың жүргізуші тіркеліп үлгерген.

«Барлығы айыппұлдың артуынан басталды. Біз қай жерде кептеліс, Крис-П тұрғанын біле алмадық. Сондықтан досым екеуміз арнайы топ ашқанды жөн санадық. 1 айда осы топқа мүше болғандар саны 2 жарым мың адамға жетті», — деді «Almaty Drivers vs Крис П» тобын құрушы Әділхан Испамбетов.

«Viber»-дегі тың үрдіске көптеген көлік жүргізушілері дән-риза. Олар бұл идеяның қолайлы екенін айтады. Осы тұста, аталған топқа жеке мәселелерді тізбектеуге болмайды. Тек, көлік қозғалысына, жол жиегіндегі бақылау құрылғыларына қатысты ақпар жазылу тиіс.

«Мен Almaty Drivers vs Крис П тобындамын. Қалада жүргенде өте ыңғайлы. Кептелістер, жол көлік оқиғаларын біліп отырамыз.Үйден шықпас бұрын, хабарламаларды бір қарап шығамын», — деді көлік жүргізушісі Дәурен Асылханов.

Қаперде болса, биыл көктемде Алматыда үш аяқты «Крис-П» құрылғысы пайда болған еді. Қазір қалада осы бақылау құрылғысының 10-ы бар.

Жаңа жабдықтың ерекшелігі — олардың 10-ы бар-жоғы 3 айда 8 мың заң бұзушылықты анықтай алады екен. Бұл қарапайым камераларға қарағанда 6 есеге артық.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз