Е. Қарин: Орта Азияның саяси хал-ахуалы айтарлықтай көңіл бөлуді талап етеді

0
444
8
Бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Ф. Эберт қорының Орталық Азиядағы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Жаһандық трендтердегі Орталық Азия» атты халықаралық конференция басталды, – деп хабарлайды BNews.kz.Қатысушылардың айтуынша, халықарлық жағдай күрт өзгеретін қазіргі кезде шешімі қиын саяси-экономикалық проблемаларды реттеуде «жаһандық және аймақтық үдерістер» деген ұғымдар негізгі факторлардың қатарына жатады. Осыған байланысты сынақтар мен қауіп-қатерлерді талдауда сарапшылар бағасының ролі артып келеді. Сондықтан конференцияға қатысушылар әлемдік саясат пен экономикаға Орталық Азия тұрғысынан тереңірек үңілуді көздеп отыр.

«Орта Азияның саяси хал-ахуалы бүгінгі уақытта айтарлықтай көңіл бөлуді талап етеді. Су ресурстарына да қатысты мәселелердің шешімін табу үшін жұмыс істеу қажет. Сондықтан бұл жағдайларды қарастыруға осындай сарапшылық отырыстардың маңызы зор. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, дипломатиялық және үкіметаралық деңгейдегі кездесулермен қатар сарапшылардың да басын қосқан дұрыс. Бұл түрлі деңгейде өтіп жатқан мемлекетаралық кездесулерді қолдау үшін өте қажет. Сарапшы мамандардың қашанда болмасын алда жүретіні белгілі. Олар түрлі болжамдар жасап, туындауы мүмкін қауіптің алдын алады. Түрлі тәуекелдер мен дауларға да тосқауыл болу үшін сарапшылық отырыстардың маңызды екенін уақыт көрсетті. Сарапшылар тиімді ұсыныстар беру арқылы өздерінің отырыстарының нәтижелі екенін дәлелдеуде. Бүгінгі сарапшылық отырыс аймақ үшін өте маңызды тақырыпқа арналып отыр. Сондықтан өзінің тиімді қорытындысын берері анық», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Е.Қарин.

Конференцияның ашылуында сөз алған ҚР Президенті көмекшісі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев Орта Азиядағы лаңкестік әрекеттер тұрғындардың үрейін алып отырғанын жасырмады.

«Орта Азия аймағында түрлі діни мәселелер күрделеніп келеді. Мәселелердің күрделене түсуіне салафизмдік топтар мен Таблиғи жамағат ұйымдарының ықпалы бар. Бұл мәселенің шешімін табу үшін Қазақстан Орта Азиядағы мемлекеттермен бірлесе жұмыс жасауды қалайды. Өз тарихында Қазақстан радикалды исламнан бойын аулақ ұстаған. Біздің жерімізде бұрын-соңды мұндай діни қауіпті жағдайлар кездеспеген. Ел аумағында бұрын болған тәңіршілдік, зоорастризм секілді сенімдер мен қазіргі ислам дінінің ханафиттік мазхабы халықтың мәдени-рухани дамуына өз әсерін тигізді. Ал, кейінгі уақытта пайда болған түрлі ағымдар халықтың үрейін алып, лаңкестік қауіпке итермелеп отыр. Көрші аймақтардан лаңкестік қауіптің бар екені жасырын емес. Сириядағы жағдайға қазақстандықтардың қатысуы осының айғағы. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлімдеуінше, бүгінгі күні 300-дей қазақстандық ИШИМ-нің қатарында соғысып жүр. Халықаралық беделді ислам ұйымдары ИШИМ-нің ислам дініне ешқандай қатысы жоқ екенін айтуда. Бірақ халықтың санасын улау арқылы өздеріне бағынышты етіп алған лаңкестік ұйымдар жұмыстарын тоқтатар емес. Таяу Шығыстағы жағдайлар, Ауғанстандағы хал-ахуал мен Ирак, Сирия жеріндегі лаңкестік әрекеттер біздің бірігіп жұмыс істеуімізді талап етеді. Сондықтан аймақтың қауіпсіздігі үшін осындай сарапшылық отырыстардың маңызы зор», – деді Н.Ермекбаев.

Айта өтейік, конференцияға Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Ресей, Қытай, Иран, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия елдерінің сарапшылары және ҚР мемлекеттік органдары мен Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Конференция өз жұмысын бүгін кешке аяқтайды.

BNews.kz

Е. Қарин: Орта Азияның саяси хал-ахуалы айтарлықтай көңіл бөлуді талап етеді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз